Ақиқат пен аңыз Әзілхан Нұршайықов



жүктеу 5.01 Kb.

бет6/42
Дата08.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42
әскер кіші командирінің психологиясын білесің бе? (Мен басымды шайқадым.) Білмейсің. 
Білмеген   соң   оны   жеткізіп   айту   қиын.   Ал   соғыстың   философиясын,   солдаттың 
психологиясын жеткізіп керсете алмаған туынды әскери шығарма емес, әшейін шатпырақ 
қана   болады,   қарағым.   Сен   де   әксери   такырыпқа   жазып   жүргендердің   бірісің.   Көңіліңе 
келсе де менің сендердің шығармаларың жайында айтар шындығым осы, шырағым. 

-         Сонымен   таңертең   рабфактың   есігін   қатты   жауып   кетсем   де,   жастықтың 
қызбалығымен бәрібір басқа күн көріс табармын десем де, түс ауа-ақ тығырыкқа тіреле 
бастадым. Енді Сырғабековке де, Тәштитовке де баруымның реті жоқ деп білдім. Сөйтіп, 
салбырап   көшеде   келе   жатқанымда   артымнан   біреудің   менің   атымды   атаған   даусы 
естілді. Жалт қарасам бұрын Жуалы аудандық атқару комитетінде өзіммен бірге қызмет 
істеген Тимофей Терентьевич Дубовик деген кісі келе жатыр. 
-        Айналайын-ау, өзің жеткізетін емессің ғой,-дейді қолын ұсынып. 
Екеуіміз шұрқырасып табыстық. Ол маған бірден: 
-         Жүр, екеуіміз алдымен бір жерден барып тамақ ішейік. Менің күні бойы ас ішуге 
мұршам болған жоқ, - деп ұсыныс жасады. 
Дубовик   жол-женекей   менің   хал-жайымды   сұрады.   Асханада   отырғанда   өзінің   қазір 
Шымкентте өнеркәсіп банкының басқарушысы болып қызмет істейтінін айтты. Менің жай-
жапсарыма   әбден   қанғаннан   кейін   ол   мені   Шымкентке   қызметке   шақырды.   Мен 
баскаратын банкке экономист боласың, - деді. 
-        Болайын, - дедім мен. Ол жұмыс менің қолымнан келе ме, келмей ме, онда шаруам 
жоқ тіпті. 
-         Ендеше, сен осы сәттен бастап Шымкент өнеркәсіп банкының қызметкерісің,- деді 
Дубовик қолын калтасына салып жатып,- Мә, екі жүз сом акша. Бұл сенің әзірге алған 
авансың   болып   есептеледі.   Мә,   мынау   Шымкенттегі   менің   үйімнің   әдірісі.   Қазір   поезға 
мініп жүріп кет те, тура біздікіне барып тұр. Екі-үш күннен соң артыңнан мен де жетемін. 
            Бұл өзі 1931 жылдың бас кезі болатын. Менің маңғазданып, бұлданарлық жайым 
жоқ   еді.   Асханадан   шығысымен   вокзалға   бардым   да,   билет   алып,   бірден   Шымкент 
тарттым. 
Автор. Сіз «Біздің семья» кітабыңызды қашан жаздыңыз? Оны қазақша шығартпайсыз ба? 
Бауыржан. Бұл кітапты мен 1947 жылы Бас штабта оқып жүрген кезімде жаздым. 15 күнде 
бітірдім.   Оны   қазақ   тілінде   шығармаймын.   Өйткені   ол   тек   қана   орыс   оқырмандарына 
арналып жазылған дүние. 
Автор. Бұл кітабыңыздың жалғасы жоқ па? 
Бауыржан. Бар, жазулы дайын тұр. Орыс тілінде. Баспаға ұсынғамын жоқ. Өзің өлгеннен 
кейін де бір нәрселеріңнің жариялануы керек шығар. 
-         Ал сонымен мен Шымкент келейін. Менің артымнан астанадағы жұмысын бітіріп, 
Дубовик те қайтып оралды. Келісімен ол: «Б. Момышұлы Шымкент өнеркәсіп банкының 
экономисі болып тағайындалсын» деген бұйрық жазып, қолын қойды да, Корнеев 
деген аға экономисті шақыртты. 
-        Мына жігітті экономист етіп тағайындадық,-деді Корнеевке мені таныстырып.      
-        Арнаулы білімі бар ма? - деп сұрады Корнеев. 
-        Жоқ. 
-         Ендеше  қате  жасағансыз,   -  деді  Корнеев  Дубовикке.  -  Арнаулы   білімі  барлар  да 
экономистікке   жарамай   жатады.   Мен   бұлай   етуіңізге   кеңес   бермеймін.   Өзіңіздің   де 
арнаулы біліміңіз жоқ, күйіп кетесіз. 
-         Мен бұйрыққа қол қойдым, - деді Дубовик даусын көтермей жай сөйлеп.- Енді оны 
өзгертпеймін. Мен бұл жігіттің қабілетті екенін білемін, үйретеміз, алып кетеді. 
-        Онда өзіңіз үйретерсіз. Мен оқыта алмаспын. 
-        Жоқ, сіз үйретесіз,- деді Дубовик тағы да даусын көтерместен,- Сіз мені де, мұны да 
үйретесіз, үйретуге міндеттісіз. Біз білмейміз, ал сіз ескі мамансыз. 
-        Маманмын, бірақ мұғалім емеспін. 
-         Мұғалім болу ниетке байланысты. Біздің ортақ ісімізге адамдар мен мамандардың 
адал ниеті қажет. 
Корнеев үндей алмай қалды. Алғашында осқырынып жүргенімен, артынан ол ептеп маған 
үйрете бастады. Оның тапсырмаларын мен бұлжытпай орындай бердім. Карт маған бірте- 
бірте жібіп, жұмсара түсті. 
-        Мына жігітімізден бірдеңе шығатын түрі бар, - деді ол бір күні Дубовикке. - Арнаулы 
білімі болмаса да, ықыласы күшті екен. 
Арнаулы білімім болмаса да экономист боп бір жыл қызмет істедім. 

Автор. Қазір не жазып жатырсыз?
Бауыржан. Қазір жазғанымды айтуға аузым бармай отыр. Бір нәрсені бітірдім. Оны жазып 
жүргеніме 3-4 жылдан асып кетті. Көлемі 350-400 беттей болды. Бұл нәрсенің шартты аты 
«Последние дни войны, последние дни солдата». Өзін өте қиналып жаздым. Оттан алған 
қып-қызыл темірді ұсталар төске салып соғып-соғып, қажетті пішінге келтірген соң шыж 
еткізіп суға тастай салмай ма? Сол сияқты жазғанымды «суыту» үшін біраз уақыт тығып 
тастадым да, содан соң «Арасан-Капалға» апарып, бір жарым ай қайтадан қарап шықтым. 
Шынымды айтсам оны өзім әлі де шикілеу дүние деп таптым. Мұндай үлкен тақырыпқа 
ондай шала нәрсемен көрінуге болмайды деп түйдім. Қайта жазуым керек деген қоры- 
тындыға   келдім.   Демалып,   денсаулығымды   түзеп,   сәл   есімді   жинаған   соң   бұған   қайта 
отырамын.   Мұның   қалай   сәті   түседі,   білмеймін.   Шала   туып,   тымаққа   салып,   керегенің 
басына   іліп   қойған   баладай   болып,   осы   менің   қол-аяғымды   буып   отыр.   Оны   тастап 
ешқайда кете алмайсың, жаңа нәрсеге және кірісе алмайсың. Осы кітабымды түбегейлеп, 
түптеп, оқушы қолына беріп кетсем арманым болмас еді деп те ойлаймын, карағым. 
-1932   жылы   ноябрьде   мені   военкоматқа   шақырды.   Жиналған   жігіттерді   тыр 
жалаңаштандырып, дәрігерлердің алдынан өткізіп жатыр. Біреу сыртты, біреу ішті, біреу 
тісті   қарап,   тақия   жүгіртпек   ойнағандай,   дәрігерден   дәрігерге   қарай   сырғып   келе 
жатырмыз. 
Менімен Иманәлиев деген бір жігіт қатар кірген еді. Алғашында сап-сау жігіт комиссияға 
кіргенде біресе ішім, біресе тісім деп, өп-өтірік қиналды да қалды. Көз дәрігерінің алдына 
келгенде   жұдырықгай   әріптерді   көрмеймін   деп,   көпе-көрінеу   өтірік   соқты.   Мен 
дәрігерлерге   денсаулығымның   жақсы   екенін   айтып,   әріптердің   бәрін   заулатып   оқып 
бердім. 
Ең соңында комиссардың алдына жаңағы Иманәлиев екеуіміз тағы да қатар бардық. 
-         Өзіңіз айтқаныңызбен денсаулығыңыздан  әскерге баруға  бөгет боларлықтай ақау 
табылған жоқ, - деді комиссар ана жігітке. - Сізді әскерге алуға болар еді. Бірақ өзіңіздің 
барғыңыз келмейтін сияқты. Біз әскерге өз еркімен барғысы келгендерді ғана аламыз. 
Иманәлиев басын изеп шығып кетті. 
-Сіздің де денсаулығыңыз  жарамды, - деді комиссар маған. - Бірақ  қарт кісінің жалғыз 
баласы болғандықтан, сізге берілетін жеңілдік бар. Егер әскерге барғыңыз келмесе, сізді 
де қалдыруға болады. 
       Бармаймын деуге менің аузым бармады. 
-        Барамын, алыңыздар, - дедім комиссарға. Ертеңінде үйге мынадай қағаз келді: 
Келу картасы №20 
Азамат   Момышұлы   Шымкент   шақыру   комиссиясының   ұйғарымы   бойынша   әскерге 
жарамды деп танылып, 8 командаға тіркелді. Сол себепті ол 1932 жылдың 7 ноябрінде 
сағат 7-де Шымкент қорғанына келуге міндетті. 
Комиссия председателі (Қол қойған). 
Іс жургізуші (Қол қойған). 
(Мөр басылған). 
Автор. Кітаптарыңыз неше рет басылып шықты? Кандай тілдерге аударылды? 
Бауыржан.   Кітаптарымның   күні   бүгінге   дейінгі   тиражы   бір   миллион   данадан   асты. 
Олардың   жеке   тараулары   чех,   поляк,   испан,   француз,   ағылшын   тілдерінде   басылып 
шықты. Толығырақ болып өзбекшеге аударылды. 
-        Әскери қызметті мен Термезде өтедім. Қызыл әскер болдым. Жауынгер қатарында 
тапсырма   орындай   жүріп,   үздік   қызыл   әскер   атағына   іліндім.   Полкымыздың   командирі 
Дмитрий Коваленко деген кісі еді. Бір күні стрельбищеде болған жаттығуда сол кісінің 
көзіне түстім. Алғашкы әскери ұстазым Николай Редин деген кісі күні бүгінге дейін көз 
алдымда.   Бұл   жайында   мен   «Помкомвзвод   Николай   Редин»   деген   әңгімемде   жаздым. 
Оны кітаптан оқып ал. 
       Мен ол әңгімені оқығанмын. Бауыржан Момышұлының 1962 жылы шыкқан «За нами 
Москва» кітабының ең соңғы беттері нақ сол әңгімемен аяқталады. Бауыржан ұзын, етсіз 
саусақтарымен мұртының екі жақ шалғайын кезек сипап, сәл тыныс алған осы бір сәтте 
сол әңгімені есіме алдым. 

     Әңгіменін бас жағында Николай Рединің жас қызыл әскер Момышұлын калай үйреткені, 
оны   қалай   мергендікке   баулығаны   баяндалады.   Дивизия   тексеруге   Буденныйдың 
орынбасары генерал Когосов келгенде, қызыл әскер Шылымылының (Момышұлының) үш 
минутта отыз екі оқ шығарып, оның жиырма екісін нысанаға тигізгені, осы шапшандығы 
және   мергендігі   үшін   генералдың   Бауыржан   мен   оның   ұстазы   Николай   Рединге   алғыс 
жариялағаны айтылады. Ұтаз бен шәкірт сыдан он жылдан аса кейін Ұлы Отан cоғысының 
майданында кездеседі. Бұл кезде Бауыржан Момышұлы дивизия командирі де, Николай 
Васильевич   Редин   сол   дивизияға   қарасты   танкке   қарсы   қолданылатын   артиллерия 
дивизионында   взвод   командирі.   Бірақ   Бауыржан   алғашында   бұрынғы   ұстазының   өз 
қарамағында қызмет ететінін білмейді.  Тек  бір ұрыста  Редин  есімді  артиллеристің  бес 
танк жойғанын естіп, сол адаммен танысқысы, жүздескісі келеді. Ол Бауыржанның бірінші 
ұстазы   Николай   Рединнің   өзі   болып   шығады.   Содан   кейінгі   ұрыстардың   бірінде   ауыр 
жараланған Редин Бауыржанның көз алдында қаза табады. Әңгіме былай аяқталады: 
«...Телефон шырылдады. 
-         Жолдас полковник, - деді таныс емес әйел даусы, - мен дәрігермін. Ғафу етуіңізді 
сұраймын. Бізге жаңа ғана старшина Рединді алып келді, жарасы өте ауыр... 
Мен дереу медсанбатқа жеттім. Зембілде жатқан Николай Васильевичтің жүдеу жүзі құп-
қу болып кетіпті. Палатадан қан мен қарағай қылқанының иісі мүңкиді. Мен келіп кіргенде, 
Редин қарманып орнынан тұрмақ болды. 
-         Бауыржан!   -   деді   ол   маған.   -   Келіп   қалдың   ба?   Көрмейсің   бе,   немістердің 
омыртқамды омырып жібергенін... Комдив келгенде орнымнан да тұра алмай калдым!.. 
Бұдан өткен өкініш бола ма, Бауыржан. Сен менің мұнымды ғафу ет, қалқам... 
-         О недегеніңіз, Николай Васильевич, о не дегеніңіз, қымбаттым, тұрудың керегі не! 
Ұстаздығың  үшін,  қызметің үшін  көп рақмет саған,  Николай Васильевич! Рақмет саған, 
қымбаттым! 
         Ол көзін ашып, сұп-суық боп мұздап бара жатқан қолын ұсынды да, даусы естілер-
естілмес болып былай деді: 
-         Сен  солай дейсің бе?.. Совет Одағына қызмет  етемін! -  Бұл оның  ең соңғы сөзі 
болды. 
        Мен оны құшағыма алып, еңіреп қоя бердім. 
Менің   алғашқы   ұстазым,   тұңғыш   командирім   Николай   Васильевич   Редин   осылай 
дүниеден қайтты». 
Автор.   Сіз   жайында   ел   ішінде   айтылатын   аңыз   орасан   көп.   Қазіргі   жазба   әдебиеттің 
заманында ауыз әдебиетініңде кейіпкері болып жүрген екі-үш адам бар. Олар: С. Мұқанов, 
Б. Момышұлы және С. Жанбаев. Өзіңіз туралы етек алып кеткен сол аңыздар жайында не 
айтар едіңіз. 
Бауыржан. Мен өмірімде екі түрлі аңызды басымнан кешірдім. Бір кезде мені жер-көкке 
сыйғызбай   аңызға   айналдыра   мақтады.   Кейінгі   кезде   әркімдер   аңызға   айналдыра 
жамандады. Мақтады деп тасқамын жок, жамандады деп жасығамын жоқ. Қара қылды 
қақ жарғанды мақтайды да, боқтайды да ғой, қарағым.
V
Автор. Жазушылыққа шындап қашан бет бұрдыңыз? 
Бауыржан. Партия мен үкімет әскерде көп қызмет істедің, демал деп, айына екі жүз сом 
пенсия тағайындап, ауылыма қайтарды. Елге келгеннен кейін екі қолым алдыма сыймады. 
Қызметке тұрайын десем, мамандығым жоқ. Қалай дәрігер, агроном бола алмағанымды 
жоғарыда   айттым.   Мамандығым   болмаған   соң   маған   жұмыс   бер   деп   ешкімге   айта 
алмадым. Қарап жүруге тағы да болмады. Аз болсын, көп болсын біраз өмір сүріппін. Сол 
өмірде 
көргендерім де аз емес екен. Айтсам арттағыларға ғибрат боларлық та жайлар жеткілікті 
сияқты. Білім де, тәжірибе де, оларды айтып беруге тіл де баршылық. Қазақта: «Сайтан 
өлмейді, адам өледі» деген нақыл бар. Ендеше, ерте ме, кеш пе, мен де сол өлетіндердің 
бірімін. Осыларды ойлап отырдым да бір күні: «Менің білімімнің, тәжірибемнің, әй, құдай 
біледі,   ана   дүниеге   керегі   жоқ   шығар.   Енді   қалған   өмірімде   көрген-білгенімді   жастарға 

айтып   кетейін»   деп   қолыма   қалам   алып,   жазу   жұмысына   кірістім.   Өзім   көрген   асыл 
азаматтар   өнегесін,   өз   тәжірибемді   өсіп   келе   жатқан   ұрпаққа   үлгі   етіп   қалдыруды 
адамгершілік парызым деп білдім. Жазушылыққа осылай бет бұрдым. 
        Сөйтіп,   бір   жыл  өтті.  Мен   әскери  борышымның  мерзімін   өтеп   болдым.   Осы   кезде 
Коваленко маған взвод командирі болып әскерде қалсаң қайтеді деген ұсыныс айтты. 
-         Кәрі әкенің жалғыз баласы едім,-дедім мен оған. - Қатардағы қызыл әскер ретінде 
парызымды   өтедім   ғой.   Өмір   бойы   әскери   адам   болсам   деп   ойлаған   кісі   емеспін. 
Сондықтан мені елге қайтаруыңызды өтінемін. 
Коваленко қарсы болған жоқ. Қыс түсе мен әскерден босап, елге қайттым. 
Автор. Сіз өзіңіздің мақал, мәтелдеріңізді қалай шығардыңыз? 
Бауыржан. Мақал, мәтел - өмір тәжірибесі. Қиналған, қысылған сәттерің мен шақтарың 
бар,   сол   қысылшаң   кезден   қалай   құтылғаныңды   оймен   өрнектеп,   сөзбен   кестелесең, 
тұжырып қысқа бейнелесең нақылға айналады. Қол астында пәлендей мың солдат болып, 
оның   пәлендей   семьясының   тағдыры   және   сенің   мойныңда   болса,   ойланбай   отыра 
алмайсың.   Сонымен   бірге   солдаты   өлімге   жұмсау   да   оңай   емес.   Қарамағымдағы 
жауынгерлер маған тек бағынышты ғана болған жок. Олардың ішінде ақылгөйлері де 
көп болды. Кейде солардың ауыздарынан маржандай асыл сөздер атқылап жатады. Мен 
елден естігенімді оймен елеп, екшей бердім. Екшегенімді ерінбей қағазға түсірдім. 
Автор. Сіздің сол көп нақылдарыңыз ішінде әсіресе өткірі, уыттысы  «Бақаның бағынан 
сұңқардың соры артық» деген мақалыңыз қалай туып еді? 
Бауыржан. Жақсы командир жауынгерін зор етеді. Жаман командир офицерін қор етеді. 
Генерал Панфилов қайтыс болғаннан кейін аз уақыт болса да осындай бір командирге тап 
болдық та, ол бүкіл дивизияның берекесін алды. Сондай бір қысылғанда ауыздан шыққан 
сөз ғой бұл, қарағым. 
     Мен қақпайлағанмен Баукең өзі нысана тұтқан желісінен ауытқысы келмейді білем, өз 
арнасына қайта түсе жөнеледі. 
-         Сонымен   1933   жылдың   аяғында,   қақаған   қыста,   шинелімнің   екі   етегі   делеңдеп, 
шлемімнің екі құлағы салпаңдап, Бурныйға тоқтаған поездан дік етіп жерге түстім. Поезда 
келе жатқанда Тайганың алдан қашқан ақ түлкісінің құйрығындай жеп-жеңіл, жұпжұмсақ 
сияқтанып, дала бетінде бұлаңдап тұрған боранның жерге түскенде екпіні ер жігітті алып 
соғардай   қатты   екен.   Маңдайында   қызыл   жұлдызы   жарқыраған   шошақ   шлемнің   екі 
құлағын 
иегіме қамзау етіп байладым да, алдымен ауыл жаққа қарадым. 
     Ауыл көрінбейді. Мынау сансыз ақ түлкінің құйрығындай бұлаңдаған ақ түтектердің ар 
жағында, төрт-бес шақырым жерде ғана тұр. «Жүр-жүрлеп!» жүректі сағыныш жетелейді. 
«Сабыр, сабыр!» деп санам тартпақтайды. Жас адамға жүрек - би. Сана билейтін шар 
тартқан   кез   емес   еді   ғой   ол.   Сақылдаған   аяз,   соғып   тұрған   боранға   қарамастан: 
«Қайдасың,   аяулым,   ауылым?   Қайдасың,   ата-ана,   бауырым?!»-деп,   Мыңбұлақты   бетке 
алып, жүрдім де кеттім. 
       Боран менің кеудемнен соғады, мен оны кері итеремін. Екеуіміз теке тіреспен келеміз. 
«Айналайын   даламның   ақ   бораны!   Бауыржан   әскерде   қандай   азамат   болды   екен   деп 
сынағың келетін болар сенің. Сына! Ал аяғымнан! Күрес менімен. Бәрібір Бауыржан сенің 
қиқағыңа көнбейді!» деймін өз-өзімнен күбірлеп. 
        Сөйтіп, Евгеньевканың тұсына жеттім. Жол селоға соқпай, сыртымен өтетін еді. Бала 
күнімде көшесінде талай рет асыр салған село көзіме жылы ұшырап кетті. «Евгеньевка, 
амансың   ба,   ей?»   дедім   бар   даусыммен   айқайлап.   Менің   аузымнан   шыққан   айқайды 
боран   ала   қашып,   естіртпеді-ау   деймін,   сірә,   мұржалары   қиқиып,   шатырлары   тоңған 
торғайдың   қанатындай   қобырап   тұрған   село   бері   қарай   жүрмей,   ары   қарай   алыстаған 
сияқтанып,   көзімнен   ғайып   болды.   Тағы   да   аз-маз   тұрдым.   Боран   сәл   толастап,   село 
қайта көрінді. Көзіммен Гончаровтардың үйін іздеп таптым да: 
«Әй,   Василь,   не   істеп   отырсың?»   деп   тағы   бір   саңқ   етіп,   қайтадан   ауылыма   қарай 
аяңдадым. 
Бір   кезде   қар   ойылып   кетіп,   белден   келер   тереңге   гүмп   еттім.   Мыңбұлаққа   жеткенімді 
сонда   ғана   білдім.   Өйткені   біздің   ауылымыздың   айналасы   сансыз   бұлақ   болатын. 

Сондықтан да ол жер Мыңбұлақ атанған. Ол бұлақтардың суы қыста қатпайтын, жылы 
болатын.   Осындай   боран   соғып   тұрғанда   бетін   қар   бүркеп   қалғаны   болмаса,   боран 
басылысымен бұлақтар бетін ашып, бойларынан буы  бұрқырап жататын. Сейтсем мен 
сол бұлақтарға келіп 
сүрінген екенмін.
Ит   үрді.   Мыңбұлақтың   босағасына   жеткенімді   енді   тіпті   айқын   сездім.   Сартылдатып 
қақпаны қақкан түнгі жолаушыдай болып, жұдырықтай жүрегім кеудемді ұрғылады. Бірақ 
бір таңғалғаным бұрын ауылда бір ит үрсе, дереу оған екіншісі қостап, шәңкілдеп үшіншісі, 
маңқылдап төртіншісі қосылып шыға келетін еді. Сөйтіп, ит үнінің ансамблі туатын еді. 
Сонда маған біріне-бірі үн қосу жағынан иттен ұйымшыл еш хайуан жоқ шығар деген ой 
келетін. Енді міне, тарқаған ансамбльден қалған жалғыз әншідей болып, жалғыз ит қана 
шәуілдейді. 
Автор. Ең жақсы көретін ұлттық тамағыңыз не? 
Бауыржан. Быламық пен ботқа, тары көже, күріш көже, сұлы көже, бір сөзбен айтқанда 
көжелер. Бұлардың бәрі менің «ашаршылықта жеген құйқадай» аузымда дәмі мәңгі қалған 
астар.   Қазір   біреу   «ашыған   бидай   көже»   деген   сөзді   аузына   алса,   мен   арақ   көрген 
алкоголиктей болып, өз-өзімнен тамсана бастаймын. 
-         Боранды   күндері   ауыл   үйлерінің   есігі   бекітулі   болады.   Бұйығып   әркім   өз   отының 
басында отырады. Ондайда кезеген аяқ қыдырмашылар да қыбыр ете алмайды. Міне, 
осындай сәттің бірінде, кешке таман, бораннан бұғып, Жуалының бауырына тығыла жым-
жырт боп жатқан ауылыма келдім. Үстін жым-жылас етіп қар басқан, жым-жырт ауылым 
маған жайнаған жәрмеңкедей боп көрінді сол сәтте. 
           Біздің   үйдің   қақпасы   бекітулі   екен.   Жүгіріп   отырып,   үй   сыртындағы   қар   басқан 
терезеге бардым. Бетімді суық шыныға тақап тұрып әкеме дыбыс бердім. 
-        Бұл кім? - деп жалғыз ұлын сағынып, елегізіп отырған әкем терезе алдына келді. 
-        Жәке, мен ғой! - дедім даусым балапандай шар ете түсіп. 
-        Әй, Айқан, етігім кайда? - деген әке даусын және естідім. 
       Содан   соң   шинелімнің   Мыңбұлақтың   суына   малынып,   сауыс   боп   қатып   қалған   екі 
етегімен омбы қарды сызып, асыға қақпаға қарай жүгірдім. 
        Алыстан   аңсап   келгенде   туған   үйіңнің   есігін   алдыңнан   шығып   әкең   ашқан   қандай 
ғанибет десеңші, шіркін! Екі аяғын қоңылтаяқ етікке сұға салып, көйлек-дамбалшаң, жалаң 
бас жүгіре шыққан, көзінен ыстық жасы сақалына моншақтаған сол сәтгегі әке суреті 
жүрегімде мәңгі сақталып қалды. 
        Әкемнің асырап алған Бегімше деген қызы болушы еді. Есік ашуға сол қоса жүгірген 
екен. Әкем мені құшақтап, мауқын басқаннан кейін Бегімшені көкемдердікіне жұмсады. 
-        Бар, Бауыржан келді деп хабарла! - деді. 
Жәкемнің жүрегінде қаншама маған деген сағыныш, мақтаныш, үміт жатқанын мен сонда 
ғана   аңғардым.   Бірақ   мен   әкемнің   кәрі   жүрегін   сыздаткан   сағынышын   сәл   басқанмен, 
аталық асыл мақтанышын ол кезде ауыл төңірегінен асыра алмадым. Үмітін үлбіретіп көзі 
тірісінде қолына ұстата алмадым. 
VI
Автор. Арғы-бергі әнші, композиторлардан кімді ерекше бағалайсыз? Ән мен күйден аса 
ұнататындарыңыз қайсылары? 
Бауыржан. Тоқтай тұрғын. Мен ойымды аяқтағамын жоқ әлі... 
         Не   дедім   мен?   Иә,   үмітін   үлбіретіп   көзі   тірісінде   алақанына   апарып   қондыра 
алмадым. Өзіңе өмір берген асыл ата-анаңның қасиетті қарызын өздерінің алдында өтей 
алмай   өту   де   арман   екен-ау,   қарағым.   Олар:   бізге   қарызыңды   өзіңнің   парызыңа 
айналдырып,   біздің   немерелерімізге   бер   деп   қайырылмастан   кете   береді   екен   ғой 
жарықтықтар. Ал немере дегендері сенің асыл борышыңды иесіне адал өтегеніңді білсе 
жақсы, білмесе жаныңа 
жамау ғой ол да бір. Әркімнің өз қарызын өзіне өтегенге не жетсін өмірде! Алғаныңды ақы 
иесіне қайыру да ғанибет қой, қарағым. 
       Ал жаңағы сұрағыңды қайтадан қойғын. 

Автор. Арғы-бергі әнші, композиторлардан кімді ерекше бағалайсыз? Ән мен күйден аса 
ұнататындарыңыз қайсылары? 
Бауыржан.   (Аз   ойланып   алды.)   Бұрынғы   классик   күйші,   ардагер   әншілердің   бәрін   де 
ұнатамын. Ал қазіргі әнші, композиторлардан көпшілігін жоғары бағаламаймын. Өйткені 
кейбір әншілер қазақ әнінің әуенін бұзып, үнін өзгертіп, қазақтың тілін тұтықтырып, сөзін 
сындырып айтады. 
     Осыдан кейін домбыра шерткен сияқтанып, сол қолын көтере ұстап, оң қолын сермеп, 
сөзін айқын етіп, «Қаракесекті» әндетіп шықты. 
Сұрасаң руымды Қаракесек, 
Досымнан дұшпаным көп қылған өсек. 
Дұшпанның қуғындаған жаласынан, 
Жатқаным қу карағай болып төсек. 
Міндім де қаракөкпен жылыстадым, 
Бардым да Қараөткелге жыл қыстадым... 
-        Бұл нағыз ән ғой? - деді Бауыржан маған басын изеп. 
-        Ән. 
-        Қандай ән? 
-        Жақсы ән. 
-        Жақсы дейді ғой, - деді ол қабағын шытып. - Трагедиялық ән емес пе? 
-        Иә, қасіретті, қайғылы ән. 
-        Ендеше осы күнгі әншілер бұл әнді былай етіп айтады: 
Сұрасаң аруымды Қора-кисек, 
Досымнан дұшпаным куп кылған осек. 
Миндим де қоракукпен жылыстадым, 
Бардым да Қарауткелге жылқы ұстадым... 
Бауыржан осылай, өлеңнің алғашқы түсінікті сөздерін адам ұқпастай етіп өзгертіп, көзін 
ойнақыландырып, ырғаңдап, селкілдеп отырып, қайтадан әндетіп шықты. 
-         Міне,   көрдің   бе,   кейбір   әншілер   қайғыны   биге,   қасіретті   арзан   күлкіге,   мұңды 
қуанышқа   айналдырып   жібереді.   Ендеше,   мен   неге   ондай   әншілерді   жақсы   керуге 
тиіспін?.. А?.. 
      Осылай деп ол маған ежірейе қарап, қатты ақырып қалды. Осы кезде ана жақтан әйелі 
жүгіріп келіп, есікті ашып жіберді де, жапалақтап менің бетіме қарады. Тегі Баукең екеуіміз 
бірдеңеге шатақтасып қалды ма деп сасқалақтап келгенге ұксайды. 
-        Бауыржан, немене, мені шақырдың ба? - деді одан соң күйеуіне бетін бұрып. 
-        Әй, жапқын есікті! - деп Бауыржан әйеліне қолын бір-ақ сілтеді. 
Кәмәш есікті жауып, кетіп калды. Сәл үнсіз түксиіп отырды да, Бауыржан сөзін қайтадан 


1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал