Айса байтабынов эпик жыршы



жүктеу 102.11 Kb.

Дата08.01.2017
өлшемі102.11 Kb.

ӘОЖ: 82-13(574) 

 

Мұсаев А.М.  филология ғылымдарының докторы,  

профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті  

(Ақтөбе қ., Қазақстан) 

E-mail: zholzhanova_g@mail.ru 

 

АЙСА БАЙТАБЫНОВ – ЭПИК ЖЫРШЫ 

 

Аннотация. Мақалада Ақтөбе өңірінен шыққан жыршы Айса Байтабыновтың шығармашылығы сөз болады. Ол 

Қобда ауданының Өтешсай деген жерінде ақынның өзінің айтуы бойынша 1885 жылы дүниеге келген. 



Кілт сөздер: жыршы, жырау, эпос, нұсқа, Қобыланды, Марабай, Нұрпейіс, Қобда, Мергенбай, Жаскілең.  

 

Ақындық-жыршылық  өнері  дамыған  Ақтөбе  өңірінің  айтулы  ақындары  мен  жыршы  – 

жырауларының  қатарында  шоқтығы  биік  ақын,  таңды  таңға  ұрып  жырлайтын  күміс  көмей 

жыршыларымыздың  бірі  –  Айса Байтабынов. Ол Қобда  ауданының  Өтешсай деген жерінде  ақынның 

өзінің  айтуы  бойынша  1885  жылы  дүниеге  келген.  Ал  кейбір    халық  әдебиетін  зерттеуші  ғалымдар: 

Е.Ысмайыловтың  «Ақын»  (1956)  атты  еңбегі  мен  М.Ғабдуллиннің  «Қазақ  халқының  ауыз  әдебиеті» 

кітабында  жыршының  туған  жылын  1875  жыл  деп  көрсетеді.  Дегенмен,  Айса  ақын  өз  өмірбаяны 

туралы  деректі  кезінде  Алматыдағы  Ғылым  академиясына  «Өмір  тарих»  деген  өлең  мен  қара  сөзі 

аралас етіп жіберген. Сол ақынның өзі келтірген деректерге қарағанда, бала күнінен бастап тұрмыстың 

ауыр  тауқыметін  тартқанын  баяндаған.  Сондай-ақ,  тұрмыстың  зардабымен  қоса  сол  кездегі  қоғамда 

болып жатқан түрлі қайшылықтар да ақын өмірін тығырыққа тірегенін аңғаруға болады.  

Жалпы ақын шығармашылығы болсын, өмірбаяны болсын қаралып, зерттелген дүниелер жоқтың 

қасы  деуге  болады.  Қолда  бар  деректерге  қарасақ,  ақынның  өмір  сүрген  кезеңі  кешегі  ХХ  ғасырдың 

басы  болса  да,  жыршылық  өнеріне  құлақ  құрышын  қандырып  тыңдаған  тыңдаушыларының да  айтар 

сөзі  там-тұмдап  қана  сақталған  екен.  Бұны  біз  –  кейінгі  ұрпақ,  ақынның  ақындық  шабытының 

шамалылығынан  емес,  кеңестік  үкіметтің  ұлттық  өнер  мен  қазынамызды  жалғастырушы  жыршылар 

қызметіне  келтірген  нұқсан  деп  түсінуіміз  керектей.  Әйгілі  «Едіге»,  «Нұрадын  жыры»,  «Орақ  - 

Мамай»,  «Қарасай  -  Қази»  «Қобыланды  батырды»  жырлаған  жыршы-жыраудың  тұнып  тұрған  алтын 

қазына  екені  айдан  анық.  Бірақ  сол  қазына  жыршының  көзі  тірісінде  де,  кейін  мұра  ретінде  де 

бағаланбағаны  мәлім.  Тек  тәуелсіздігіміздің  таңы  атып,  мәдени  мұрамыздағы  кеткенімізді  келтіріп, 

жоғалтқанымызды жаңғыртып жатқанда ғана ел тарихы қойнауынан Айса сынды ақын-жыршымызды 

қазақ әдебиеті сахнасына қосуымыз – бүгінгі күннің талабы деп білеміз. 

Айса ақын эпостық жырлар, аңыз-әңгімелермен қатар, өз жанынан шығарған өлеңдерімен де ел 

арасында танымал болған ақындардың бірі. Заманының өмірін жырлаған ақын өлеңдерінің тақырыбы 

сталиндік  идея  мен  кеңестік  патриотизм  сарынында  болды.  Осы  тұрғылар,  яғни  Ақтөбе  аймағында 

Айса ақын сынды ақындар қатарына Жәкібай жырау мен Мәлік Әлмұратов сияқты ақындарды айтуға 

болады.  Жыршылық  өнермен  бірге  ақындықты  да  қатар  тізгендеген  бұл  ақындарымызды  салиндік 

дәуірді  мадақтап  жырлаған  деп  айыптамай-ақ,  өз  замандарының  шындығын  жырлағандар  деп 

тануымыз керек. 

Айса ақынның артында қалған аз-кем 20 шақты өлеңі ауыл тірлігі мен қоғам заңын жырлайды. 

Мәселен, «Біздің елде» атты өлеңінде ақын: 

«Жерімнің топырағы – күміс, тасы – алтын, 

Теп-тегіс мәдениетті менің халқым, 

Суының жартысы – су, жартысы – май,  

Халық мұқтажсыз, көңілі жай. 

Шөбімнің жартысы – шөп, жары – жеміс, 

Артығы жоқ, кемі жоқ, елім тегіс. 

Дүниеде біздей енді болған бар ма,  

Мал, бақыт, мәдениет толған бар ма, 

Дәуренде Сталиндік арман бар ма, 

Бөтен ел біздің елдей қалай болсын, 

Қамқор Сталиндей қорған бар ма»,  

- деп жырлайды. Бұдан басқа ақынның «Жалмауыз патша», «Еңбектің бағасы», «Бұрынғы заман 

мен  осы  заман»,  «Колхозшы  күші»,  «Біздің  күш»  деген  өлеңдері  де  осы  сарындас  өлеңдер.  Кеңес 

үкіметінің қоғам қайраткерлері мен сол кездегі әкери қолбасшылар өмірінен де хабардар ақын оларға 

өлең-жырын  да  арнай  білген.  «Ворошиловке»,  «Калининге»,  «Ворошилов  батырым»  деген  өлеңдері 

батырлар тұлғасын паш етуге арналса, «Сталиндік жаңа дәурен», «Ұлы Ленин-Сталин» жыр жолдары 


сол  кездегі  қоғам  көсемдерінің  жарқын  бейнесін  сомдайды.  Ақынның  көркем  образ  жасаудағы 

шеберлігін  халықтың  ауыз  әдебиетімен  мейлінше  мол  сусындағанын  көруімізге  болады.  Өйткені 

ақынның  «Ворошилов  батырым»  деген  өлеңінде  Ворошилов  бейнесін  Ноғайлының  батырымен 

салыстыра жырлайды: 

...Кім қажырлы, қайратты, 

Ворошилов батырдан, 

Мысал үшін алайық, 

Орыс-қазақ, ноғайды, 

Ноғайлының ішінде, 

Орақ пенен Мамайды

Батыр болып олар да, 

Қансыратқан талайды, 

Қанша қанды ішсе де, 

Іс өтпеген қолайлы. 

Қарға бойлы Қазтуған, 

Қара қыпшақ Ер Қоблан 

Елін есен сақтаулық, 

Оларда да болмаған... 

деп  қазақ  батырларының  да  ерлігін  атап  өтеді.  Айса  ақынның  1941-1945  жылдардағы  Отан 

соғысының  батырлары  «Қазақ  қызы  Әлия»  және  «Абдолла  Жанұзақов»  деген  көлемді  жырлары 

болғаны белгілі, алайда, бір өкініштісі академияда сақталған ақынның өлеңдер қорының арасынан бұл 

аталған екі өлең  табылмаған. Бірақ  халық арасында бұл өлеңдер  өз  кезінде  кеңінен таралғаны мәлім. 

Ақынның соғыс тақырыбына Жамбыл ақын секілді өз үлесін де қоса білгенін көруімізге болады. Оған 

дәлел  –  1941  жылы  28  маусымда  «Социалистік  жол»  газетінде  жарық  көрген  «Біз  жеңеміз»,  «Жау 

кіреді  көріне»  атты  биік  пафоспен  жазылған,  ерліктің  өшпес  рухындай  өлеңдері.  Айса  ақынның 

академияның қолжазбалар қорына тапсырған өлеңдерінің арасында кеңес үкіметі тақырыбынан бөлек 

үш  өлеңін  атап  өтуге  болады.  Олар  жыр  алыбы  –  Жамбыл  мен  жыр  дүлділі  –  Нұрпейіске  арналған 

өлеңдері. Алғашқы екі өлеңнің көлемі шағын ғана болғанымен, ақын інінің ақын ағаларына деген зор 

құрмет  пен  ыстық  ықыласқа  толы  сезімімен  жырланғандықтан,  көркемдігі  де  құнды  бола  түскен.  Ал 

үшінші жыры Нұрпейіс Байғаниннің 80 жылдығына арналған.  

Ақынның шығармашылығының тағы бір ерекші қыры суырып салмалылық дәстүрмен шығарған 

жыр-толғаулары болған. Алайда, олардың дені сақталмаған, тек «Айса ақынның толғауы» деп аталатын 

жыры ғана  сақталған. Бұл  толғауын ақын  академияға  екі мәрте жолдағандықтан,  екуі  екі  папкада  екі 

нұсқа  ретінде  сақталған.  Аталмыш  толғаудың  ақынның  өзге  өлеңдеріне  қарағанда  көркемдік 

құндылығымен ерекшеленеді. Қазақтың жыраулық дәстүрімен үндесетін жырдың стилі мен көркемдік 

ерекшелігі соны, идеясы құнды.  

Айса ақынның жыршылық өнері қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосылған үлкен үлес деп айтуға 

болады.  Оның  батырлар  жырын  жырлаудағы  ерекше  қасиеті  –  айтып  отырған  эпостық  шығармасы 

кейіпкерлерінің өмірде бар деп кәміл сене, илана жырлауында. Бұндай ерекшелік Айса ақынмен бірге 

Мұрын  жырау  мен  Нұрпейіс  сынды  жыршыларға  да  тән  болған.  Айса  ақынның сондай  зор  сенімінің 

орындалғанын кейінгі ұрпақ – бүгінгі біздер куә болып отырмыз. Оның жырлаған әйгілі «Қобыланды 

батыр» жырының басты кейіпкері – Қобыландының сүйегі сол Қобда бойынан табылуы – Айса қосқан 

қазақтың  мәдени  мұрасының  шоқтығы  одан  сайын  биіктей  түскені  деп  білеміз.  Айса  ақынның 

жыршылық өнеріне тәнті болып, жыршының көмейінен төгілген талай жыр-дастандарды қағаз бетіне 

түсіріліп,  мемлекеттік  қорда  сақталуына  септігін  тигізген  белгілі  ғалым-фольклорист  Есмағамбет 

Ысмайылов та жыршының осындай көрегендік қасиетін ерекше атап өткен.  

Айса  Байтабынов  шығармашылығындағы  эпостық  жырлардың  орны  ерекше.  Жыршының 

жырлаған эпостардың ішіндегі ең белгілері әрі қолжазба күйінде сақталғандары – «Қобыланды батыр 

мен  оның  баласы  Жаскілең»,  «Әуез  батыр»,  «Қарасай  -  Қази»  және  «Мамай  батыр».  Жалпы  жыршы 

бұдан басқа көптеген батырлар жырының жырлаушысы болған. Қолжазбалар қорында сақталған дерек 

көздері бойынша Айса жыршының жырлаған эпостар тізімін қолжазбалар қоры бойынша қарастырған 

Б.Әжниязұлы мен Ә.Марғұлан атындағы Археология Институтының ғылыми қызметкері Н.Жетпісбай 

былай деп төмендегідей тізімдеген: 

1.

 



«Едіге» 

2.

 



«Сұлтан хан» 

3.

 



«Нұрадын жыры» 

4.

 



«Төрехан» 

5.

 



«Мамай» 

6.

 



«Орақ» 

7.

 



«Қарасай-Қази» 

8.

 

«Қасымқұд-Досымқұл жыры» 



9.

 

«Қобыланды-Жаскілең» 



10.

 

 «Әділ» («Қырымның қырық батыры» бойынша) 



11.

 

«Құбығыл батыр» 



12.

 

«Көрұғлы» 



13.

 

«Телағыс» (Жаңбыршы) 



14.

 

«Әуез батыр» 



15.

 

«Алпамыс» 



16.

 

«Ер Сайын» 



17.

 

«Шора» 



18.

 

«Қыз Жібек» 



Бұл ұзын-сонар тізімді бағамдай отырып байқайтынымыз – Айса ақын көкірегінің қазынаға толы 

мол мирастың иесі екендігі. 

Ақынның жырлаған жырларының ішінде ең танымалы әрі көлемдісі «Қобыланды батыр» жыры. 

Жырдың алғашқы нұсқасын 1941 жылы латын қарпімен ақынның қызы – Қымбат хатқа түсірген. Нұсқа 

оқушы  дәптерімен  130  беттен  тұрады,  академияның  сирек  қолжазбалар  қорында  сақтаулы.  Айса 

«Қобыландының»  бір  ғана  нұсқасын  емес,  бірнеше  нұқасын  білгенге  ұқсайды.  Оған  дәлел  –  осы 

жоғарыда  аталған  қолжазба  соңында  ақынның  өзі:  «Бұл  –  Қобыландының  бір  сөре  жыры,  енді  үш 

сөресі бар, әрқайсысының сөзі мұнан аз емес»,-деп келтірген. 

Жалпы «Қобыланды батыр» жырының өзі қазақ арасында ең көп тараған эпостардың бірі. Қазіргі 

күнде  бұл  эпостың  29  нұсқасы  белгілі.  Бұл  жөнінде  өз  кезегінде  көлемді  зерттеу  жүргізген 

ғалымдардың  бірі  академик Қ.Жұмалиев былай  деп көрсетеді:  «Қобыландының»  әлденеше  варианты, 

версиялары  бар.  Солардың  ішінде  ең  көлемді,  көркемділері:  Марабай,  Мергенбай,  Айса,  Нұрпейіс 

варианттары.  Бұлардың  бәрі  де  даңқты  жыршылар.  Кейбіреулері  өз  жандарынан  да  өлең  шығара 

алатын  ақындар»,-дей  келіп,    «Қобыланды  батыр»  жырының  екі  үлкен  нұсқасын  жырлаған  Ақтөбе 

облысы бойынша ақиық екі ақынды айтуға болады. Олар: Қобда ауданының ақыны Айса Байтабынов 

пен әйгілі халық ақыны Нұрпейіс Байғанин» - дейді.  

Жырдың  бас  кейіпкері  –  Қобыландының  өмірде  болған-болмағаны  жайлы,  яғни  оның  тарихи 

тұлғалығы жайында ғалымдар арасында түрлі пікірлердің орын алғаны белгілі. Алайда бүгінгі тәуелсіз 

әдебиетіміздің тыңғылықты зерттеуі мен ғылым салаларында зор мүмкіншіліктер оны тарих сахнасына 

тұлғалық бейнесін асқақтата шығарды. Бүгінгі тарихымыз Қобыланды батыр жөнінде былай сөйлейді:  

«Қобыланды  батыр  –  шамамен  ХV  ғасырда  өмір  сүрген.  Ақ  Орда  тұсындағы  белгілі  мемлекет 

қайраткері, батыр, тарихи тұлға. Ол Ақ Орда орнына пайда болған Әбілқайыр хандығы кезінде (1428-

1468)  аталған  ханның  сенімді  өкілдерінің  бірі  болған  ұқсайды.  Әбілқайыр  ханнан  қазақ  сұлтандары 

Керей  мен  Жәнібек  жеке  бөлініп  шығар  тұста,  өз  алдына  дербес  Қазақ  хандығы  құрылар  кезде 

маңызды саяси роль атқарған. Ел ішіндегі сақталған аңыз-әңгімелерге қарағанда, Қобыланды батыр бір 

тартыста  Арғын  руынан  шыққан  атақты  би,  турашылдығы  үшін  халық  арасында  Ақжол  би  атанған 

Дайырқожаны  өлтіреді.  Мұның  арты  үлкен  дауға  ұласып,  Ақжол  биді  жақтаған  Керей  мен  Жәнібек 

Әбілқайырдан бөлініп  шығуы  осы себепті  болған делінеді.  Ақжол  бидің  қарт  әкесі  Қодан  тайшының 

«Қара қыпшақ Қобыландыда, не бар еді, құлыным» деп басталатын белгілі жоқтауы осы кезде туған» - 

деп жазады  зерттеушілер Б.Әжниязов пен Н.Жетпісбай.   

Бұған  қоса  Айса  ақынның  жырлаған  «Қобыландысы»  Алшағыр  деген  қалмақтың  ханы  мен 

Қыдырбай  деген  адам  көрші  болып,  Қобда  өзенінің  бойын  жайлайды  деуімен  басталып,  одан  әрі 

жырдың  сюжетін,  шығармашылық  көркемдік  желісін  Қобда  бойымен  дамытуы  –  көркемдік  қуып, 

қызыл сөзділілікке салыну емес, тарихи танымы терең көрегенділік екенін көріп отырмыз. Айса ақын 

нұсқасында  Қобда,  Сары Қобда,  Жиренкөл,  Ешкіқырған  сияқты  жер-су  атаулары  молынан  кездеседі. 

Ақын бұл жерде өзінің туған жерінің атауларын негізсіз қосып отырған жоқ. Сол өзіне дейін үзілмей 

жеткен жыраулар мен жыршылар салтын жалғастырып, тіпті одан әрі «Қобыланды баласының жыры» 

деп  аталатын  тағы  да  бір  бөлімді  қоса  жырлап,  «Қобыландыны»  дамыта  түседі.  Бұл  –  «Қобыланды 

батыр» эпосының тек айса ақынның жырлауындағы сонылық.   

«Қобыланды»  жырының  қазақ  эпосындағы  есте  жоқ  ескі  заманда  шыққаны  белгілі,  Ақ  Орда 

кезінде өмір сүрген тарихи тұлға Қобыландының Қобда жерінде жерленгені, осы Қобда бойында батыр 

өзінің  белсенді  өмір  жолын  жүріп  өткені  бүгінгі  таңда  дәлелденіп  отыр.  Ол  тек  Айса  ақынның 

жырлаған  нұсқасында  ғана  айтылмайды,  кең  тараған  Марабай,  Мергенбай  жырау  дастандарының 

соңында да Қобыландының моласы Қобдада деп аяқталуы, яғни:  

...Ұлы Қобда бойында 

Қобыландының моласы, 

Ажалға кімнің шарасы, 

Салынған белгі тамы бар, 

Бұрыннан қалған жоба бар... 


- деп нақтылана түсуі қазіргі зерттеуші-ғалымдар үшін берер пайдасы көп дерек және осы дерек 

көздерінің өзі бір баянды тарихи шындыққа әкелгені көңілге үлкен қуаныш ұялатады. 

Жалпы  Айса  ақын  жырлаған  жырдың  өн-бойына  зер  сала  отырып,  оны  мінсіз  деп  те  айта 

алмаймыз.  Ондағы  көркемдік  әсірелеу  салдарынан  болсын,  мейлі  тарихи  тұрғыдан  болсын  кеткен 

кемшін тұстарды аңғаруға боладын. Мәселен, Айса Қобыландының соғысып жүрген негізгі жауларын 

біресе қалмақтар деп көрсетсе, енді бірде аяқ астынан қызылбастар деп жырлап кетеді. Бұны бір жақты 

қарап, ақын тарапынан кеткен қателік деп түсінбеу керек сияқты. Ғасырлар бедерінен өтіп келе жатқан 

жырдың құрылысы мен мазмұнына келген кемшіліктер тек бір ғана Айсаның емес, бірнеше ұрпақтың 

еншісіндегі кемшіліктер деп түсіну дұрыстау болар. 

Ал  қазақ  әдебиетін  зерттеуші  ғалымдар  үшін  Айса  ақынның  жырлауындағы  ерекше  нұсқа 

«Қобыланды – Жаскілең» жырының жарыққа шығуы және тарихи тұрғыдан жаңғыра түсуі –  зерттеуін 

күтіп жатқан үлкен жұмыс деп айтуға толық негіз бар... 

«Қара  қыпшақ  Қобыланды»  жырының  көркемдігі  жағынан  да,  көлемі  жағынан  да  ерекше  арта 

түсіп  жырлаған Айса вариантының  басқа  елге  танымал  нұсқаларына  қарағанда  көп  айырмашылықты 

аңғаруға  болады.  Мәселен,  Қобыландының  әке-шешесі  қарт  Тоқтарбай  мен  Аналық  кейуананың 

аттарын  Қыдырбай  мен  Ақмаңдай  деп  беріп,  Қобыландының  қарындасы  Қарлығашты  –  Қолаң  деп 

жырлаған.  Жырдың  бұдан  басқа  да  ерекшеліктеріне  зер  салсақ,  ең  әуелі,  Қобыландының  өмірге 

келуінің  өзі  жай  баланың  дүниеге  келуіндей  емес,  мифтік  ұғым  аясында,  тамаша  фантастикалық 

оқиғалар  желісінде  өріледі.  Мойындарына  бұршақ  салып  тілеп  алған  жетпіске  келген Қыдырбай  мен 

алпысқа келген Ақмаңдай балдарын дүниеге әкелерді мынандай кейіпте суреттеледі: 

Еңсесі биік ақ орда, 

Екеуі келіп кіреді, 

Нұр тамып, жасарды қайта деп еді, 

Жетпіске келген Қыдырбай, 

Жетпіс жасы кетеді

 Жиырмаға қайта жетеді, 

Аппақ қардай ет бітті, 

Алмадан қызыл бет бітті, 

Алтын сақал, күміс мұрт бітті, 

Жауырын менен сырт бітті, 

Бұғақ пенен ұрт бітті. 

Алпысқа келген Ақмаңдай, 

Он беске қайта келеді

Қайта қыз болды деп еді,  

Кәміл үш ай болғанда, 

Үш айға кәміл толғанда, 

Ақмаңдай жерік болады, 

Қытыр-қытыр қара тасты шайнайды... 

депақын  Ақмаңдай  ананың  жерік  болуымен  болашақ  батыр  образының  алғашқы  штрихтарын 

береді.  Жерік  болған  анаға  анау-мынау  емес  әйгілі  «Қырымның  қырық  батырының»  бірі  –  Айсаұлы 

Ахмет айдаһардың құйрығынан бір елі кесіп әкеліп береді. Дүние есігін жаңа ашқан сәбидің портретін 

ақын батырдың туылғанын паш ете былай деп жырлайды: 

Манағы туған баланың, 

Балтыры бар бесіктей

Омырауы есіктей, 

Қасқыр ауыз, қабақты, 

Бұқа мойын тамақты, 

Тасыған судай алапты, 

Алғыр бура қабақты, 

Алтыннан болды шүмегі,  

Жібектен болды түбегі, 

Мақпалдан болды жапқысы, 

Мәулімнен болды тартқышы... 

Мұндай  көркем  суреттеу  мен  эстетикалық  талғамның  биік  деңгейін  батырлар  жырында  сирек 

кездесетін  дүние  десек,  ол  Айса  ақынның  жүрегінен  шыққанынн  болашақ  зерттеуші-ғалымдар 

назардан  тыс  қалдырмауы  керектей.  Ұтымды  шыққан  теңеулер  мен  буын-ырғағы,  саны  бір  арнаға 

тоғысып,  тұтас  бір  үндестікті  құрап  жатады.  Халық  әдебиетіне  қаныққан  ақынның  айтқанын  жазбай 

тануға болады. Бір жырдың бойына бірнеше саланы ағыта жырлайтын жыршы өзі білетін Қырымның 

қырық  батырының  бейнесін  Қобыланды  батырдың  қасына  қатар  қоя  жырлаған.  Жырда  аталған 

эпостық-тарихи  тұлғалар  образы  қаһармандықтың  символындай  суреттелген.  Әсіресе,  Қарасай  мен 



Қази,  Едіге  мен  Нұрадын,  Мұса  мен  Телағыс,  Орақтардың  есімі  Қобыланды  образының  ашылуына 

өзіндік  бір  ықпалдарын  тигізіп  отырады.  Атақты  Мұрын  жыраудың  жырлаған  «Қырымның  қырық 

батырын» Айса ақын да жатқа білген. Сондықтан «Қобыландыдағы» «Қырымның қырық батырлары» 

жырдың  көркемдігіне  еш  нұқсан  келтірмей,  қайта  оның  жаңа  қырынан  ашылуына,  композициялық 

құрылысына  өзіндік  игі  үлесін  қосып  тұр.  Жалпы  Қобыланды  бейнесі  батырлығы  мен  қатар  әруағы 

бірге астасқан қалыпта суреттеледі. Атқа қонып, қолына найзасын алған батырға әйтеуір бір тылсым 

күш дем беретінін білетін ақын, Қобылынды образын жасауда да сондай өмірлік шындықты негізге ала 

отырып, былай суреттейді: 

Сонда Қодар сөйлейді, 

Ер Қобылан бүгін-ертең келед деді

Аққұртқа келетінін білед деді, 

Ер Қобылан төсегіне жатқан күні, 

Әруағы қырық күншілік жерде жүред деді,  

десе, ал астындағы пырағы – Торы атты да Ер Қобылан әруағымен баптағандай етіп: 

Суын айғыр шауып еді, 

Суын бие тауып еді, 

Жеті-жеті болғанда, 

Суға салып алатын

Суға салса торы аттың, 

Екі қанаты бар еді, 

Құлаш жарым қанатын, 

Суға салса жаятын, 

Қобылан өзі көретін, 

Сол себептен торы атқа 

Жан жолдасым деп сенетін  

деп  ер  қанаты  –  тұлпар  аттың  бейнесі  батырға  лайық  ірілікпен  суреттеліп,  батырға  лайық 

құрметпен дәріптеледі. Біресе қызылбастармен, біресе қалмақпен соғысатын Қобыландының жанында 

үнемі  үзеңгілес  жолдастары  ретінде  Қарасай,  Қази  батырлар  қатар  суреттеледі.  Қобыландының 

жауымен  қатар  айқасатын  батырлардың  образы  өз  алдына  жыр  болып  жырлануымен  қатар  «Қара 

қыпшақ  Қобыланды»  жырында  да  қырымдық  батырлардың  бейнесі  айқындала  түседі.  Мәселен, 

«Жаскілең»  бөлімінде  Қобыландының  кегін  қайтармақшы  болған  қаһармандар  образы  былай 

суреттеледі: 

Ей, Ер Қобыланды жау алды

Жоқтаусыз ауылы жоғалды, 

Жан бармады артынан, 

Сұраусыз кетті сол ауыл, 

Жалғыздықтың зарпынан, 

Аққұртқа мен Аққолаң, 

Айырылып кетті қазақ ұлтынан, 

Кіндіктен жалғыз демесең, 

Кешегі кеткен Қобыланның, 

Қылышынан қан тамып

От жанушы еді ұртынан, 

Іздейтұғын кім бар деп, 

Сол Қобыланның ауылын, 

Іздейтұғын мен бар деп, 

Және Қази ақырды, 

Ол қалмақта, 

Және кегім, және бар, 

Іште кеткен бала бар, 

Әуез батыр бұл шықты, 

Құбығыл батыр сол шықты

Қырымнан шыққан қырық батыр, 

Ақ түйе сойып ант етті, 

Аузына алды құдайды, 

Көкірекке ұрды құранды

Батырлар сол жерден, 

Талап етіп жөнелді 



Кегі  кеткен  батырлар  образынан  қазақ  халқының  ислам  дінін  қабылдағаннан  кейінгі  өмірі 

екенінен  мәлімет  аламыз.  Ата  жауы  қалмаққа  аттанған  қырым  батырларының  намысы  жанып,  Алла 

алдында ант беріп шығуы үлкен ерліктің бастамасы екені айтпаса да түсінікті.   

Айса  ақынның  енгізген  басты  жаңалығының  бірі  –  «Қобыланды  батырдың  баласының  жыры 

(Жаскілең)»  деп  жырда  одан  әрі  жалғастыра  түсуі.  Бұл    бөлімді  әуелгі  негізгі  жырдан  бөлуге 

болмайтындай.  Өйткені  заңды  жалғасы  іспетті  жыр  о  бастағы  нұсқасындағы  сюжетіндей  Қобыланды 

батырдың  бір  балаға  зар  болуынан  басталып,  арманы  орындалып,  Құртқаның  Ақмаңдай  анасының 

жерік  болуындай  жолбарыстың  жүрегіне  жерік  болуымен  жалғасады.  Бұл  бөлімде  Қобыланды  батыр 

өліп,  оқиға  одан  әрі  баласының  айналасында  дамиды.  Қобыланды  баласын  асырап  алушылармен 

Жаскілең  оқиғасының  қатар  дамуы  шығыстық  үлгідегі  қисса-дастандар  стилінде  жырланған  бұл 

бөлімді  формасы  жағынан  қазақ  жырларының  бірі  «Қыз  Жібекке»  ұқсас  деуге  болады:  Төлеген 

өлгеннен кейін, інісі Сансызбайдың аға соңынан іздеп, кегін алып, Жібекті еліне алып кетуі тұтас бір 

дастандық  пішінді  құраса,  Айсаның  «Жаскілеңі  де»  осы  сарындас  тұтас  бір  дүние.  Жалпы  Айса 

вариантындағы  «Қобыланды»  жырында  «Едіге»,  «Алпамыс»  жырларына  ұқсас  жерлері  көптеп 

кездеседі. Мысалы, «Едігенің» өзбек, қарақалпақ нұсқаларында даладан тауып алған баланы бай күңі 

оны  жақсы  көріп,  оған  өз  баласындай  еміренуі,  ақыры  қожасының  әйеліне  беру  сюжеті  Айса 

нұсқасында да қайталанады да, Жаскілең бейнесін сомдайды: 

Қобыландыдай бұлғақты, 

Жауырыны жалпақ, сұңғақты, 

Жаңа өспірім, жас бала, 

Терезенің алдынан, 

Өте шықты ақырып

Аллалап, ұран шақырып, 

Жүрген жерін жапырып... 

Батырлар жырына тән көркемдік – гиперболамен сомдалатын образдар Жаскілең бейнесінде де 

өз бояуын тауып отырады. Атадан аса туған ұлдың іс-әрекеті жарық дүниеге әкелген анасы мен қадірлі 

апасын құтқару оқиғасында тамаша даму сатысымен айшықтала суреттелген.  

Сондай-ақ  осы  бөлімде  Қобыландының  қарындасы  –  Қолаң  образы  да  ашыла  түседі.  Қобда 

бойын  мекен  қылған  халық  арасында  Қобыланды  батырдың  қарындасынан  туған  ұрпақ  бар  деп 

айтатын  аңыздары  да  бар.  Жырдың  басқы  нұсқаларында  Қарлығаш  атымен  мәлім  болған  батыр 

қарындасы  Айса  нұсқасында  Қолаң  деген  есіммен  жырланады.  Қобдалықтардың  айтуы  бойынша 

Қолаңның шын аты – Құланбике екен, оны халқы Қолаң деп кеткен дейді. 

Қалай десек те, Қобыланды батырдың ерлігі мен ұрпағы осы Қобда бойымен тікелей байланысты 

болған  деп  біз  де  жорамал  жасаймыз.  Оған  дәлел  –  Айса  ақынның  жырлаған  жырымен  бірге  ел 

арасында ауыздан-ауызға тараған аңыз-әңгімелер мен әпсаналар және ең бастысы, Ер Қобыландының 

зираты. Бұны бүгінгі күнде ғалым атаулы зерттеп, зерделеп, өз пайымдарынынң үзілді-кесілді шешімін 

шығарып қойғаны қалың жұртшылыққа мәлім. Жырда айтылатын жер-су атауларының өзі жайдан-жай 

жырлана  салмай,  белгі  бір  дерек  негізінде  суреттелуі  оқиғаның  ойдан  емес,  тарихтан  алынғанын 

аңғартады: 

Он таңбалы Ұрымда, 

Қырық таңбалы Қырымда, 

Қазақ елінде 

Қыдырбай деген бай өтті

Төрт түлік малға сай өтті, 

Іні де жоқ, аға да жоқ, 

Өзінен туған бала да жоқ, 

Бір перзентке зар өтті

Малы артық болды бай, 

Перзенті жоқ сұмырай. 

Мекендерін сұрасаң, 

Қалдығытай, Бүлдірті, 

Өлеңті, Шідерті, 

Шөке сайын бір жылқы. 

Жирен деген көл еді, 

Яшқырған деген бел еді 

Қобда деген жер еді, 

Қобдада туған, 

Қобыланды деген ер еді, -  

деп  жырдың  басталуының  өзі  белгі  тарих  қойнауынан  алынғанын  баяндайды.  Сондай-ақ, 

бұндағы жыршының жер-су атауларының ішіндегі «Яшқырған» деп отырғаны қазіргі Ешкіқырған екені 

де  белгілі.  Жырдың  өн-бойында  Қобда  бойының  тасы  мен  шөбі,  обасы  мен  өзенінен  деректер 


келтіріліп, бүгінгі заманның өткен тарихи негізінен көп сыр шертеді. Сондықтан да, өз алдынан зерттеу 

мен  тыңғылықты  ізденімпаздықты  талап  ететін  жырдағы  жер-су  атаулары  үлкен  еңбектің  нысаны 

болуға әбден лайық деп білеміз.  

Бір кездері халық қиялынан туған бейне деп саналатын батыр – Қобыландының бейнесі бүгінгі 

таңда тарихи тұлғаға айналып, қазақ деген ұлттың өнері мен өнегесін үлгі ететін үлкен жырдың қиял да 

емес,  елес  те  емес,  шындық  екенін  кешегі  Қобыланды  жерінде  –  Қобда  бойында  өткен  дүбірлі  той 

дәлелдеді.  Айса  ақынның  ақатара  жырлағаны  «Қобыланды  батыр»  жыры  өзге  нұсқаларға  қарағанда 

көркемдігімен де, көлемімен де, мазмұнымен де, пішінімен де ерекшеленіп тұрса, енді, тарихилығымен 

де оқырмандарын өзіне баурай түсетін кесек туынды. 

 

Әдебиеттер: 

1.

 

Ысмайылов Е. Ақындар. – Алматы, 1956. 



2.

 

Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы, 1958. 



3.

 

Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері. – Алматы, 1958. 



4.

 

Қазақ әдебиетінің тарихы. Т. 1. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. 1 кітап. – Алматы, 1960. 



5.

 

Қазына толы бір сандық. Ақтөбе газеті // 21 маусым, 2001 жыл. 



6.

 

Қоңыратбаев Ә.. Қазақ фольклорының тарихы. – Алматы: “Ана тілі”, 1991.  



 

Мусаев А.М. 

Айса Байтабынов – эпический композитор  

В данной статье рассматривается творчество сказителя Актюбинского края Айса Байтабынова. По словам самого 

сказителя, он родился в Кобдинском районе в 1885 году.  

Ключевые  слова:  сказитель,  жырау,  эпос,  набросок,  Кобыланды,  Марабай,  Нурпейис,  Кобда,  Мергенбай, 

Жаскилен.  



 

Musaev A.M. 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 

 



 

 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал