Қалиакпар Әбілдин. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын



жүктеу 76.62 Kb.

Дата05.03.2017
өлшемі76.62 Kb.

Қалиакпар ӘБІЛДИН. 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын 

К ө к т е м і м  ж о қ , 

жазым өтті, 

күз  к е л д і . . . 



Табаныма қадалған шөгірлерге әрдайым, 

Тосушы еді жан анам, тосушы еді маңдайын. 

Өзі аш құрсақ жүрсе де, сонау соғыс жылдарды, 

Жалғызы үшін тұратын сусыны мен нан дайын. 

Ойламайтын тірліктің рахаты мен жағдайын, 

Отыратын жайраңдап, арманы жоқ жандайын. 

Журегінің шоғынан жігер отым тұтанды, 

Лапылдамай қалайша, мен  қалайша жанбайын ?! 

Әлі есімде, қолына келін әкеп қондырғам, 

Қуанғаннан орнынан он отырып, он тұрған. 

Сол алғашқы аңсаған шаттығынан ес кетіп, 

Тоқтап қалды бір сәтке ана-жүрек болдырған. 

" Қайтсын байғұс, бірдей ғой,  қуану мен қорыққан, 

Есі шықты-ау, келгендей жалғыз ұлы жарықтан ". 

Дуылдасты әйелдер, бетіне оның су бүркіп, 

" Арманы, - деп, - көн күткен, сарғаюмен торыққан ". 

Үкіледі үмітін, үмітімен кенелді, 

Бір Алладан тілеумен сәби күтті ол енді. 

" Келініңнің бойында бірдеңе бар " - дегенге, 

Сүйіншісін аямай,  қуанышқа кенелді. 

Қолға алғанда ең алғаш, немересін-тұңғышын, 

Көргеніндей шаттанды көк аспанда күнді шын. 

" Қатып қалған тұяғым жібісін ", - деп жан анам, 

Сары майдың бір қарын ерітіпті күллісін. 

" Арманыма жеттім ", - деп, күндіз-түні тойлаған, 

" Әндірәйлап " бесік жыр әндетуден тоймаған. 

Сол күні алса Аллаға ризалығын айтумен, 

Отыратын жан-анам, көзінде нұр ойнаған... 

Көп созылмай қуаныш, төтенше дерт жабысты, 

Соңғы демі біткенше өмірі үшін алысты. 

" Қысқа тілеу неліктен тіледім ?" - деп өкіне, 

Қайран Ана мәңгіге қара жермен табысты. 

Естімейсің сен бүгін жалған дүние дабырын, 

Жарты ғасыр өтіпті, жалғыз белгі қабірің. 

Еміренген немерең аумай өсті өзіңнен, 

Сен сипаған сезеді алақанның қадірін. 

Аналарға жолықсам, шаттық болып өрілген, 

Құт-береке жайғасып, отырғандай төрімнен. 

Әлдилерін естісем, немерелер тербеткен, 

Ыстық жас кеп көзіме, анашымдай көрінген. 

Тағы бір жыл өтті, келді жыл тағы да, 

Арман құс қонғандай жансарай бағына. 

Аңсаймыз, ойлаймыз,  қимаймыз, іздейміз, 

Алаулы, арайлы күндерді сағына. 

Тағы бір жыл өтті, келді жыл тағы да, 

Біреудің соры ма, біреудің бағы ма ? 

Біреудің көз жасы төгіліп тұр ма екен ? 

Біреудің қуаныш, салтанат шағы ма ? 

Самалы саумал жел қайда ? 

Жайлауы жасыл бел қайда ? 

Қуанышы - шалқар, ақ айдын, 

Сауықшыл сайран ел қайда? 

Жаныңа жұмақ жер қайда ? 

Еңбекпен аққан тер қайда ? 

Еліне пана ержүрек, 

Еңсесі биік ер қайда ? 

Арайлап атар таң қайда ? 

(Үміттің оты жанбай ма ?). 

Жүрегі жалын жан қайда ? 

(Сыймай ма олар маңдайға ?). 

" Мықтылар" алып параны, 

Нарығы қысып барады. 

Алу мен сату Заманның, 

Бүгінгі  қару-жарағы. 

Уланған жерім жаралы, 

Езілген ел-жұрт қаралы. 

Өз байлығы өздерін, 

Шаяндай шағып барады. 

Ауыздан жырып майлы асын, 

Көріп жүр қулар пайдасын. 

Халқының мұңын шертетін, 

Махамбет ақын,  қайдасың? 

Асырды жаттар айласын, 

Ер біткен серттен тайғасын, 

Кенесары, Исатай, 

Датулы Сырым,  қайдасың? 

Қазағым, жұртым жайнасын, 

Телміріп, қолын жаймасын. 

Еркіндік туын ұстайтын, 

Ержурек ұлдар, қайдасың?! 

Тағы бір жыл өтті, келді жыл тағы да, 

Үміттер, күдіктер тасыған ағыла. 

Ақ мамық, ұлпа қар -  қанаты  қиялдың, 

Қарашы, күмістей кіршіксіз ағына. 

Тағы бір жыл өтті, тағы бір жыл келді, 

Алаулап өртеніп,  қызулы жыр келді. 

Келе бер, жылдарым, жаңартып, есейтіп, 

Жайнатып сай-сала, асқар тау, қыр, белді. 

Қош келдің, есейтіп арманшыл ерімді, 

Қош келдің, құлпыртып елімді, жерімді. 

Куаныш сыйлай бер кеудеме сыймайтын, 

Тарқатып жиналған мұңымды, шерімді. 

Тіршілік - даурыққан жиын емес, 

Тайталас, алыс, жұлыс, қиын егес. 

Топ жарып, айлалының аты озғанмен, 

Тағдырдан адалдықтың сыйын жемес. 

Тіршілік мансап болса, армандаған, 

(Таусылар мәз күндерің жайраңдаған). 

Тулаған толқынымен тұншықтырып, 

Тоқтамас, өтер, кетер қайран жалған. 

Тіршілік - атқан таңдар, шыққан күндер, 

Жұпарын туған жердің жұтқан күндер. 

Ұрланған шықылымен сағаттардың, 

Қадірін, қасиетін ұққан кімдер? 

Тіршілік - сыйластығы жақыныңның, 

Арайы жансарайдың, ақылыңның. 

Сәні мен салтанаты асқанымен, 

Көнбейді байлауына бақылыңның. 

Тіршілік - адалдықтың татымында, 

Сыналар атағың да, бақытың да. 

Кімнің-кім екені де анықталар, 

Дем біткен, таң махшардың уақытында. 

Көктемім жоқ, жазым өтті, куз келді, 

Қаһарлы қыс - күтіп тұр-ау, біздерді. 

Кім аңғарар, біздер жүрген жолдарды, 

Кімдер байқар, жылдар көмген іздерді... 

Әрбір күнім - ұшып жатқан жапырақ, 

Сән кеткендей, ән салмайды атырап. 

Әл кеткендей  қайың, терек телміріп, 

Тоңа ма екен ? 

Дірдектейді  қалтырап. 

Таптырмайды іздегенмен сабылып, 

(Табиғатқа бас иесің бағынып). 

Отырасың, 

Жас дәуреннің әзілін, 

Дұрысын да, бұрысын да сағынып. 

Жат болған соң өмір кешу жағынып, 

Кімге айтасың, 

Жан сырыңды шағынып ? 

Жайраң күндер, сайран күндер азаймай, 

Достарым-ау! 

Келсеңдерші ағылып! 

Достарым-ау! 

Келсеңдерші ағылып! 

(Отырмын ғой өздеріңді сағынып). 

Ашық жатқан көңілімнің есігін, 

Білсеңдерші, көрмегенін жабылып. 

Өлең - кие, жанымның тұмары едің, 

Дидарыңа нұрлы өмір құмар едім. 

" Адалдықпен парызды атқардың ба?" 

Талап қойып, үмітпен тұрады елім. 

Шуақ  құйған, кең байтақ бұла елім, 

Қуат берген, құлпырған құба белім. 

Маған тағдыр сыйлапты өлең-өмір, 

Жалбарынып Тәңірден сұрап едім. 

Топырағымнан нәр алған шынар едім, 

Қай қиынға салсаң да шыдар едім. 

Туған елдің ауасы, дауасынсыз, 

Қурап, құлап, тұншығып, сынар едім. 

Жол жатыр тарау-тарау сан алдыңда, 

Саналы азаматқа саналдың ба ? 

Өмірдің асау өзен толқынында, 

Су кешіп, өткеліңді таба алдың ба ? 

Қақтың ба қанатыңды қия шыңға? 

(Шегі жоқ жас ғұмырда қиялдың да). 

Үзілген үміттерді жалғауменен, 

Қуаныш жүректерге құя алдың ба? 

Терісті түзеу үшін таластың ба ? 

Қулармен әлде ауыз жаластың ба? 

Адалдық дос ниеттен іздеуменен, 

Сездің бе, дұшпан барын жар астында ? 

Мүжілмей  қасіретке,  қайғы, мұңға, 

Ар-Намыс танылды ма айбыныңда ? 

Балықтай еркін жүзіп жүрсің бе сен, 

Тұншықпай шулы дүние айдынында? 

Осындай ой мазалап толғанамын, 

Жыр қалам - медет,  қуат қолға аламын. 

Көрінсең биіктерден, шырқаулардан, 

Қырандай талмас қанат қомданамын. 

Құлпырған, құтыңдаған құлын едің, 

Ер жеткен азаматсың, ұлым менің. 

Арманның асау тұлпар жалын ұста, 

Бағалар шын жүйріктің құнын елің. 

Түсініңдер, жанымды түсініңдер, 

Ал, бірақ та, мүсіркеп аямаңдар. 

Зердең жетсе, ақылың, күшің егер, 

Адалдықтың ақ гүлін аялаңдар. 

Пәк ниетті мендегі ұғыныңдар, 

Мүсәпірлік көрсетсем аямаңдар. 

Ой-омартам, бал-шырын жұғыны бар, 

Тұл бағымды сейілдеп, саялаңдар. 

Бықсығаннан жанбайтын безініңдер, 

Үміттерді үзілген таямаңдар. 

Жүрегімнің жалынын сезініңдер, 

Өртенер деп бірақ та аямаңдар. 

Ғашық жанмын нұрлы өмір қайнарына, 

Қозы Көрпеш адаммын, Баяным бар. 

Жыр күмбездің Алтын Ай айдарына, 

Сүйсініңдер! 

Елжіреп таяныңдар. 

Салса да ажал бұғылықтап арқанын, 

Асау ұлын жеңе алмайды Арқаның. 

Тәнім өлер, жаным менің мәңгілік, 

Сүліктейін сорғанымен бар қанын. 

Арман  қуған адал жандар өле алмас, 

Тән солғанмен, Ар-Намысы көне алмас. 

Аялайтын, еркелетер ел барда, 

Адуынды Рухымды көме алмас. 

Туған елім, сені мәңгі қимаймын, 

Мендегі бар махаббатты сыйлаймын. 

Нұрлы дүние құшақ жайып тұрғанда, 

Оңайлықпен  қара жерге сыймаймын. 

Бақытымды  қарсы аламын жайраңдап, 

Дос тілекпен түлеп ұшам сайрандап. 

Жан сарайға жыр-көгершін ұя сап, 

Мен жүрермін ботақандай тайраңдап. 

Жер бетінде болса бір кез мазарым, 

Түңілмеңдер тарқағандай базарым. 

Дүрсілдеген жұдырықтай жүрегім, 

Қаныменен жазып кетер жазарын. 

Қуат беріп, кең далам, құба белім, 

Талай сүйеп тұрғыздың, құлап едім. 

" Қасиетімен қадірін білдің бе?"- деп, 

Құшақ жайып алдымда тұрады елім. 

Мөлдіреген сезімнің бұлағы едім, 

Желкілдеген, жайқалған  құрағы едім. 

" Маңдайыңнан сипаған самалымды 

аңғардың ба?"- дегендей тұрады елім. 

Жыр-долданың шу асау құланы едім, 

Ұлаңғайыр даламның ұланы едім. 

" Жандүниеңмен жарқырап жүрсің бе?" - деп, 

Сынай қарап үнемі тұрады елім. 

Ән сусын тал бойыңа таралады, 

Шымырлап қантамырға бара алады. 

Көмейден гауһар-маржан  құйылғанда, 

Әлемнің елжірейді бар алабы. 

Жеткенде  құлағыңа ғашық әні, 

Жүректер жүректерге асығады. 

Шомылған Ай нұрымен айдын келде, 

Қос Аққу бір-біріне асылады. 

Желпінтіп, еліктіріп ән самалы, 

Қонғандай арман құсы, аңсағаны, 

Жұпарын тәтті әуеннің жұта, жұта. 

Таңдайың  қайта-қайта тамсанады. 

Ән кейде нөсерлетіп, жауындатып, 

Ал, кейде екпіндетіп, дауылдатып. 

Ұшады, зеңгір көкте қалықтайды, 

Қырандай қос қанатын дамылдатып. 

Сұлулық нұрын шашып таралады, 

Сыр бұлақ жан дүниені аралады. 

Әншінің Әсем Әуен құдіретімен, 

Сауықты жүректердің жаралары. 

Көктемдер өтті гүл жауып, 

Жылдар да өтті жыл ауып. 

Сағынышындай сарғайған, 

Күздер де бопты-ау жылауық. 

Жүргендер кейде  қайқайып, 

Көктайғақ барын байқайық. 

Бүршігін жарса жас өскін, 

Қуана тілек айтайық. 

Таң атып, күн де шығар-ау, 

Қараңғы түнек ығар-ау. 

Көңілдің көгін бұлт басса, 

Жүрегің қалай шыдар-ау. 

Ұғынсаң бір сәт, досым-ай, 

Тіршіік кейде осылай. 

Сезімі мөлдір жандырдың, 

Жыртық та болса, қосы бай. 

Шаттанған, шапқылаған құлын едің, 

Тыңдашы жүрек сөзін, ұлым менің. 

Айшықты арманыңнан, мақсатыңнан, 

Кімсің сен? 

Бағаласын құнын елің. 

Өлсе  Қазақ, 

ұяттан өліп көрген, 

Мейманына бар дәмін бөліп берген. 

Шөлдегенге сабасын сарқып құйып, 

Жаяуласа, жетуге көлік берген. 

Талай, талай тағдыры жарытпаған, 

Тәуекелін сонда да арытпаған. 

Намыс үшін жарқылдап найзағайдай, 

Жасықтықты бойына дарытпаған. 

Айтар болса, тура айтқан, тоқтамаған, 

Досқа кеткен есесін жоқтамаған. 

Айбарланса, атшып арыстандай, 

Бірақ, ажал мылтығын оқтамаған. 

Биік  ұстап,  ұятын тірлігінен, 

Өмір кешкен татулық бірлігімен. 

Бар тілегі -

от маздап ошағында, 

түзу шықса түтіні түндігінен. 

Оймен шолып, ертеңін, барлап бәрін, 

Жоғалтпаған асылын, ардақтарын. 

Жан баласын жатсынбай  құшақ жайған, 

Тартқанымен бейқамдық зардаптарын. 

Мәрт мінезі, орыны лайық төрден, 

Бір күні жоқ сертінен тайып көрген. 

Тура сөзден тосылып, мойындаған, 

Кінәліме? 

Ат-шапан айып берген. 

Жолаушылап күні-түн арып  қайтқан, 

Жекжатшылап  қиырға барып  қайтқан. 

Бар жиғанын той десе төгіп, шашып, 

Таусылмайтын әңгіме алып  қайтқан. 

Домбырасын шежіре мақтай білген, 

Қобызын да киелі сақтай білген. 

Сері халық - ән шырқап, думандатқан, 

Жалғыз атын тақымда баптай білген. 

Қиындарды  қайыспай жаншылаған, 

Маңдай тері моншақтай тамшылаған. 

Тайсалмаған патшадан, улығынан, 

Дәу перінің өзін де  қамшылаған. 

Ағайынын пір тұтқан бет көретін, 

Мейірім мол жетімді жеткеретін. 

Мәрттігі де көл-көсір, 

Өзім десе, 

Қоң етінен ет кесіп, ет беретін. 

Сыйласқанын, 

Сыйлаудай сыйлайды екен, 

Желпінгенде, жер - көкке сыймайды екен. 

Зәредейден өкпелеп, жүз шайысып, 

Шынтуайтта өлімге  қимайды екен. 

Күні шуақ, аспанда Айы асқақ, 

Ойламайды біреуден байып аспақ. 

Нағыз  Қазақ мінезі - дархандығы, 

Отыратын дастархан жайып тастап. 

Тілім менің, 

таңдай кепсе, шөл  қандырған суатым. 

Тек сол ғана, 

мұң-шерімді көкейдегі жуатын. 

Тілім менің, 

арайланған  қуанышым, шаттығым. 

Дұшпанның да, 

кеудесінің басып жүрген аптығын. 

Тілім менің, 

таянышым, медетім де,  қуатым, 

Айым, Күнім, 

аспанымды жарқыратып тұратын. 

Ән шырқаған, 

Жыр сапырған, Күй Елі! 

Асқар таулар, бұлт оранған киелі. 

Есіме алсам,  қырғын соғыс жылдарды, 

Жаным шошып, отқа түсіп күйеді. 

Нұрлы өмірге жан шуағы шашылмай, 

Желкілдеген жас бүршігі ашымай, 

Қыршынынан қиылды сан боздақтар, 

Жастық жалын  құштарлығы басылмай. 

Қиналумен  қимастардан бөлінді, 

Ерте айырылды күндерінен көңілді. 

Туған жердің топырағы бұйырмай, 

Қайран ерлер, айдалада көмілді. 

Жетекке алып, бір ерлікті жүз  қайғы, 

Жан жүрегім, ойыма алсам мұздайды. 

Жетім ескен  құрбыларды көргенде, 

Жазылмаған жарам әлі сыздайды. 

Қанды шайқас жинатпастан бір есті, 

Өмір, өлім тайталаспен тіресті. 

Кеудесімен  қалқан болып сарбаздар, 

Қорғап бақты, қамал-қорған Бресті. 

Нева өзені  қан аралас аққанда, 

Жер менен көк өртенумен жатқанда. 

Қар жамылып, мұз жастанды ерлерім, 

Су да кешті, сақылдаған ақпанда. 

Құрсауына түспеу үшін азаптың, 

Сөнбеуі үшін аспанында азат күн. 

Жай отындай жарқылдады шайқаста, 

Ер боп туған ұл-қыздары Қазақтың. 

Нұркен көктен  құйылыпты от болып, 

Мәншүк, Әлия атылыпты оқ болып. 

Ер Төлеген әнге айналып " Жас қазақ ", 

Намысы үшін жанын  қиған жоқ болып. 

Ей, Жас ұрпақ, сын белестер аспаған, 

(Он екіде бір де гүлін ашпаған). 

Бақыты үшін Әкелерің сендердің, 

Жанталаста жауын жеңіп тастаған. 

Сойқандардың, 

ауыздықсыз " ашу-кегін " қайнаған, 

Орақ ауыз, 

отты тілім, аяқ-қолын байлаған. 

Туған тілім, 

ел тірлігін, ел бірлігін көздеген. 

Ердің  құнын, 

бітіріпті бір-ақ ауыз сөзбенен. 

Осы тілмен, 

ардағын да, боздағын да жоқтаған, 

Осы тілдің, 

құдіретіне жұбатқанда, тоқтаған. 

Асыр даңқын, 

Абыз Баба, Ақылды Аға, Есті інім! 

Ананың да, 

аймалауын туған тілден естідің. 

Тілім менің -  қасиетім! 

Өлер болса, ал, егер? 

Көрсетпе Алла! 

Өзің берген шыбын жанды ала бер! 

Жеңіс Туын тұрған желмен желбіреп, 

Еске сақта, ерлерім деп елжіреп. 

Бас иіңдер, сарбаздарға  құрметпен, 

Бара жатқан  қатарлары селдіреп. 

Бейбіт күндер бесігінде  қалың ел, 

Оянады тыныштықтың таңымен. 

Аялаңдар,  қырда  қызыл гүлдерді, 

Боялған ол сарбаздардың  қанымен. 

Атқан таңның арайына  қызығып, 

Алау күннің аптабына  қызынып, 

Ақын еді, асу жүрек ғажайып, 

Ақтарыла шуақ  құйған сызылып. 

Ғашық болған үлбіреген гүлдерге, 

Асық болған шаттығы мол күндерге, 

Ақын еді, арманы асқақ ғаламат, 

Құлақ түрген не сиқырлы үндерге. 

Ақын еді, жүрекке сыр түйетін, 

Жақын еді елін жандай сүйетін. 

Лапылдаған сезімдерден өртеніп, 

Өзгелерден өзі бұрын күйетін. 

Май  құйғандай лапылдайтын алаулап, 

Тасқын сел боп атқылайтын лақылдап. 

Ақын еді орақ ауыз, от көмей, 

Өз  қадірін түсірмеген тақылдап. 

Шабыт  қысып, алқымына өлең кеп, 

Толғанатын ойға шомып, елеңдеп. 

Сол сәттерде, әдемі жыр - ақша бұлт, 

Қалықтайтын ақ торғындай желеңдеп. 

Кездерінде маза бермей жыр бұған, 

Жанарында ай сәулелі нұр тұнған. 

Әлдилейтін өлең-бесік  құндақтап, 

Анасының ақ сүтімен бір туған. 

Әсем әннің әуені де ұнайтын, 

Күй шертілсе,  қопарыла  құлайтын. 

Мәңгілігін  құдіретті өнердің, 

Жалбарына Тәңірінен сұрайтын. 

Бұлтын серпіп,  қасірет пен  қайғының, 

Шүкір етіп, аман тұрған Ай-Күнін. 

Жадырайтын жалғыз шумақ жырына, 

Айырбастамай бар Әлемнің байлығын. 

Қуып тастап, бұлыңғыр ой тұманды, 

Үкілі үміт арманымен уанды, 

Жас өркеннің жақсы жырын тыңдаса, 

Жүрегінен шыққандайын  қуанды. 

Нұр  құйылып  ұшқындаған жанардан, 

Туған өңір топырағынан нәр алған. 

Ақын еді тербетілген ән-күймен, 

Найзағайдай жарқылдауға жаралған. 

Буырқантып тамырында бар  қанын, 

Қарсы алумен өлеңдетіп әр таңын. 

Құлай сүйген елін, жерін жанымен, 

Хамаң - асқақ ақыны ол Арқаның. 

Азия Транзит. - 2005 . - N6. - 15-17 б. 






©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал