Қайтаоралған әН



жүктеу 2.8 Kb.

бет8/10
Дата09.09.2017
өлшемі2.8 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

 
 
 
 
 
МЕНІҢ АЛҒАШҚЫ 
МЕКТЕПТЕРІМ 
 
Менің  мектепке  барғаным  да  бір  қызық. 
Біздің үйге  қарама-қарсы  ауылдың  шағын  кеңсесі 
орналасқан.  Ондағы  өмір  маған  әрдайым  қызық 
көрінетін.  Біреу  кіріп,  біреу  шығып  дегендей, 
қыбырлаған 
тіршілік. 
Қолтықтарына 
папка 
қыстырып, кеңсеге маңғаздана кіретін, бір-бірімен 
даурығысып сөйлесетін, кейде керілдесіп жататын 
үлкен  кісілердің  кескін-келбетіне аңыра  қарап, не 
жайлы  әңгіме  болып  жатқанын  ұғуға  тырысам. 
Неме  керек  десеңізші?!  Бірақ  маған  адамдардың 
әрбір әрекеті қызық.  

195 
 
Кеңсенің  еденін  сыпыратын  апай  кейде 
газет,  журналдарды  үйіп-төгіп  үйіндіге  әкеліп 
тастайды,  ол  бір  керемет!  Мен  дереу  жүгіріп 
барып,  соларды  ақтарып,  суреті  барлары  болса, 
алып  алам  да,  шеткері  отырып,  қызықтап 
қараймын. Олардың беттеріндегі шимай-шатпақты 
оқығым,  не  туралы  жазылғанын  білгім  келеді. 
Ұнағандарын  құшақтап  үйге  алып  келем.  Кейде 
өзім  оңаша  отырып,  бар  даусыммен  айғайлап 
өтірік  оқимын.  Мен  сүйреп  әкеліп  тастаған 
қоқырсық қағаздарды апам көріп қойса: 
–  Бұл  қайдан  шыққан  әдет?  Өңшең 
контордың  қоқырсығын  жинап  әкелгенді  қоясың 
ба, жоқ па? – деп, бұрқылдап жүріп, отқа тамызық 
қылып  жүреді.  Мен  дүниедегі  ең  қымбат 
дүниемнен  айырылғандай  күй  кешем,  жанып 
жатқан  қағаздарыма  мұңая  қарап  тұратыным 
есімде.  Осылайша  менің  білім  әлеміне  деген 
құмарлығым оянған сияқты.  
Сөйтіп  жүргенде,  53-жылдың  ерте  күзі  де 
жетті.  Менімен  бірге  ойнап  өскен  Тұрсын 
(Тұрғанкүл)  досым  мектепке  баруға  дайындалды. 
Олардың  тұрмыстары  едәуір  жақсы,  Қалдыбек 
жездесі  кеңседе  жұмыс  істейді,  кассир.  Тұрсынға 
қаладан кітап салатын портфель, қалам, дәптерлер 
әкеліп  берді.  Бұрын  түсімде  көрмеген  таңсық 
нәрселерге  қызыға  қарап,  жүгіріп  үйге  келдім  де, 
қаннан-қаперсіз,  көлеңкеде  құрт  жасап  отырған 
апама қиғылық салдым: 

196 
 
– 
Апа, 
мен 
де 
мектепке 
барам! 
Тұрсындікіндей  кітап  салғыш,  қаламдар  сатып 
әпер! 
Менің  тапырақтаған  даусымнан  ә  дегенде 
шошына қалған апам мән-жайды түсінген соң, «е-
е-е» дегендей басын бір шұлғып алды да: 
– Күнім-ау, Тұрсын көктемде туған ғой, оған 
мектепке баруға болады, сен кішкентай емессің бе, 
әлі  алтыға  да  толған  жоқсың.  Мектепке  келесі 
жылы  барасың,  сол  кезде  атаң  стансаға  барып, 
оқуға  керек  нәрсенің  бәрін  сатып  әпереді,  –  деді 
сабырмен.  Дегенмен  менің  қиғылыққа  басып, 
апамды 
біраз 
қинағаным 
есімде. 
Ештеңе 
шықпайтынын  білген  соң,  өзімше  бір  шешім 
қабылдадым.  
Күнде кеңсенің  жанына  барам  да,  тасталған 
қағаздардың  ішінен  бір  жағының  жазуы  жоқ 
бланкілерді  теріп  жинаймын.  Бірталай  болды.  
Қағаздарды  бір-біріне  орап,  бүктеп,  көйлегімнің 
етегіне  тығып  алдым  да,  зымырап  үйге  келіп, 
оларды жастығымның астына тығып қойдым.  
Ертеңінде, 1-қыркүйекте, әдетімнен тыс ерте 
тұрдым.  Есіктің  алдында  апам  дәу  қазанға  айран 
құйып,  астына  жалпылдақ  жағып,  қайнатқалы 
жатыр  екен.  Шаршылап  тартқан  орамалының 
ұштарын  маңдай  тұсына  біріктіріп  байлап,  етегін 
беліне  көтеріп,  іліп  алған.  Бұл  іске  «шындап 
кіріскендегі»  әдеті.  Небәрі  қырықтан  жаңа  ғана 
асқан  апамның  күнге  тотыққан  аққұба  дөңгелек 

197 
 
жүзі  қазан  астындағы  жалындап  жанған  оттың 
қызуымен  алабұртып,  қызара  бөртіп  тұр.  Әдемі 
жіңішке  қастарының  астындағы  аялы  қоңыр 
көздері де ыстықтан сығырайыңқырап, тек от пен 
қазанға  тіктелген.  Қолындағы  ұзын  темір 
көсеуімен жалпылдақты үстемелей түсіп, есі-дерті 
дәу  қазан  айранды  жылдамырақ  пісіріп  тастауға 
ауғаны  көрініп-ақ  тұр.  Жалпы,  апамның  бір 
бастаған  ісін,  екіншісімен  шатастырмай,  тезірек 
бітіріп  тастағысы  келетін  қанына  сіңген  әдеті  еді 
(ол менде де бар).  Тірлігінің қызығымен апам арт 
жағынан келіп қалған мені де аңғармай қалды.  

 
Апа!  

 
Көтек! 
Апам  шошып  кетіп,  артына  жалт  қарады. 
Сексиіп  тұрған  мені  көрді  де,  аузы  ашылып 
қалды.  Апам  таяуда  ғана  өзінен  қалған  майда 
гүлді  ақ  шыттан  маған  да  белі  бүрмелі,  әдемі 
көйлек  тігіп  берген-ді.  Бұл  менің  ең  жаңа  және 
ең өзіме ұнасымды көйлегім болатын. Киіп алып 
айналсаң,  етегі  құстың  қанатындай  керіліп, 
дөңгеленіп шыға келетін еді. Мен оған «әйгөлек 
көйлек»  деп  ат  қойып  алғам.  Апамның 
таңғалғаны: мен сол «әйгөлек көйлегімді», оның 
сыртынан  апам    жыртыстардан  әдемілеп 
құрастырып  тігіп  берген  төрт  түймелі  қара 
қыжым  көкірекшемді  киіп  алғам.  Тек  шашым 
ғана өрілмей тұр.  

198 
 
–    Не  болды?  Қайда  барасың?  –  болды 
апамның аузына түскен сұрақтары. 
–  Апа,  мен  де  мектепке  барам,  шашымды 
өріп берші! 
–  Күнім-ау,  дымыңнан-дымың  жоқ,  не 
кітабың, не дәптерің... 
Апам  ұрысқанды  қойып,  енді  аяй  сөйледі. 
Даусынан шарасыздық байқалады.  

 
Бар, апа. 
Мен  құшағымдағы  кеңсенің  қағаздарын 
көрсеттім.  
Апам мырс етіп күліп жіберді. 
–  Ай,  қайдам-ай,  Қымбат  мұғалім  сені 
осыларыңмен кіргізе қойса... 
Осыны  күрсіне  айтып,  оттағы  қазанына  бір 
қарап алды да, шегіншектеп барып, пешке жақын 
жатқан ағаштың түбіртегіне отыра беріп: 
–  Әкеле  ғой,  шашыңды  өріп  берейін.  Тек 
Қымбат  әкпей  кіргізбесе,  жыламай,  үйге  қайтып 
кел,  ал,  оқисың  десе,  мен  саған  сөмке  тігіп 
беремін,  атаң  басқа  керектеріңді  әкеліп  береді,  –
деді.  
Мәселенің 
осылай 
шешіле 
салғанына 
жүрегім  жарыла  қуанып  кеттім.  Тарағымды, 
лентамды  қолына  ұстата  беріп,  апамның  кең 
етегіне  көміліп,  алдына  отыра  кеттім.  Менің 
арманыма әрдайым қанат бітіріп отыратын жаным 
апам сол!   

199 
 
Не  керек,  жүгіргеннен-жүгіріп,  мектепке 
келдім. Мектеп  қашық та емес, арамызда үш-төрт 
үй ғана бар. Іші-сыртын ақтап қойған кішкене ғана 
екі  бөлмелі  тоқал  үй:  кіре  беріс  және  сыныптық 
бөлме.  Ұмытпасам,  екі  қатарлап  қойылған  алты 
партасы  бар.  Оны  жаз  бойы  сығалап  жүріп  көріп 
алғанмын.  Мен  желпілдеп  жетіп  келсем,  оқуға 
жиналғандар  есік  алдында,  Қымбат  әпкейді 
қоршап тұр екен. Әпкей кесек денелі ірі әйел еді, 
өзі  біздің  ауылдікі  емес,  сырттан  келген.  Қара 
торы, 
қыр 
мұрынды, 
көзқарасы 
әрдайым 
байсалды,  ылғи  иығы  көтеріңкі  пиджак  пен  юбка 
киіп жүреді. Бұл кісіні ауылдың бәрі құрметтейді, 
тек қана  «Қымбат әпкей» деп атайды. Әпкей мені 
көрді де: 
–  Ой,  Алдантай  да  кеп  қапты  ғой,  сенің 
жасың нешеде? –деді бірден. 

 
Ол әлі кішкентай, алтыға толған жоқ, – 
деді  Тұрсын  жұлып  алғандай.  Мен  кібіртіктеп 
төмен  қарадым.  Тұрсынға  жыным  ұстады. 
«Үндемей тұрса болады ғой!»  
 
Әпкей  менің  жаныма  келіп,  шашымнан 
сипады да: 
–  Алдантай,  бізге  алтыға  толғаннан  кейін 
келсең  болады,  үйге  қайта  бер.  Келесі  жылы 
оқисың  1-сыныпты,  жарай  ма,  қызым?  –  деді. 
Жүрегім  аузыма  тығылды.  Осы  сөзді  естігім 
келмеген. Ештеңе дей алмай, төмен қарап, тығыла 
бердім.  Әпкей  мені  өзіне  тартып  құшақтап, 

200 
 
арқамнан  бір-екі  рет  қақты  да,  балаларды  ертіп, 
сыныпқа кіріп кетті.  
«Не  істесем  екем?!  Жоқ,  мен  үйге 
бармаймын!  Осында  отыра  берем!»  Мектептің 
көлеңке  жағына  барып,  отырып  алдым.  Көрші 
үйдің бір-екі кішкентай қозысы көлеңкелеп жатыр 
екен,  бастарын  көтеріп  маған  бір  қарап  алды  да, 
ары  қарай  пысылдап  маужырай  берді.  Мен  де 
тіземді құшақтап, солардың қатарына орналастым. 
Әйтеуір  бір  уақытта  сылдыраған  қоңыраудың 
даусы  шықты.  Балалар  жамырап  сыртқа  атылып, 
олармен  бірге  шат-шадыман  күлкі  төгілді.  
Қызығып кеттім. Алғаш шыққандары мені көріп:  
–  Әпкей,  әпкей,  Алданды  қараңыз,  кетпепті 
үйіне, әне, отыр әлі! – деп дауыстады жерден жеті 
қоян  тапқандай.  Мен  басымды  көтермеген 
қалпымда  тіземді  құшақтап,  тұнжырап  отыра 
бердім.  Мектептен  жайлап  шығып  келе  жатқан 
әпкей де маған жақындады.  
– Ойбу-у-у, қарағым-ау, мұның қалай? Саған 
әлі ерте дедім ғой, бара бер үйіңе! Күннің астында 
босқа шыжып, басың ауырып қалады ғой, қалқам. 
Апаң да іздеп жатқан шығар. 
Мен  қыбыр  етпестен  төмен  қараған  қалпы, 
қайсарланып  отыра  бердім.  Әпкейдің  «қалқам» 
деген  жұмсақ  сөзінен  кейін  кеңсірігім  ашып, 
көзіме  жас  үйірілді.  Басымды  көтерсем,  жылап 
отырғанымды 
біліп 
қояр 
деп, 
қалпымды 
өзгертпедім.  Әпкей  мені  ары-бері  жұбатып,  біраз 

201 
 
тұрды  да,  «Қой,  бара  ғой  үйіңе!»  деп,  қолындағы 
сап-сары 
қоңырауын 
жоғары 
көтеріп 
сыңғырлатқан  қалпы  балаларды  ертіп,  ішке  кіріп 
кетті.  Сары  қоңыраудың  үні  маған  дүниедегі  ең 
әдемі  дыбыс  сияқты  болып  көрінді.  Бейне  бір 
әдемі  ән  сияқты,  әуезді,  жұмсақ.  «Шіркін,  мен  де 
аналар  сияқты,  күніге  осы  қоңыраумен  кіріп-
шығып, оқып жүрсем ғой, қандай бақыт!»   
Мен тағы да қозыларымның жанында отыра 
бердім.  Жұмсақ  жүндерінен  сипап  қойдым.  Олар 
жайбарақат,  кішкентай  еріндері  жыбырлап, 
көздері  моншақтай  жылтырап,  қаннен-қаперсіз 
жатыр. Ақымақтарым-ай, менің қандай күй кешіп 
отырғанымды  бұлар  қайдан  білсін?  «Үйге 
барғанда  не  істейм?  Апам    айтады  ғой  «білгем 
қайтып  келеріңді»  деп.  Ұят  болатын  болды. 
Әрдайым  осындай  бірбеткейлігім  қылаң  етіп 
көрініп  қалатыны  бар.  Қой,  тағы  бір  сабақ  отыра 
тұрайын, бәлкім әпкей жұмсарар, кіргізер мені де! 
Несі  кетеді,  мен  де  оқуды  үйреніп  аламын  ғой! 
Жүрем бе жалғыз өзім ит қуалап?!» – болды менің 
ойым. Айтқанымдай-ақ, келесі қоңырауда тағы да 
балалар  «Әпкей,  Алдан  әлі  отыр!»  деп  шуласты. 
Әпкей  маған  жақындап  келіп,  қарап  тұрды  да: 
«Жарайды,  Алдантай,  бір-екі  күн  отырып  көр 
балалармен  бірге,  оқып  кетсең,  алайын  сыныпқа» 
дегені!  Қуанғаным  керемет,  Айды  аспанға 
лақтырғандай  болдым!  Секірдім  келіп,  секірдім 
келіп!  Әпкей  де,  балалар  да  күліп  жатыр.  Мен 

202 
 
осылай  мектеп  табалдырығын  алтыға  да  толмай 
аштым.  
Мектебіміз, 
қазіргіше 
айтқанда, 
«малокомплектный» болса керек, таңертең 1 және 
3-ші  сыныптар,  түстен  кейін  2  және  4-ші 
сыныптар 
екі 
қатарға 
отырып 
оқимыз. 
Таңғалатыным: қандай әдістеме екенін білмеймін, 
оқуды да, есеп шығаруды да бір кісідей-ақ үйреніп 
шықтық. Мен «4» пен «5» ке, жақсы оқыдым. Ал, 
Тұрсын болса, кілең «беске» оқыды.  
Әлі есімде, 4-сыныптағы мұғаліміміз Үсейін 
ағай  ұзын  бойлы,  сіңір  қара  кісі  еді.  Көп 
сөйлемейтін  байыпты,  мәдениетті  адам.  Қымбат 
әпкей  сияқты  нағыз    еңбеккер,  адал,  ауыл  ішінде 
құрметті  кісі.  Сол  кісі  Тұрсынды  орындықтың 
үстіне тұрғызып қойып, түрлі қарындашпен үлкен 
ватман қағазға суретін салған болатын. Бұл – оның 
өте  жақсы  оқығаны  үшін  жасаған  мадағы  еді. 
Сурет бірнеше күн ілініп тұрды. Мойнында қызыл 
галстугі  желбіреген  сап-сары  қыздың  бәрімізге 
күле  қарап  тұратыны  есімде.  Біз  қоңырауға 
шыққан  сайын,  әрқайсымыз  өз  ойымызбен 
томсырайып,  суретке  қарап  тұратынбыз.  Бұл 
Үсейін  ағайымыздың  бізге,  қалған  оқушыларға 
үлгі  болсын  деген  ниеті  екенін  аңғаратынбыз  да, 
бәріміз  жақсы  оқуға  тырысатынбыз.  Сол  кездегі 
бар-жоғы орта арнаулы білімі бар жас мұғалімнің 
осынау тәлімгерлік тәсіліне қайран қалам.  

203 
 
4-сыныпта 
Тұрсын,  Мәрия  және  мен 
үшеуіміз,  басқа  артық  парта  болмағандықтан,  ең 
соңғы  партада  бірге  отыратын  болдық.  Балалық 
шіркінді қойсаңызшы, үшеуіміздің ішімізде Мәрия 
өте  ұқыпты,  жазуы  дәптерге  маржандай  тізіліп, 
әдемі 
түсетін-ді. 
Тұрсын 
екеуіміз 
кейде 
қызғаныштан,  байқамағансып,  әдейі  шынтағынан 
түртіп жіберіп, жазуын бұзатын едік. Мәрия болса, 
жыларманға  келіп,  біз  сол  үшін  әп-сәтте  бұлқан-
талқан ұрсып қала беретінбіз.  
Мәрия 
– 
Қырғызбай 
көкенің 
қызы, 
кішкентай көздері күлімдеп тұратын, мінезі ашық-
жарқын,  кез  келген  іске  оңтайлы,  сол  кездегі 
біздер  үшін  «он  саусағынан  өнер  тамған»  шебер 
қыз.  Ол  кезде  бізде  қуыршақ  атаулы  болмайтын. 
Мәрияға  қарап  отырып,  біз  қуыршақты  қолдан 
жасауды  үйрендік.  Ол  үшін  ұзынды-қысқалы  екі 
таяқшаны бір-біріне кесе-көлденеңдеп байлаймыз, 
ол  –  қуыршақтың  бойы  мен  қолдары.  «Қолдары» 
болған  көлденең  таяқшаға  жіпті  ширатып 
домалақтап,  «қос  кеуде»,  ұзын  таяқшаға  «бас» 
жасап  бекітсеңіз  болғаны,  қос  анарлы  қыз  болып 
шыға  келеді.  Сосын  осы  «қызға»    түрлі 
құйтақандай  қиық  маталардан  көйлек,  қамзол 
тігіп,  басына  орамал  байлаймыз.  Осылайша 
әрқайсымызда  әр  түрлі  қуыршақтар:  қыз  да,  әке 
де, шеше де, яғни айтқанда, бүкіл «отбасы» пайда 
болады.  Қиялда  да  –  ойнай  бер!  Режиссеріміз  – 
Мәрия.  Қыз  ұзатамыз,  отбасын  құрамыз,  ата-

204 
 
енеміз  болады,  не  керек,  қиялымызға  сиятын 
тіршіліктен  көрініс  жасап,  қалай  кеш  түскенін  де 
білмей  қалатын  кездеріміз  болады.  Ойынның 
қызығына түсіп, шешелерімізден ұрыс еститініміз 
де  есімде.  Ақыртөбеде,  жоғары  сыныптарда  оқып 
жүргенімізде,  жол  бойындағы  тұнып  тұрған  кісі 
бойындай  жап-жасыл  жоңышқаның  ішіне  сүңгіп 
кетіп,  «алтылық»  ойнайтынымызды  қайтерсіз!  Ол 
карталарды да бояп-сызып жасайтын осы Мәрия. 
Біз өсе келе мазмұнды-мағыналы ойындарға 
ауысқандай  болдық.  Қайсыбір  уақытта  «мұғалім 
ойнау», 
«доқтыр 
ойнау» 
деген 
ойындар 
«репертуарымызға»  кіретін  болды.  Мұғалім 
болатын  мен  де,  доқтыр  болатын  –  Тұрсын.  Біз 
ауырамыз, ол емдейді: дәрі береді, ине салады. Ал, 
мен  мұғалім  болғанда,  өз  мұғалімдерімнің  істерін 
қайталаймын:  «оқушыларымды»  түгендеймін, 
олардан  сабақ  сұраймын,  білімдерін  бағалаймын. 
Бастауыш  мектепте  дәріс  берген  үш  ұстазым  да 
жақсы адамдар еді.  
Мұхаметжан ағай білімді, мінезі жайлы, аса 
мейірімді  кісі  болды.  Ол  кісінің  сауаттылығы 
сонша,  бүкіл  ауыл  адамдарының  қандай  бір 
шешілмей  жатқан  мәселесі,  жазылмай  жатқан 
арызы болса, тындырып беретін-ді. Сондықтан ол 
кісіні ауыл атымен атамай, «ағай» деп кеткен. Бар 
кемшілігі  –  аздап  «тастап  қоятыны»  бар.  Сабақ 
үстінде  бір  мезгіл  қалғып  алатын  кездері  болады, 
ондайда  біз  «ағай  ұйықтап  отыр»  деп,  шуылдап 

205 
 
дыбыс  шығармай,  қыбыр  етпей  сабағымызды 
жасап отырамыз. Неткен құрмет десеңізші! 
Ал,  Қымбат  әпкей  жайлы  сөз  басқа.  Мол 
денелі,  ылғи  иығы  көтеріңкі  қара  пиджак-юбка 
киіп,  қолтығына  сынып  жорналын  құшақтап 
жүретін  бұл  кісі  менің  көз  алдымда  ылғи  бір 
таудай  биік,  еңселі  кісі  болып  көрінетін.  Мол 
денесіне  жарасымды  мейірімін  айтсаңызшы, 
қайсымыз  болмайық,  ылғи  құшағына  кіріп, 
тыныстағымыз  келіп  тұратын  еді.  Ол  кісі 
аттарымызды  да  аналық  мейіріммен  өзгеше 
атайтын:  «Алдантай»,  «Тұрсынжан»,  «Мәрияш»... 
Кішкентай болсақ та, әпкейдің тұрмыс жағдайын, 
үйде қандай болатынын да білгіміз келіп тұратын. 
Әпкей  ауырып  қалса,  бәріміз  қабаттасып,  үйіне 
жетіп  баратынбыз.  Мектептің  артындағы  үйдің 
шағын бір бөлмесінде қызы Баянмен тұратын еді. 
Әпкейдің  жып-жинақы  тұрмысы,  жазу  үстелі, 
оның үстіне рет-ретімен қойылған оқулықтар мен 
оқушылардың  дәптерлері,  ыдысқа  салып  қойған, 
ұшталған  түрлі  қаламдар,  шағын  этажеркаға  
сықасып  жиналған  кітаптар  мені  аса  қатты 
қызықтыратын еді. Қатар қойылған екі кереуеттің 
үлкеніне  жайғасқан  әпкей  қара  торы  өңі  бал-бұл 
жанып,  біздің  келгенімізге  ризашылық  білдіретін 
еді.  Бәрімізге  тәтті  нан,  кәмпит  беріп,  мәз 
қылатын. 
«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, 

206 
 
Ұстаз  шәкіртіне  талмас  талап  сыйлайды»  – 
демекші, менің  алғашқы  ұстаздарым  да  сол  бір 
қиын  заманда  ауыл  мектебінің  жүрегі  ғана  емес, 
жаңа  қалыптасып  келе  жатқан  жас,  білімді 
қоғамның тірегіде еді. 
Әрбіртұлға  өмірінде  үлкен  тәрбие  беріп, 
санасына  таусылмас  білім  нәрін  құйған,  жүрегіне 
адамгершілік,  имандылық  пен  ізгілік  сезімдерін 
ұялатқан  ұстазын   мәңгілік   есінде сақтайды. 
Нағыз мұғалімдер, міне, осылар. Ең алғаш қолыма 
қалам  ұстатып,  басымнан  сипап,  әліппені 
жаттатқызған, болашақ білім дүниесінің іргетасын 
берік  қалатқызған  осы  қарапайым  да  адал, 
еңбеккер,  мейірімді  жандар  мәңгі  менің  жадымда 
қалды.  
Мен  оқуға  да,  естіген,  көрген  нәрсемді 
көңілге  тоқуға  да  зерек  болып  өстім.  «Қасқа 
айғырдың  баласы  қасқа  болмаса  да  төбел  болар» 
демекші,  көкірек  көзі  ашық,  өмірден  көрген-
түйгенін  саралап  айтып,  жүрегіңе  жеткізе  білетін 
әңгімешіл  әкемнің,  ауыл  адамдарының  арасында, 
тал  бесіктей  аялаған  табиғаттың  ана  мейірімінің 
құшағында  өскендіктен  болар,  өнер  атаулыға, 
әсіресе,  сөз  өнеріне  құштар  болып  өстім.  Аса 
сезімтал, 
әсершіл 
едім. 
Құдайдың 
жері 
жетпегендей,  төсекті  жер  тамның  төбесіне  салып 
жататын  кездерім  болатын.  Сонда,  бір  түнге  жер 
тіршілігінен  алыстап,  аспан  әлеміне  сүңгігендей 
болам.  Шыңғыс  жазған  Құс  жолын  да  сонда 

207 
 
көргем.  Айтулы  жазушының  жүрегімен  жүрегім 
бірге  соққандай,  бір  тілде  сөйлескендей  болушы 
едім-ау сонда. Таң құланиектеніп ата бастағаннан 
ауыл  тіршілігі  жандана  бастайды:  малдың,  оны 
айдаған адамдардың даусынан ұйқылы-ояу жатып, 
көзіңді  сығырайтып  аша  қалсаң,  дәл  жаныңда,  ат 
төбеліндей  көк  шөптің  арасында  қылтиып 
қызғалдақ  өсіп  тұрғанын  көресің!  Таңғы  жұмсақ 
самалмен  тербетілген  қызғалдақ  үлбіреп  тұрады-
ау  сонда,  үлбіреп  тұрады.  Бейнебір  өмірге  жаңа 
келген  бейкүнә  сәби  сияқты,  соншалықты  пәк, 
таза...  
Ол кезде үлкен театрдың әртістері ел аралап, 
өнер көрсететін еді. Оны ел «Ойын келді» немесе 
«Кешке  ойын  болады»  деп  айтатын.  Ауыл 
басшылары  олардың  біразын,  «көрпе-төсегі  таза» 
деп,  біздің  үйге  де  орналастыратын.  Көшпелі 
ойын-сауықтардың ішінде  «А  қалай,  ма  қалай, бұ 
қалай»  деген  көзбояушылар  да,  «Алтын  сақа», 
«Қозы  Көрпеш  –  Баян  сұлу»,  «Қыз  Жібек  пен 
Төлеген»  сияқты  ойындарды  қоятын  әртістер  де 
болады. Ауылда электр жарығы деген атымен жоқ
ойын  көруге  келгендер  өздері  шымылдықтың 
алдыңғы жағына от жағып, сахнаға жарық түсіріп 
отырады.  Сондағы  әртістердің  киген  неше  түрлі 
жарқыраған 
киімдері, 
сауыт-саймандары 
лапылдаған  оттың  жарығымен  жалтырап,  біздің 
бала  қиялымызды  қалай  шарықтатады  десеңізші! 
Сахнада  өтіп  жатқан  оқиғалардың  ішіне  сүңгіп 

208 
 
кеткендей  күй  кешеміз.  Кейіпкермен  бірге 
күлеміз,  бірге  жылаймыз.  Осы  сахна  болар, 
бәлкім, бала жүрегіміздің нәзік қылын дөп басып, 
бізді 
де 
сезімталдыққа, 
бауырмалдыққа, 
мейірбандыққа  тәрбиелеген,  кім  біледі.  Кейінгі 
кезде опера, драма театрларынан алған әсерлеріміз 
дәл осындай болды деп айта алмаймын.  
Қайран  балалық-ай  десеңші!  Көшеде  билеп 
жүріп,  өнердің  өріне  шыққан  үндінің  әртістері 
сияқты,  мен  де  сахнаға  еліктеп,  ән  салдым.  Әлі 
есімде,  ауылда  кішкентай  клуб  бар-ды,  соның 
сахнасында  «Су  тасушы  қыз»  әнін  айтқанда, 
кәдімгідей,  бір  қолымды  арбаға  жегілген  аттың 
тізгінен  тартқандай  алға  тартып,  ал  екінші 
қолымды  қамшы  үйіргендей  жоғары  көтеріп, 
үйіріп,  әннің  сөзіне  сәйкес  қимыл-ишара 
жасайтынмын,  ән  ырғағымен  денемді  де  әдемі 
ырғақпен қозғалуға тырысатынмын. 
«Суға емес, қызға әбден шөлдегендей, 
Жігітім,  мұнша  неге  мойның  создың?»  – 
деген жолдарды айтқанда, көзімнің қиығымен елге 
қарап,  қасымды  қағып  тұрып,  шынымен-ақ 
сұрағандай ишара жасайтынмын. Тыңдап отырған 
жұрттың  қыран-топан  күлкіге  басатыны  есімде. 
«Бұл  қыз,  түбі  бір  жерді  тесіп  шығады!»  деген 
сөздерді де мен бала кезімде сан рет естігем.  
 
 
КІТАП ОҚУҒА ҚҰМАРЛЫҚ 

209 
 
 
Бұл  –  үлкен  ғанибет  іс  қой,  шіркін! 
Төңірегіңде  болып  жатқан  күйбең  тіршіліктен 
аулақтап,  өзің,  тіпті  сенің  ата-бабаң  аяқ  басып 
көрмеген  өзге  бір  өмірге  енесің,  сондағы 
адамдармен  кездесесің,  сырына  қанық  боласың. 
Әрбір  кітаптың  соңғы  бетін  жапқан  сайын, 
кейіпкермен  бірге  бір  өмірді  кешіп  тастағандай 
боласың,  кейіпкер  жіберген  қателікті  жібермеуге 
тырысасың  немесе  сол  сияқты  алға  қойған 
мақсатыңа  жетуге  құлшынасың...  Кітап  –  нағыз 
тәрбиеші  ғой,  шіркін.  Мен  өзім  өмірде  жеткен 
қайсыбір  жетістіктерім  үшін  ата-анамнан  кейін 
сол  кітапқа  ғана  қарыздармын  деп  еркін  айта 
аламын.  Менің  өмірге  құштарлығымды  оятқан, 
қиялыма  қанат  байлап,  өмірде  алға  ұмтылдырған 
қайран  менің  достарым  –  Жюль  Верннің 
фантастикалық  романдары,  Теодор  Драйзердің 
«Америка 
трагедиясы», 
Этель 
Войничтің 
«Бөгелегі»,  Оноре  де  Бальзактың  «Шегірен 
былғарысы»,  Джек  Лондонның  «Мартен  Идені» 
(ол кезде аудармалар көп жасалатын)...  
Қазақ  жазушыларының  шығармаларын  да, 
қазіргі  жастар  сияқты  мектептегі  әдебиет  пәні 
арқылы  емес,  өз  бетімізше  іздеп,  бір-бірімізден 
сұрап  алып  жүріп  оқымадық  па?!  Саттар 
Ерубаевтың 
«Менің 
құрдастарым» 
романы 
көркемдік  жағынан  керемет  те  болмаған  шығар, 
бірақ  дәл  сол  біз  өмірге  аяқ  басатын  кезде 

210 
 
жүрегіміздің  сым  пернесін  басып,  өмірімізге 
бағыт-бағдар 
бергені 
анық. 
Сафуан 
Шаймерденовтің  «Инеші»  де  санамда  мәңгі 
жатталып қалды.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   10


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал