Ақиқат пен аңыз Әзілхан Нұршайықов



жүктеу 5.01 Kb.

бет16/42
Дата08.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   42
Советтің мүшесі. Бұл жолдастарға мен бұйрықтың мән-жайын айтып түсіндірдім. Бірақ... 
Москва: Немене, тылға бармаймыз дей ме? 
Дарно: Бұйрық болса - барамыз. Бірақ біздің өтінішіміз бар дейді. 
Москва: Қандай өтініш? 
Дарно:   Командирлер   мен   саяси   кызметкерлер   бір   ауыздан   өздерін   осы   дивизияда 
қалдыруды   өтінеді,   жолдас   Әскери   Советтің   мүшесі.   Бұл   жолдастар   маған   былай   деп 
отыр.   Егер   немістерге   әліміз   келмесе   Москваны   қорғап,   бәріміз   де   осы   жерде   өлеміз. 
Немесе 8-гвардиялык дивизияның кұрамында жеңіске жетіп, осы арадан Берлинге дейін 

барамыз!   -   дейді.   Олар   осы   өтінішінің   Әскери   Советтің   мүшесі   арқылы   Жоғарғы   Бас 
қолбасшыға жеткізілуін сұрайды. 
Москва: Өзіңіз қалай ойлайсыз, жолдас Егоров. 
Дарно:   Менің   жарты   жаным   осылардың   кеудесінде,   жолдас   Әскери   Советтің   мүшесі. 
Бұларсыз мен қалай өмір сүремін... 
Осы   кезде   екі   жақ   та   үнсіз   қалды.   Комиссардың   мына   сөздері   де,   жаңағы   Бауыржан 
сөздеріндей,   сай-сүйегімізді   сырқыратып   жіберді.   Бақсам   Балтабек   гимнастеркасының 
жеңімен көзін сүртіп жатыр екен. Осы кезде Москва даусы трубкадан қайта естілді. 
Москва: Онда мені жарты сағаттай күтіңіздер. Жолдастардың тілегін Жоғарғы қолбасшыға 
жеткізейін. 
Дарно: Кұп, жолдас Әскери Советтің мүшесі. 
Комиссар   жайлап   трубканы   орнына   койды.   Мәселенің   калай   шешілетініне   көзі   жетпей, 
оның да іштей мазасыз күйге көшкені аңғарылды. Содан кейін басын көтеріп: 
- Жолдастар, сыртқа шығып, темекі тартып келулеріңізге рұқсат,-деді. 
Жітіттер 10-15 минутта темекілерін тартып үлгіріп, қайтадан үйге кірді. Мен алдын ала 
келіп, комиссарға тақау жердегі орныма жайғастым. Әркім-ақ жарты сағаттың тез болуын 
күтіп, шыдамсыздана сағаттарына қарайды. Мен де дамылсыз сағатыма үңілемін. 
    Жиырма минуттан кейін былғары қапты телефон шылдыр ете қалды. Алғашқыдай емес, 
комиссар трубканы қолы қалтырап әрең құлағына жеткізді. 
Дауыс: Сізсіз бе, жолдас Егоров? 
Егаров: Иә, менмін, жолдас Әскери Советтің мүшесі. Сізді тыңдап тұрмын. 
Егоровтың қолы ғана емес, даусы да дірілдеп, бұзылыңқырап шықты. 
Москва:   Жоғарғы   қолбасшы   8-ші   гвардиялық   дивизия   командирлері   мен   саяси 
қызметкерлерінің тілегін қабыл алды. 
Дарно:  Рақмет, жолдас Әскери Совет мүшесі. Жоғарғы қолбасшыға рақмет  және Сізге 
рақмет. 
Москва: Жолдастарды бөлімдеріне қайтарып, бұрынғы қызметтеріңізге кірісе беріңіздер. 
Егоров: Құп, жолдас... 
Осы кезде батальонный Балтабек «уралап» кеп қоя берді. Оған орнымыздан ұшып тұрып, 
бәріміз қосылдық. Егоровтың Булганинге айтқан соңғы сөздерін естімей де қалдық. Көзі 
шүңірейіп,   екі-үш   соғыста   арса-арса   боп   қатты   жүдеген,   әсіресе   Москвамен   сөйлескен 
соңғы минуттарда буын-буынынан әл кеткендей, әлдебір ауыр ұрыстан жаңа шыққандай 
боп   қажыған   комиссар,   трубканы   аппаратқа   қойып,   куанышын   жасыра   алмай,   елжірей 
күлімдеп, орнынан көтерілді. 
Міне, енді ойлап қарасам Баукеңнің сол жолғы, 1941 жылдың 16 декабрінде Москвадан 
қырық   шақырым   жердегі   Дарно   деревнясындағы   бұрынғы   колхоз   кеңсесінде,   дивизия 
комиссары   Егоровтың   алдында   сөйлеген   сөзі   талай   адамның   тағдырын   өзгертіп, 
жұлдызын жандырған тарихи сөз болған екен. Сол сөзімен ол өзін де, өзгені де қолынан 
жетектеп,   мәңгілік   даңқтың   табалдырығынан   аттатыпты.   Олай   дейтінім   сол   жолы 
Бауыржан сөйлемесе, бәріміз: «Е, жоғарғы жақтың бұйрығы солай болса, онда не шара» 
деп Алматыға аттанып кетсек, ең алдымен 8-ші гвардиялық дивизия бұл дәрежеде бүкіл 
дүние  жүзілік   даңққа   ие  болар  ма  еді,   болмас  па  еді?  Әй,   болмас  еді  деп   ойлаймын. 
Әрине, біз кетіп қалсақта 8-ші гвардиялық дивизия көп гвардиялық дивизияның бірі болып 
қала берер еді. Оған дау жоқ. Бірақ ол тамаша дәстүрі бар, тарихи адамдары көп Совет 
Армиясындағы ең мәшһүр дивизия болып атағы жайылмас еді. Егер Бауыржан сол жолы 
дивизиядан кетіп қалса, оның өз атағы да дәл мұндай дәрежеге жетпес еді.
Генерал   Панфилов   өз   қолымен   шындаған   бұл   дивизия   талай   жұлдызды   батырларды 
шығарды, солармен бірге жұлдызсыз жүлделі Бауыржан есімін бүкіл елімізге паш етті. Ал 
Бауыржан өз дивизиясын бүкіл әлемге танытгы. Сөйтіп дивизия Бауыржанды даңқты етті. 
Бауыржан   дивизияның   даңқына   даңқ   қосты.   Біздің   дивизиядан   шыққан   барлық 
батырлардан басқа аттары ерекше аталатын екі адам бар. Оның бірі Панфилов болса, 
екіншісі Бауыржан. Панфилов 8-ші гвардиялық дивизияның даналығы болса, Бауыржан 
дивизияның   ар-намысы   болды.   Панфилов   асқар   таудай   атақты   дивизияның   табаны 
болса, Бауыржан оның ең биік шыңы болды. Панфилов дивизияның жүрегіндегі лаулаған 

оты   болса,   Бауыржан   оның   лапылдаған   жалыны   болды.   Панфилов   дивизия   ерлігінің 
аспаны   болса,   Бауыржан   сол   аспанның   төсінде   жарқыраған   жарық   жұлдызы,   төбеден 
аумас темір қазығы болды. Егер 
сол жолы дивизиядан Бауыржан кетіп қалса, онда Александр Бектің атақты «Волоколамск 
тас   жолы»   кітабы   тумас   еді.   Бауыржан   Момышұлының   «Москва   үшін   шайқас»   кітабы 
дүниеге   келмес   еді.   Егер   Бауыржан   сол   жолы   анадай   сөз   сөйлеп,   өзін   де,   өзгені   де 
дивизияда   ұстап   қалмаса,   онда   мына   мен   де   дәл   бүгінгі   дәрежеме   жетпес   едім   деп 
ойлаймын. Мінеки, менің Бауыржанды бірінші рет көруім осылай. «Бір көрген - біліс, екі 
көрген - таныс» дейді ғой қазақ. Енді мен онымен жақын білісіп, танысқанымды айтайын 
саған. 
        Содан, Бауыржанның өжеттігі арқасында Алматыға бармайтын боп Москвадан рұқсат 
алғаннан   кейін,   бәріміз   өз   полктарымызға   келдік.   Жауынгерлерді   әрі   тынықтырып,   әрі 
соғыс ісіне үйрете бастадық. Өйткені соғыс дегеннің өзі оқу сияқты ғой: оқыған үстіне оқи 
бергеннің   артықтығы   жоқ.   Сол   сияқты   соғыс   өнерін   білген   үстіне   біле   беру   парыз. 
Дивизияны толықтыру үшін жаңадан адамдар келгенше осындай әрекет жасап жаттық. 
VI
1942 жылы 5 январьда полк комиссары Ахметжан Мұхамедияров мені Ново-Никольскідегі 
штабқа шақырды. Полк Нахабинодан осында көшкен болатын. 
-         Сіздің   бұйрығыңыз   бойынша   келдім,   жолдас   комиссар,   -   деп   баян   еттім   үйге 
кіргеннен кейін. 
-        Келсең, шешін де жоғары шық, - деді комиссар. Шықтым. 
Барлык батальон комиссарлары жиналған екен. Солардың арасын нұсқап: 
-        Сіз жолдас Бауыржан Момышұлын танисыз ба? - деді комиссар. 
Қарасам анада, дивизия штабында көрген қаршыға көз командир біздің комиссарлардың 
арасында отыр екен. Неге екенін білмеймін, оны көргенде жүрегім бір түрлі боп лүпілдей 
соғып кетті. 
-        Танимын, жолдас комиссар. 
-         Онда   жақсы,   Бауыржан   біздің   полкке   қызметке   келіп   отыр.   Полк   командиріне 
орынбасар боп тағайындалды. 
-         Уақытша ма, әлде түпкілікті боп тағайындалды ма? - деппін мен аузыма басқа сөз 
түспей. 
-        Оны болашақ керсетер, - деп комиссар әңгімені тез басқа арнаға бұрып жіберді. 
«Е, жарайды, - деп ойладым мен. - Әйтеуір бізге келсе болды». 
Дивизия  алғаш   ұрысқа   кіргенде  оның   полктерінде  автоматшылар   ротасы   деген  болған 
жоқ. Тек он бірінші ноябрьде немістер Дубосековаға бар күштерін төгіп, Москваға екінші 
рет   еміне   бастаған   сәтте   полковник   Капров   пен   комиссар   Мұхамедияров   мені   алғы 
шептегі   атқыштар   ротасынан   шақырып   алып,   тездетіп   автоматшылар   ротасын   құруға 
бұйрық берді. 
-        Сен сол ротанын саяси жетекшісі боласың, командирінді кейін тағайындап береміз. 
Керекті адамдарды батальондардан аласың. Оларға бұйрық берілді, - деді. 
-        Е, жарайды, батальондар тандаулы адамдарын берсе болды. Маған рота құру үшін 
көмекке полк комсомол ұйымының секретары, үнемі батальондарда жүретін болғандықтан 
«батальонный Балтабек» атанған Жетпісбаевты қосып берді. 
          Қатары   өткен   ұрыстарда   азайып,   алғы   шепке   тұрған   батальондар   таңдаулы 
адамдарын бермей, автоматшылар ротасын кұру кешеуілдеп қалды. Небәрі қарамағымда 
13 автоматшы ғана жиналған күні - 15 ноябрьде Капров маған бұйрық берді. 
-        Қарамағыңдағы автоматшылар ротасымен Ширяево селосын қорғауға бірінші ротаға 
көмектесесің, - деді. 
-         Е, жарайды. Бірақ бізді рота деп айтуға келер ме екен, он үш қана адамбыз ғой,-
дедім мен. 
-        Келгенде қандай. Бір автоматшың минутына екі жүз оқ шығара алады. Ол бүкіл бір 
отделениенің шығаратын оғымен парапар. Сонда 13 автоматшың атқыштар ротасының 13 
отделениесіне тең. 

-        Е, құп олай болса, - деп мен бұйрық орындауға кеттім. 
Біздің ротаға әлі командир тағайындалмаған болатын. Рота аталған 13 адамға өзім әрі 
командир, әрі саяси жетекші болдым.
Ертеңінде немістердің Дубосекова разъезіне қарай қиян-кескі шабуылы  басталды. Осы 
ұрыстарда   автоматшылар   өздерінің   қайратын   керсетті   де.   Содан   кейін   дивизия 
демалысқа шықты да, автоматшылар ротасы әлі күнге дейін дұрыстап толықтырылмай 
келе жатқан болатын. 
        Мұхамедияров   маған   таяу   күндерде   полкты   толықтыруға   Қазақстаннан   адамдар 
келетінін айтты. 
-         Оларды жақсылап қабылдау үшін комиссия құрдық. Соның бір мүшесі етіп өзіңді 
бекіттік.   Ротаңның   командиріне   Соловьев   тағайындалды.   Соны   қасыңа   ала   отырып, 
келген адамдардан автоматшыға лайықтыларын таңдап алыңдар. 
-        Е, мақұл. 
-         Комиссияның   председателі   Момышұлы   жолдас.   Бүгіннен   бастап   осы   кісімен 
байланыста бол. 
-        Е, жарайды. 
Сонымен комиссияға деп бір үй бөлінді. Ол тоқыма фабрикасының кең клубы екен. Біз 
сонда   отырамыз.   Келген   адамдарды   қабылдап,   батальон-батальонға   бөлеміз.   Бір   топ 
жаңа алынған жастар күндіз кеп қалса, келесі тобы түнде келеді. Бұл екі арада комиссия 
мүшелерінің өзара сөйлесіп, әңгімелесулеріне де уакыт бар. 
     Бір күні осындай бір әредікте Бауыржан маған қарап: 
-        Ал, әңгіме айтыңыз, жолдас политрук, бізді осылай зеріктіріп қоясыз ба? - деді. 
Оны ең алғаш Дарно деревнясында түнде көргенімде екі-ақ ауыз сөз естіп, көңілім толмай 
қалған. «Өзінен басқа аға лейтенант жоқтай, Оқжетпестің тасындай боп мелшигені несі?» 
деп ойлағанмын. 
Ертеңінде оның Егоров алдында сөйлеген сөзін тындап, өткен түнде ғана тас мүсін деп 
таныған адамымның аузынан сай-сүйекті сырқырататын жігерлі, жалынды, саналы сөздер 
естігенде оның аталы ой, өкім үніне тәнті боп ғажаптанғанмын. 
         Міне, содан кейін бұл адам біздің полкқа келді. Келе сала жұртпен шүйіркелесіп те 
кеткен жоқ, оқшау да қалған жоқ. Нағыз әскери адамға тән ішкі ырғақпен, көбіне үнсіз  
жүріп   жатты.   Аз   сөйлеп,   көп   тыңдап   жүрді.   Оның   үнсіздігінің   өзі   ауызды   жай   жұмып 
отырғандық   емес,   ішкі   тегеуірінді   тежеген,   жөн-жосықты   екшеген   парасаттылықты 
танытатын еді. Сонымен бірге оның жүзі жылыған сәтке алданып қалуға да болмайтын. 
Ол орынсыз қылық, оғаш сөзді бірден тыйып тастайтын өрлілігімен де танылып қалған 
болатын. 
          Міне,   сол   адам   маған   бірінші   рет   жылы   ұшырап,   тіл   қатты.   Анада 
«ассалаумағалейкум» дегенім үшін үнсіз жазғырғаны жадымда сақталып қалған мен бұл 
жолы сақтана жауап қайтардым. 
-        Не айтайын, жолдас капитан? 
-        Елден хат бар ма? 
-        Кеше Алматыдан, Сәбит Мұқановтан хат алдым. 
-        Не жазыпты? 
-         Сәкең біз аман-саумыз, жауды жеңіп қайтындар. «Қобыланды батырың» сені күтіп 
жатыр депті. 
-        Ол не? 
-         Ол   менің   «Қобыланды   батыр»   деген   атпен   жазып,   қорғап   үлгіре   алмай   кеткен 
диссертациям. Соғысқа кетерде аманат деп сол кісінің қолына беріп кетіп едім. 
-        Сәбит жақыныңыз ба еді? 
-        Жоқ. 
-        Онда қалай танысып жүрсіз? 
-        Ол ұзақ әңгіме ғой, жалықпасаңыз айтайын, жолдас капитан... 
УП

Сырттан   топырлай   басқан   аяқ   дыбысы   естілді.   Сықырлап   есік   ашылып,   ішке   жаңа 
команда   келіп   кірді.   Мен   барып,   бұрыштағы   диванда   ұйықтап   жатқан   жолдастарды 
ояттым.   Комиссия   мүшелері   тегіс   үстел   басына   жайғасып,   қарсымыздағы   ұзын 
скамейкада отырған алты-жеті жігітпен әңгімелесуге кірістік. Бәрі де қазақ жігітгері екен. 
Жиырмаға жаңа ғана ілінген жастар. Біз сұрақ қоя бастадык. 
-        Қайдан келдіндер, жігіттер? 
Олар қозыдай маңырасып, қосыла жауап берді. 
-        Алматыдан. 
-        100-ші бригададан. 
-        Қай облыстансындар? 
-        Шығыс Қазақстаннанбыз. 
-        Семейденбіз. 
-        Талдықорғаннан келдік. 
-        Алматы қалай, жақсы ма? 
-        Жақсы. 
-        Ал енді бір-бірлеп фамилияларыңды айтындар. 
Осы кезде өткір көзді қара торы жігіт орнынан ұшып тұрып, бірден бірнеше фамилияны 
шұбырта жөнелді. 
-        Тоқтаров-Батталов-Нұрбосынов.
-        Өз фамилияң кім? - деді Бауыржан оған отты көзін қадап. 
-        Тоқтаров-Батталов-Нұрбосынов, - деді қара торы жігіт қайтадан тайсалмастан. 
-        Немене, сенің фамилияң осындай ұзақ па? Әлде бір өзіңнің үш фамилияң бар ма? 
-         Жоқ,   жолдас   капитан.   Бұл   мына   үшеуіміздің   фамилиямыз,   -   деп   ол   қасындағы 
дембелше   сары   мен   сұңғақтау   аққұба   жігітті   нұсқады.   -   Осы   үшеуіміз   Алтайдан, 
Лениногорскіден   келдік.   Қорғасын   заводының   жұмысшысымыз.   Алматыда,   жүзінші 
бригадада бірге болдық. 
Осы   кезде   мен   орнымнан   тұрып,   көрші   бөлмеден   ротамның   командирі   аға   лейтенант 
Соловьевті ертіп келдім. 
-        Осы топтағы жігіттер бізге лайық сияқты,-дедім. 
Тегі, жаңа мен орнымнан тұрып кеткен кезде Бауыржан жігіттерге бірге болғыларың келсе 
сендерді   автоматшылар   ротасына   жіберейік   деген   болуы   керек.   Мен   Соловьевті   ертіп 
қайта 
келгенде жаңағы қара торы жігіт Бауыржанға былай деп сұрақ қойып тұр екен. 
-        Автоматшы деген не? 
-         Өзгелер оқты дұшпанға бір-бірлеп атса, автоматшы оқты жаудың  басына уыстап 
төгеді, жаңбырдай жаудырады. 
-        Ендеше үшеуімізді де соған жазыңыз. 
Бауыржан Соловьев екеуімізге қарап иек қақты. Мен жігітгерді тізімге ала бастадым. 
-        Қане, автоматшы боламын деген азаматтар аты-жөндерінді айта беріндер. 
Олар аты-жөндерін айтып тұрды, мен жазып жаттым. 
-        Тоқтаров Төлеген. 
-        Батталов Жұмажан. 
-        Нұрбосынов Жүніс. 
-        Хасенов Жұмаділ. 
-        Нысанов Байеділ. 
-        Жүнісов Қайырбек. 
-        Отставить! - деді Бауыржан Жүнісов деген фамилияны қағазга жаза бергенімде. 
Мен   қоя   қойдым.   Бауыржан   аяңдап   біздің   қасымызға   келді   де,   жас   жауынгерге   сұрақ 
қойды. 
-        Қайдан келдің? 
-        «Ақбұзаудан». 
-        «Ақбұзауың» не? 
Жігіттер тегіс ду күліп жіберді. Олармен қоса Жүнісовтың өзі де күлді. 
-        Ауыл, колхоз, жолдас командир. 

Бауыржан күлген жігіттерге сұстана көз тастады да: 
-        «Ақбұзау» колхозында кім боп қызмет істедің? - деді жас жауынгерге. 
-        Тракторист болдым, жолдас командир. 
-         Онда сен ауылыңның белді азаматы екенсің. - Бауыржан төртбақ денелі қазанбас 
жігіттің арқасынан бір кағып қойды. 
-        Ал майданда сенің мінетін тұлпарың танк болуы керек еді. Бірақ біздің полкта танк 
жоқ. Сондықтан пулеметші болсаң қайтеді? 
-        Сіз бол десеңіз болайын, жолдас командир. 
-         Есіңде   болсын:   «Максим»   пулеметінің   немістерге   қаһары   кейде   танктен   кем 
түспейді.   Бірақ   оны   баптап   ұстауың,   жорықтарда   үнемі   иығыңа   салып,   арқалап   жүруің 
керек. 
-        Жарайды, жолдас командир. 
Бауыржанның жұқалтаң еріні жымиып, көзінен жылы күлкі ұшқындады. 
-         Шиыршық атқан мына жігіттердің автоматшы болғандары дұрыс. Ал саған автомат 
арқалатып қою мынадай азамат тұлғаңа обал ғой. Сенің автоматың пулемет болсын. 
      Жігіттер де, бәріміз де күлісіп жатырмыз. Тракторист жігіт те күліп, қайта-қайта басын 
изеді. 
        Бұл күлкі майданға жаңа келген жігіттердің терісін кеңіткен бір шуақты  сәт болды. 
Бәлкім,   осы   сөз,   осы   күлкіні   олар   өмір   бойы   естерінде   сақтап   қалар.   Қиын-қыстау 
кезендерде оларға командирдің бұл әзіл-қалжыңы демеу болар. 
        Әрине, бұл ой ол кезде Бауыржаннан басқамыздың басымызға келген жоқ еді. Қазір 
ойласам Бауыржан соның бәрін жігіттерге жігер беру үшін әдейі айтқан екен ғой. 
-         Қатардағы жауынгер Жүнісовты 1-батальонға, пулемет ротасына жазыңыз, - деді 
Бауыржан   содан   соң   полкке   келген   жауынгерлерді   тізімдеп   отырған   хатшыға   қарап.   - 
Басқалары автоматшылар ротасына берілсін. 
-        Мәке, - дедім мен осы арада Мәліктің сөзін бөліп. - Жаңағы Жүнісов дегеніңіз біздің 
ауылдың баласы еді. Жасынан әке-шешесіз жетім өсті. Ер жеткен соң тракторист болды. 
Мектепте жүргенімізде баскалар кластың есігін қолымен итеріп, не аяғымен теуіп ашса, 
Қайырбек басымен сүзіп ашатын. Сондықтан ол ауылымызда Шойынбас атанып еді. 1941 
жылы   декабрьдің   басында   біздін   ауылдан   бір   жылы   туған   төл   он   бес   бала   әскерге 
алындық.   Алматыда   ұйымдасқан   жүзінші   бригадаға   келдік.   Ойда   жоқта   бір   күні   кешке 
сапқа тізілдік. 
-         8-ші  гвардиялық  дивизияны толықтыруға  өз  еркімен  барамын  дегендер бір адым 
алға шығындар, - деді.
Артиллерия дивизионынан бірінші боп мен шықтым. Бірақ мені жібермей, бригадаға алып 
қалды. Сол жолы біздің ауылдан келген балалардың көпшілігі 8-ші гвардиялық дивизияны 
толықтыруға кетті. Соғыс біткеннен кейін сол он бестен төртеуіміз ғана ауылға оралдық. 
Жаңағы Сіз айтқан Қайырбек марқұм да майданда қаза болды. 
-         Ендеше біз сенің жерлестеріңмен бірге соғыстық, - деп Мәлік әңгімесін ары қарай 
жалғады. 
Осыдан кейін Бауыржан полкке жаңадан келгендердің алдында қысқаша сөз сөйледі. 
-        Сендер 8-ші гвардиялық дивизияға келдіндер, - деді ол. - Қазақстанда құрылған бұл 
дивизия   қазақ   халқының   арының   алтын   туы   екенін   әрқашан   да   естерінде   сақтандар. 
Сендер сол атақты дивизияның 1075-ші полкының қатарын толықтырындар. Бұл полктың 
командирі полковник Капров жолдас, комиссары Ахметжан Мұхамедияровдеген кісі. Мен 
полк командирінің орынбасарымын. Фамилиям Момышұлы. Басқа сұрақ бар ма? 
-        Жоқ. 
-         Онда   өздеріңнің   бөлінген   бөлімдеріңе   барындар.   Сендерді   қазір   әр   батальоннан 
келген   байланысшылар   бастап   әкетеді.   Енді   алғы   шепте,   жаумен   жағалас   үстінде 
кездесейік. Жаудан қорықпаңдар. Оған жеңілемін деп емес, жеңемін, кұримын деп емес, 
құртамын   деп   ұмтылындар.   Әрқашанда   осындай   ойда   болып,   қаруларыңды   жақсы 
біліңдер. Тәртіп жағына берік болындар. Өйткені тәртіп жауынгердің бірінші қаруы. Онсыз 
ешбір қарудың қуаты жоқ. Жағаларың жыртылмасын! Жолдарың болсын! Направо! 
Старшинам-вести людей в свои подразделения! На выход, шагом марш! 

Қазақша бастаған сөзін Бауыржан осылай деп командамен, орысша аяқтады. Жігіттердің 
жігерлене соққан табаны клубтың еден тақтайын дірілдетіп жіберді. 
VIII
Дивизияны   толықтыратын   жауынгерлер   келіп   болғаннан   кейін   біз   ротамызға   кеттік. 
Бауыржан мен Балтабек штабта қалды. Ро- тада біз жаңа жауынгерлерді соғыс өнеріне 
жаттықтырумен шұғылдандық. Күн сайын оларға әскери әзірлік сабақтарымен қоса, саяси 
сабақ та өткіземіз. Саяси сабақтың да тақырыбы әр түрлі: жауынгердің борышы, совет 
жауынгерінің моральдық тұлғасы, Панфилов дивизиясының ерлік дәстүрлері т.т. Осы та- 
қырыптарға   күн   сайын   дайындала   отырып,   Бауыржанның   кейбір   сөздерін   еріксіз   еске 
алатын болдым. Оның: «Политрук сөзі жауынгерге жігер беру үшін, оның намысын қайрау 
үшін қажет», «Елін сүйген жауынгер ер болады», «Жігерсіз сөз жүрекке жетпейді», «Басқа 
жазушылар   қағазға   жазса,   біз   жауынгерлердің   жүрегіне   жазамыз»,   «Басқалар   сиямен 
жазса,   біз   қанымызбен   жазамыз»,   «Тәртіп   -   жауынгердің   бірінші   қаруы»   деген   сөздері 
есімде сақ- 
талып қалыпты. Оның менің жай сөйлейтінімді мінеген теңеулері де ап-ащты боп ойымда 
жүрді. Бірақ ол теңеулер есіме түскен сайын мен ширауға тырыстым. 
1942 жылдың 11 январында жаңа күш қосылып, толықтырылған біздің дивизия эшелонға 
тиеліп, қайтадан жорыққа аттанды. 
        Жаттығу жұмысы вагон ішінде де жүргізіліп жатты. Алты күннен кейін Дворцы деген 
станцияда   поездан   түстік   те,   жаяу   жорыққа   көштік.   Февральдың   бас   жағында   қанды 
ұрысқа қайтадан кірдік. 
        Біз   Бауыржанмен   жолда   да,   жорықта   да,   ұрыста   да   үнемі   кездесіп   отырдық.   Ол 
туралы менің «Сұрапыл жылдар» кітабымның «Төлеген Тоқтаров» деген тарауында толық 
айтылған.   Біздің   ерлігіміз   де   сонда   суреттелген.   Енді   мен   саған   сол   ұрыстар   кезіндегі 
Бауыр- 
жанмен соңғы кездескенімді айтайын. 
      22 февраль күні түнде біздің батальонның басшылары Гундилович пен Трофимовты, 
автоматшылар   ротасының   командирі   Соловьев   пен   политрук   мені   полк   штабына 
шақырды. Кішкене ағаш үйдің шағын бөлмесінде, жез құтыда лапылдай жанған күйелі май 
шамның   жарығымен   бәрімізді   Бауыржан   қабылдады.   Полк   комсомол   ұйымының 
секретары Балтабек те осында екен. 
-   Жолдастар!   Түнделетіп   шақыртқаныма   ренжімеңіздер.   Біріншіден,   сіздерді   ертеңгі 
мерекемен   -   Совет   Армиясының   24   жылдығымен   құттықтаймын.   -   Осылай   деп   ол 
бәріміздің қолымызды алды. - Екіншіден, осы шабуылда дивизияның авангарды болған 
полктың маңдай батальоны мен оны қолдаушы автоматшылар ротасының жауынгерлері 
мен  командирлерін  жоғары  наградаға  ұсыну  үшін  қосымша  материалдар  беру  жөнінде 
генерал 
Чистяковтан тығыз түрде бұйрык келді. Ол материалдар таңертең дивизияда, одан соң 
жоғарыда болуы тиіс. 
       Алдымен ол бізден Төлеген Тоқтаров туралы сұрады. 
-        Маған біздің дивизия қырандар ұясы бодып көрінеді, - деді Бауыржан. - Ал аспанда 
самғап   жүрген   қыранды   бірін-бірінен   айыру   қиын.   Сол   сияқты   әр   деревняны   жаудан 
босатқан   сайын   малақайларының   құлақтары   делдендеп  жауды   жайпап  жүрген   көк   көз, 
қара көз батырлардың бірін екіншісінен бөле тану қиын. Төлеген сол қара домалақтың 
қайсысы? 
       Бауыржан алдымен Соловьев пен маған қарады. 
-        Сіз оны білесіз, - деді Соловьев, - өткір көзді, қара торы жігіт болатын. 
-         Қазақтың  көпшілігі қараторы  келеді.   Оның   үстіне  мынадай аяз  қарып,  домбыққан 
беттердің бәрі де қара торы боп көрінеді ғой, жолдас аға лейтенант.
-         Оныңыз   рас.   БірақТөлеген   ерекше   жауынгер   еді.   Оған   сіздің   көз   тоқтатпауыңыз 


1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   42


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал