Абайдың рухани мұрасы. Досым Омаров Данышпан берген салауатты өмiр тағлымдары



жүктеу 5.01 Kb.

бет1/24
Дата26.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24

Абайдың рухани мұрасы. Досым Омаров 
 
Данышпан берген салауатты өмiр тағлымдары 
Көкірегі сезімді, тілі орамды, 
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін. (АБАЙ) 
 
Кітапта  Абай  мұрасы  жаңаша  көзқараспен  рухани  деңгейде  бір  арнаға  келтіріліп 
жүйеленеді.  Абай  ілімі  бойынша  адамның  жетілуінің  түрлі  сатылары  көрсетіледі. 
Адамға  өзін-өзі  танып,  сана-сезімін  өсіру  арқылы  бір  сатыдан  екінші  сатыға 
көтерілу  үшін  қажетті  білім  жүйесі  беріледі.  Кітапта  Абай  ілімі  арқылы үйлесімді 
өмір  салты  ұсынылады.  Сондықтан  бұл  еңбек  мектеп оқушыларына,  студенттерге, 
рухани жолды іздегендерге және салауатты өмірмен жоғары мақсатқа жетуге ниеті 
бар көпшілікке арналады. 
М А З М Ұ Н Ы: 
КІРІСПЕ 
І бөлім. А Б А Й М Ұ Р А С Ы Н Ж Ү Й Е Л Е У 
1. Абайтану тарихы 
1.1. Абайтану тарихы – халық тағдырының айнасы 
1.2. Абай мұрасына жаңаша көзқарас 
ІІ бөлім. АБАЙДЫҢ ӨМІРІ 
1. Абайдың ата-тегі мен өскен ортасы 
1.1. Абайдың ата-тегі 
1.2. Өскен ортасы 
2. Ішкі себептер 
2.1. Абайдың жан дүниесі 
ІІІ бөлім. АБАЙ ІЛІМІ 
1. Адамның өзін-өзі тануы 
2. Өмір мақсатына жету кепілі 
3. Абай іліміндегі имандылық 

4. Абайдың дінге көзқарасы 
5. Әлем болмысы 
5.1. Алла тағаланы танып-түсіну 
5.1.1. Алла тағаланың хикметтері 
5.1.2. Жаратушы ғаланың ішінде 
5.1.3. Алла тағаланың сипаттары 
5.2. Адамның болмысын танудың маңызы 
5.3. Жан иелерінің арасындағы адамның алатын орны 
5.4. Адамның үш болмысы 
5.4.1. Адамның рухани болмысы 
а) Жан. Жанның қасиеттері 
б) Рух 
5.4.2. Эго. Ес. Ақыл. Сезімдер 
5.4.3. Тән 
5.5. Аруақ 
6. Табиғат 
6.1. Табиғаттың көрінетін және көрінбейтін сырлары 
7. Іс-әрекет 
ІҮ бөлім. АБАЙ ІЛІМІН ҚОЛДАНУ 
1. Адам санасының деңгейлері 
2. Жарым адам 
2.1. Ғылым-білімді үйрену 
3. Адам сатысы 
3.1. Имандылық 
3.2. Байлыққа жету 

3.3. Бақыт іздеу 
3.4. Адамның өзінің рухани болмысын тануы 
4. Толық адам сатысы 
4.1. Кәміл мұсылмандар 
4.2. Хакімдер 
4.3. Әулиелер 
4.4. Пайғамбарлар 
Пайдаланылған әдебиеттер 
Кіріспе 
Жан  иелері  бүкіл  болмыстың  бір  бөлігі  болғандықтан,  іс-әрекеті  әлемнің  жалпы 
заңдылықтармен үйлесімді болғанда ғана адам баласы өзіне лайық жоғары дәрежеге 
ие болып, бақытты өмір сүре алады. Ол үшін әлемнің жалпы заңдылықтарын біліп, 
оның тіршілігі болмыспен үйлесімді болуы керек. 
Кім  болса  да  өмірде  бақыт  іздеп,  тек  қана  соған  ұмтылады.  Бақыт  жолында  адам 
ұшқан  құс  тәрізді.  Екі  қанаты  бірдей  болып,  сәйкестікпен  ұшпаса,  құс  ұшқан 
бағытынан  ауытқып  кетеді.  Сол  сияқты,  адам  баласы  да  өзінің  екі  тірегін  бірдей 
ұстамаса  алған  бағытынан  ауытқып  өмір  жолы  оны  бақытқа  емес,  зардапқа 
ұрындыруы  мұмкін.  Сол  үшін  бақыт  құсының  қос  қанаты  тәрізді  екі  тірегі  болып 
табылатын рухани және материалдық тілектерін тең ұстауға ұмтылады. Бұл табиғи 
заңдылық. 
Абай  мұрасына  зер  сала  қарайтын  болсақ,  ойшылдың  рухани  мұрасынан  әлем 
заңдылықтарын көріп, өзіміздің күнделікті өмірде де, мемлекетіміздің өркениетінің 
қарқынды даму жолында да пайдаланатын өте көп құндылықтарды таба аламыз. 
Адам әлемнің бір бөлігі болғандықтан, оның түп негізі де екі болмыстан, яғни жан 
мен  тәннен  құралады.  Сондықтан,  ұшқан  құс  екі  қанатын  қалай  бірдей  ұстайтын 
болса, адам баласы да бақытқа жету үшін осы екі болмысын, яғни тән құмары мен 
жан  құмарын,  бірдей  ұстап  отыруы  керек.  Болмаса  жеке  адамдар  ғана  емес,  ірі 
мемлекеттердің,  тіпті  бүкіл  адамзат  қауымының  тіршілігі  заман  ағысында  тура 
бағыттан ауытқып оңға немесе солға соғып кетуі мүмкін. Бұған мысалдар көп. Егер 
қазіргі  замандағы  қоршаған  ортаның  залалданып  былғануын,  шөл  мен  шөлейт 
аймақтардың ұлғайып, жер бетін басып бара жатқанын, ішетін ауыз судың жылдан 
жылға азайып, кейбір елдерде тіпті халықтың оны сатып алып ішуге мәжбүр болып 
отырғанын,  ауа  райының  өзгеріп,  табиғат  апаттарының  молаюын,  халықаралық 
ахуалда ірілі-кішілі соғыс өрттері мен түрлі лаңкестік әрекеттердің өршуіне зер сала 
қарасақ,  бүгінгі  күндерде  адамзат  қауымының  бағыты  ауытқып,  келешегі 

бұлыңғырлана  бастағанын  сезу  қиын  емес.  Бұлардың  барлығы  материалдық 
өркениеттің біржақты дамып, адамдардың моральдық-этикалық, рухани ахуалының 
төмендеуінің  көріністері.  Өткен  атеистік  дәуірдегі  социалистік  жүйенің  жетпіс 
жылдай  ғана  өмір  сүріп,  күйрегеніндей  демесек  те,  бұның  түбі  жақсылыққа 
апармайтыны, әрине, белгілі. 
Осындайда  бұрыс  жолдан  дұрыс  жолға  салу  үшін  Абай  сөзімен  айтқанда  «кез-
кезімен нәби», яғни ұлы ойшылдар, әулие-пайғамбарлар келеді. 
Қазақ  халқының  ұлы  ойшыл  ақыны  Абай  да  сондай  данышпандардың  қатарында. 
Бақытты  өмір  сүру  үшін  адамға  жоғары  мақсатқа жету  керек  екенін  білдіреді  ұлы 
ойшыл.  Өмірдің  жоғары  мақсатына  жету  үшін  салауатты  өмір  сүру  керек.  Ал 
салауатты  өмір  адамның  өзінің  негізгі  болмыстарын,  яғни  әркімнің  өзін-өзі  дұрыс 
танығаннан  кейін  ғана  болуы  мүмкін.  Сонда  ғана  ол  өзінің  әлемнің  бір  бөлшегі 
екеніне  көзі  жетіп,  жалпыға  ортақ  заңдылықтарды  түсініп,  өз  өмірін  бүкіл 
болмыспен  үйлесімді  ете  алады.  Болмыстың  жалпы  заңдылықтарына  әлемнің 
жаратылу  себебі  мен  оның  түрлі  көріністері,  ондағы  жан  иелері  мен  қоршаған 
табиғат,  адамның  іс-әрекеттерінің  мән-мәнісі  және  оларға  уақыттың  қалай  ықпал 
жасайтыны жатады. 
Қазіргі  кездегі  діннің  алғашқы  мәні  бұрмаланып,  ұлттық  дәстүрдің  құлдырау 
шағында әркімге де бақытты өмір жолынан адастырмайтын тұрақты нысана керек. 
Біз  ол  нысананы  Абай  ілімінен  таба  аламыз.  Бұл  туралы  президентіміз  Н.Ә 
Назарбаевтың  ұлы  ақынның  1995  жылы  болып  өткен  150  жылдық  мерейтойында 
сөйлеген сөзінде айтқан мына салихалы ойы кімге болса да бағыт бергендей болады: 
"...Абай  әлемі  бізді  жеті  түнде  адастырмас  темірқазық  іспетті.  Соған  қарап 
тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеп жүрген 
көп  сауалдың  жауабын  Абай  әлдеқашан  айтып  кеткен.  Абайды  оқып  отырып-ақ, 
көштің  басын  баяғыда-ақ  жөнге  салып  алуға  болатын  еді.  Сорлатқанда  біреудің 
уақыты жетпейді, біреудіің ұғымы жетпейді, біреудің атымен зауқы жоқ. 
...Қазіргідей заманда Абай жырларына айына емес, аптасына емес, күніне бір үңіліп 
қоймай  болмайды.  Сонда  жан  қинап  жүрген  қай  күмәннің  де  бәріне  жауап  таба 
аласың." Бұл сөздер әрбір адамның дұрыс жетілуіне кепіл болатын, қоғам өмірінде 
басшылыққа алатын бағдарламалық ойлар тәрізді. 
Әр елдің өз ұлы адамдары болады. Оларды кезінде дұрыс танып, олардың қалдырған 
мұраларын  халықтың  игілігіне  қолдана  білген  елдер  заманның  қандай 
шырғалаңынан да еркін шығып отырады. Мысалға бір ғана елді, көршіміз Қытайды 
алайық.  Конфуций  мұрасын  Қытай  халқы  өзінің  рухани  өмірінің  күре  тамырына 
айналдыра білген. Ұлы ойшыл осыдан екі жарым мың жылдай бұрын өмір сүрсе де 
Қытай  халқы  оның  жазғандарын  әлі  күнге  дейін  өздерінің  күнделікті  өмірлерінің 
кодексі ретінде пайдаланады. Елдің барлық саяси-әлеуметтік өзгерістерінде де ұлы 
Конфуцийдің ілімі ешбір мұқалмайды, қайта сол саяси өмірдің іргетасына айналып, 
жаңаша  құбылып  отырады.  Оның  нәтижесін  осы  күнгі  Қытай  елінің  қарқындап 

өркендеу  екпінінен  де  көріп  отырмыз.  Қытай  халқына  ұлы  Конфуций  жол 
көрсететін  шамшырағы  болса,  ал  бізге  –  ұлы  Абай  бабамыз  сондай  шамшырақ 
болуға лайық. 
Осының  барлығы  да  бүгінгі  рухани  төмендеу  заманында  халқымыздың  салауатты 
өмір жолына түсіп, өркендеуі үшін зор маңызы бар дүниелер. Абай мұрасын елдегі 
саяси-әлеуметтік,  экономикалық  және  басқа  да  шиеленісіп  жатқан  көптеген 
мәселелердің себеп-салдарын табуға, қоғамдағы болып жатқан шым-шытырық, бір 
қарағанда түсінуі қиын құбылыстардың заңдылықтарын анықтау үшін қолдансақ та 
құба  құп..  Осылайша  бүгінгі  өміріміздегі  қиындықтар  мен  шырғалаңдардың 
себептерін,  оларды  шешу  жолдары  мен  бағытын  анықтауға  мүмкіндік  туады. 
Сөйтіп,  ұлы  ойшылдың  рухани  дүниесін  толығырақ  ашу  арқылы  оны  адамның 
күнделікті  өмірдегі  тірегі  ғана  емес,  сонымен  бірге  еліміздің  алдағы  стратегиялық 
болашағын анықтау құралына айналдыру бүгінгі заман талабы болса керек. 
Бірақ  Абайды  бірден  түсініп  кету  оңай  емес.  Сондықтан  абайтанушы  академик 
Ғарифолла Есім былай дейді: 
"Абай шығармаларын бір рет қана оқып қоймақ түгілі, тіптен оның шығармаларын 
жаттап  алу  да  аз,  мәселе,  оны  түсінуде.  Абай  адам  санасы  кемелденіп,  толысқан 
сайын  түсінікті  бола  бастайды.  Әр  ұрпақ  Абайдан  өз  түсінігін  табады..."  /7/. 
Сондықтан, осы ойларды іске асыру үшін абайтану саласының алдында ойшылдың 
рухани  мұрасының  маңызын  ашып,  оның  терең  ойларын  жалпы  көпшілік  еркін 
түсініп,  бойына  сіңіре  алатындай  деңгейде  дұрыс  түсініктеме  беру  қажеттігі  тұр. 
Бүгінгі таңда ұлы ақын, кемеңгер ойшылдың рухани мол мұрасына өткен атеистік 
заман  тудырған  біржақты  саяз  көзқарастан  арылып,  енді  жаңаша  оймен,  оның 
тереңіне  үңілу  беру  керек.  Сонда  ғана  ұлы  Абай  мұрасын  жеке  адамдар,  өз 
халқымыздың ғана емес, тіпті бүкіл адамзаттың игілігіне айналдыруға болады. Бұл – 
келешегі зор, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлғая беретін қасиеттi 
парыз, үлкен мiндет. 
Бұл еңбек осы ниеттегі талпыныстың бірі. 
Кеңес  дәуірінде  жетпіс  жылдан  артық  уақыт  бойы  Абай  ұлы  ақын  ретінде  ғана 
қабылданып,  оның  ағартушылық,  гуманистік  идеялары  кеңінен  зерттеліп,  бүгінгі 
күндерге  дейін  жалғасып  келе  жатыр.  Біз  бұл  еңбекте  ол  арнадан  шығып,  Абайға 
жаңаша көзқараспен қарап, оны ойшыл ретінде қабылдап, мұрасын рухани тұрғыдан 
зерделейміз.  Абай  мұрасы  –  рухани  дүние.  Сондықтан  бұндай  көзқарас  Абай 
ұлылығының  шын  мәнін  ашып  және  сол  арқылы  халыққа  рухани  білім  алуға 
мүмкіндік береді деген ойдамыз. 
Рухани дүниенің көрінетін және көрінбейтін сырлары шексіз. Сол себептен де бұл 
кітаптан  әркім  өз  шама-шарқына  байланысты  керегін  алар  деген  ойдамыз.  Әрине, 
кітапты бүкіл  оқырман  қауымы  жылы қабылдайды деуге  қиын.  Өткен  жылдардың 
тәжірибесі  көрсеткендей,  тіпті  қарсы  қаруласатын  адамдар  да  аз  болмас.  Оларға 
жауапты  Абайдың  бірінші  қарасөзіндегі  ой  түйінімен  береміз:  «Ақыры  ойладым: 

осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек 
қылайын,  кімде-кім  ішінен  керекті  сөз  тапса,  жазып  алсын,  я  оқысын,  керегі  жоқ 
десе,  өз  сөзім  өзімдікі  дедім  де,  ақыры  осыған  байладым,  енді  мұнан  басқа  ешбір 
жұмысым жоқ». 
1. Бөлім. АБАЙ МҰРАСЫН ЖҮЙЕЛЕУ 
Абай тәрізді ұлы адамдардың адамзат тарихындағы алатын орнын толық анықтап, 
түсіну оңай емес. Ол үшін олардың бұл өмірге келу құпияларын, өмір сүру жолын, 
артына  қалдырған  рухани  мұраларын  бір-бірінен  бөлмей,  өзара  байланыстыра 
отырып  қарастыру  керек.  Осылайша  олардың  ұлылығына  көз  жеткізіп,  адасқанда 
жол табатын шырақ бола алатынына сеніміміз артады, шашқан нұрын бойға еркін 
сіңіруге  мүмкіндік  аламыз.  Рас,  Абайдың  рухани  мұрасы  зерделеу-зерттелуден 
кенде  емес.  Дегенмен  де,  өткен  заманның  сыңаржақ  саясаты  еліміздің  егемендік 
алғанына  дейін  Абайдың  ұлылығын  толық  ашуға  тосқауыл  қойылды.  Сондықтан 
Абай  мұрасының  зерттелуі  жан-жақты  өріс  ала  алмай,  белгілі  бір  арнада  ғана 
өрбігені  белгілі.  Қазіргі  кезге  дейін  ойшылдың  шығармалары  дүниетанымдық 
тұрғыдан  әлі  толық  жүйеленбегендіктен,  оның  асыл  сөздерінің  мәні  бірікпей 
алқаның  шашылған  моншақ  тастары  тәрізді  шашыраңқы  көрінеді.  Бұл  ойшылдың 
фәлсафалық ой түйінінің біртұтастығын, ғибрат сөздері мен терең ойларының түпкі 
мәнін  түсінуді  қиындатар  жәйт.  Мәселен,  оның  терең  ой  толғаулары  мен  бейнелі 
сөздері кейде афоризм, әрі кетсе нақыл сөздер ретінде ғана қолданылып келеді. 
Егер алқаның жібін тауып, шашылған асыл тастарын өз ретімен жинайтын болсақ 
алқа  алғашқы  өз  мәнін  алып  көркемденеді.  Сол  тәрізді  ұлы  ойшылдың  да  терең 
ойларын  байланыстырып  жалғастырушы  ортақ  жібін  тауып,  ой-толғамдары  мен 
асыл  сөздерін  рет-ретімен  тізетін  болсақ,  сонда  ғана  Абай  мұрасы  үлкен  мәні  бар 
рухани қазына, көркем алқаға айналмақ. Сол кезде ғана Абайдың ұлылығын көріп, 
ілімінің өзіндік құндылығын танып, шипасын сезінбекпіз. Сол кезде ғана Абайдың 
жеткен  рухани  деңгейін  көрмекпіз.  Оның  руханиятқа,  дінге,  суфизмге,  ұлттық 
мәдениетке,  Батыс-Шығыс  ғылымдарына  қатынасы,  ойшылдың  ақындық 
кітапханасы  деген  сияқты  қазіргі  абайтану  саласында  айтылып  жүрген  шым-
шытырық таным-түсініктер өз орындарын тауып, олардың шешімі табылмақ. 
Оған  көз  жеткізу  үшін  әуелі  оның  терең  ойларын  бір  ретке  келтіріп,  тізетін  асыл 
жібін табуымыз керек. Ол жіп те бар екен. Ол жіп Абай бабамыздың көрсеткен адам 
өмірінің түпкі мақсаты болып табылатын рухани жетілу жолы. Ол жол адамды Түп 
Иеге бағыттайды. 
Егер адам өз өмірін осы ұлы мақсатқа бағыттап, тыныс-тіршілігінің мәні етсе оның 
өмірінің  мәнді  болып,  босқа  өтпейтініне  кепіл  беруге  болады.  Мұны  адамзаттың 
барлық  ұлылары  да,  сонымен  бірге  барлық  қасиетті  кітаптар  да  растайды.Рухани 
тұрғыдан  бұл  әркімнің  алдына  қоятын  нысанасы.  Мақсат  –  сол  нысананы  әуелі 
тауып, көре біліп, сонан кейін өмір кемесін сол нысанаға бағыттау. 

Абайдың ұлы тұлғасын анық танып, өз деңгейінде дұрыс бағалау үшін кемеңгердің 
мұраларын  бір-бірінен бөлмей, бір жүйемен  өзара байланыстырып, біртұтас дүние 
ретінде қарастырған жөн. Абайтану пәніне үңіліп, оның жетілу арналарын саралап, 
Абайдың  қалай  ой  алыбы  болып  қалыптасқанын  түсінеміз.  Бұл  оның  қалдырған 
мұрасына  деген  сенімді  өсіріп,  ұлы  мұраны  өмірде  қолдануымызды  жеңілдетеді. 
Абайдың  өмір  жолын  түсінгеннен  кейін,  енді  оның  рухани  мұрасының  мәні  неде 
екеніне  ой  жүгіртеміз.  Оның  рухани  мұрасының  мәні  ойшылдың  еңбектерін  бір 
жүйеге  келтіріп,  біртұтас  қарастырғанда  ашылмақ,  оның  ұлылығы  неде  екеніне 
көзіміз  жетеді.  Оның  рухани  мұрасы  бүкіл  болмыс  заңдылығын  толық  қамтиды, 
бізге  аспандағы  Темірқазық  жұлдызындай  өміріміздің  адастырмас  межесі  бола 
алады. Оны күнделікті жеке адам өмірінде салауатты тұрмыс құру үшін және бүкіл 
қоғам  өмірінде  бүгінгі  саяси  ахуалдың  қалыптасу  себептерін  ашу  және  оның 
келешегін барлау үшін қолдана аламыз. 
Абай  ілімі  адам  баласын  ұлтына,  дініне,  нәсіліне  қарап  айырмайтыне,  бүкіл 
адамзаттыққа  ортақ  рухани  ілім.  Сондықтан  Абайдың  жетілу  арналары,  оның 
қалдырған  мұрасы  һәм  оны  салауатты  өмір  жолында  қолдану  жолдары  барлық 
адамзатқа қажетті асыл қазына болып табылады. 
Төменде Абай мұрасын жүйеленген сызба ретінде беріп отырмыз (1-сызба). Әрине, 
бұл  жүйе  қатып  қалған  қағида  емес.  Ол  абайтану  саласының  көкжиек  шекарасын 
ғана  белгілейді.  Шекараға  жақындаған  сайын  көкжиектің  жеткізбей  алыстай 
беретіні  тәрізді  абайтану  салалары  келешекте  үздіксіз  зерттеліп,  толығып,  жетіле 
береріне  сөз  жоқ.  Уақыт  өткен  сайын  Абай  мектебі  кеңейіп,  оның  мирасқорлары, 
ізбасарларының саны молая беретіні де хақ. Енді сызбаның әрбір бөлігіне жекелей 
тоқталып, оны саралап, жүйелеуге кірісейік. 
1-
сызба. Абай мұрасын зерттеу жүйесі 
1. Абайтану тарихы 
Абайтану  тарихы  ұлы  ойшылдың  мұрасының  еліміздегі  саяси-әлеуметтік  ахуалға 
байланысты зерттелу, танылу, насихатталу, бағалану жағдайларын анықтайды. Бұл 
абайтану  саласының  өткен  соқтықпалы  соқпақсыз  жолындағы  кемшіліктерді 
анықтап, бүгінгі күнде олардан арылуға ұмтылып, келешекте қайталамаудың қамын 
ойлауға мүмкіндік береді. 
Абайтану  тарихы  түрлі  кезеңдерден  өтті  (2-сызбаны  қараңыз).  Ол  кезеңдер 
халқымыздың  басынан өткен  саяси  өзгерістерге  байланысты  болды.  Тоталитарлық 
жүйе  қыспағындағы  елдің  басқаша  халде  болуы  мүмкін  емес  те  еді.  Сондықтан, 
Абайтану тарихы ел тарихымен бірге өрбіді. 
Бүгінгі күндердегі өте өзекті мәселенің бірі Абай мұрасына деген ескі көзқарастан 
арылып,  енді  оны  жаңаша  түсініп  қабылдауда  болып  тұр.  Бұл  Абай  тұлғасын 
бүкіладамзат құндылығы тұрғысынан қабылдауды жеңілдетеді. 

Абайтану тарихын зерттеп, ойшыл мұрасын әрi қарай жалғастырушылар тобы Абай 
мектебiн құрайды. Абайтану ғылымының іргетасын қалап, қабырғаын көтерген ұлы 
жазушы  М.Әуезов  екені  аян.  Абайтану  тарихы  мол  зерттелген  саланың  бір. 
Сондықтан  бiз  бұл  мәселеге  арнайы  тоқталмастан,  абайтану  тарихын  Абай 
мұрасына жаңаша көзқарас қалыптастыру тұрғысынан ғана көрсетеміз. 
1.1. Абайтану тарихы – халық тағдырының айнасы 
Абайтану  тарихын  түрлі  кезеңдерге  бөліп  қарастыруға  болады.  Мысалы,  белгілі 
абайтанушы ғалым М.Мырзахметов былай деп жазады: «Абайтану тарихының даму 
жолдарын көпшілікке түсінікті болу үшін үш кезеңге бөліп қарастырамыз. Бірінші 
кезең  (1889-1934)  яғни  абайтанудағы М.Әуезов  дәуіріне дейінгі  уақытты қамтиды. 
Екінші кезең (1934-1961) яғни абайтанудағы М.Әуезов дәуірі деп аталады. Үшінші 
кезең  (1962-2005)  яғни  М.Әуезовтен  кейінгі  уақыттағы  даму  жолын  айтамыз»  /3/. 
Яғни,  бұл  әдісте  абайтану  тарихы  абайтанудың  іргесін  қалаған  ұлы  ғалымның 
шығармашылық  өмірімен  байланыстырылады.  Бірақ,  бұндай  жағдайда  абайтану 
тарихы бір адамның ғана тағдырымен анықталмақ. 
Абайтану  тарихы  халқымыздың  тағдырымен  тығыз  байланысты.  Саяси  ахуалдың 
құбылуына  байланысты  болған  жақсы-жаман  барлық  құбылыстар  халқымыздың 
тарихына  да,  абайтану  тарихына  да  ортақ  болды.  Сондықтан,  абайтану  тарихы  – 
халқымыздың  тағдырының  айнасы  десек  те  болады.  Абайтану  тарихынан  халық 
тағдырын көре аламыз. Осы себептен де, біз абайтану тарихын бүкіл ел тарихымен 
байланыстырып  қарастырғанды  жөн  деп  білдік.  Абайтану  тарихы  –  елдегі  тарихи 
және  саяси-әлеуметтік  жағдайларға  байланысты  ойшыл  мұрасын  зерттеу,  тану, 
бағалау,  насихаттау  тарихын  танып  білу.  Біз  оны  бір  адамның  өмірі  емес,  бүкіл 
халықтың  өмірімен  байланыстырамыз.  Бұл  абайтану  тарихындағы,  оны  тудырған 
халық тағдырындағы құбылыстарды түсініп, олардың байланысын сезе отырып, оны 
келешекте болдырмаудың амалын іздеуге мүмкіндік береді. 
Абай мұрасын танып зерттеу қарқыны өткен ғасырдың басында қауырт дамып өте 
көп  жетістіктерге  жетті.  Амал  не,  аз  уақыттан  соң  ол  қарқын  саяси  жартасқа 
соғылды, мерт бола жаздады. Ендi соның байыбына барып, құлдырау себептері мен 
оның салдарына көз жеткізу үшін абайтану саласының өткен қилы-қилы белестерiне 
көз жiберiп көрелiк. 
Абайтану тарихы халық тағдырының саяси ахуалының құбылуына байланысты төрт 
кезеңнен өтті. 
Бiрiншi,  қарқынды  зерттеу  кезеңі,  егер  абайтану  тарихын  Абайдың  өзi  қайтыс 
болған уақытынан бастап қарастыратын болсақ, бірінші кезең жиырма шақты жылға 
созылды деуге болады. Бұл кезең – данышпанның қалдырған даналығын халық зор 
ынта-жiгермен  танып-бiлуге,  насихаттауға  ұмтылған  ең  айшықты  кезең  едi.  Абай 
қайтыс  болысымен-ақ  халқымыздың  iрi  тұлғаларының  бiрi  Әлихан  Бөкейханов 
тарихта  тұңғыш  рет  ұлы  ойшылдың  өмiрбаяны  мен  дүниеге  көзқарасының 
қалыптасуы  туралы  шығармашылық  мұрасынан  бiршама  толық  мағлұмат  келтiре 

отырып,  Абай  дүниетанымын  орыс  тiлiнде  шығатын  «Семипалатинский  листок» 
газетi  арқылы  жалғыз  Семей  өңiрi,  жалғыз  қазақ  даласы  емес,  бүкiл  Ресей 
көлемiндегi  қалың  жұртшылыққа  жеткiздi.  Сөйтiп  Ә.Бөкейханов  ұлы  ойшылдың 
алғашқы шежiрешiсi және зерделi зерттеушiсi болды. 
2-
сызба. Абайтану тарихы 
Сонан  кейiн  қазақ  зиялыларының  бiрi  Ахмет  Байтұрсынов  «Қазақ»  газетiнiң  үш 
санына  «Қазақтың  бас  ақыны»  деген  тақырыппен  көлемдi  мақала  жариялап, 
Абайдың  ұлы  көсемдiгi  туралы  өзiнiң  байсалды  пiкiрiн  былай  деп  бiлдiрдi:  «Сөз 
жазатын  адам  әрi  жазушы,  әрi  сыншы  боларға  керек.  Сөздiң  шырайлы,  ажарлы 
болуына  ойдың  шеберлiгi  керек.  Ұнамды,  орынды,  дәмдi  болуына  сыншылдық 
керек.  Мағыналы,  маңызды  болуына  бiлiм  керек.  Абайда  осы  үшеуi  де  болған. 
Бұлардың үстiне Абай – көсем, үлгi шығарып, өнеге жайғыш болған... Абайды қазақ 
баласы тегiс танып, тегiс бiлу керек». 
Ал халық саңлақтарының бiрi Мiржақып Дулатов Абай ұлылығын тереңінен түсініп, 
былай деп насихаттап жоғары баға береді: «Бәлки, мұнан кейiн Абайдан үздiк артық 
ақындар,  жазушылар  шығар,  бiрақ  ең  жоғарғы,  ардақты  орын  Абайдiкi,  қазақ 
халқына сәуле берiп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай». 
Мағжан  Жұмабаевтың  рухани  биiк  деңгейi  Абай  болмысын  дәл  танып,  оған  әдiл 
баға беруiне мүмкiндiк бердi. Ол бiрiншi болып Абайдың хакiмдiгiн анықтап, 1912 
жылы «Алтын хакiм Абайғаң» атты өлеңiнде былай дедi: 
Шын хакiм, сөзiң асыл баға жетпес, 
Бiр сөзiң мың жыл жүрсе дәмi кетпес. 
Бұл  алдыңғы  толқын  ағалардың  жоралғысын  Жүсiпбек  Аймауытов  пен  Мұхтар 
Әуезов жалғастырды. Солардың ұйтқысымен Семейде 1918 жылы «Абай» журналы 
шығарылды. Журнал бiр жыл ғана өмiр сүрiп, 12 нөмiр шығарылғанына қарамастан, 
Абай  мұрасын  жинастыру,  оны  зерттеп,  халыққа  насихаттау  iсiнде  елеулi  iстер 
атқарып үлгердi. 
Профессор А.Сағдидің "Абай" атты зерттеу жұмысы да осы кезеңнің елеулі жетістігі 
еді. 
Осы қысқа шолудың өзiнен-ақ ХХ ғасырдың басында абайтану саласы шын мәнiнде 
өрiс  алғанын  көремiз.  Халықтың  зиялы  қауымы  рухани  көсемiн  үлкен  ынта,  таза 
жүрекпен  қабылдап,  терең  тануға  ұмтылуының  нәтижесiнде  ойшылдың  рухани 
дүниесi кеңiнен зерттеліп ашыла бастады. Халық оның хакiмдiгiн таныды. Абайтану 
ғылымы  үшiн  бұл  қарқынды  зерттелген  «алтын»  кезең  болды,  бiрақ  қоғамдағы 
саяси-әлеуметтiк жағдай оны күрт өзгертiп жiбердi. 

Екiншi,  құлдырау  кезеңі  жиырмасыншы  жылдардың  орта  тұсынан  отызыншы 
жылдардың  аяғына  дейiн  созылады.  Бұл  Абай  мұрасының  тағдырын  түнек  жолға 
бұрған өтпелі, ең ауыр да шешушi кезең болды. Себебi абайтану тағдырының күрт 
өзгеруi дәл осы уақытта шешiлдi. Бұған елдегi саяси ахуал себеп болды. Халықты 
«мәңгiлiк бақытқа», яғни коммунизмге рухани болмысты мойындамай-ақ, тек қана 
тұрпайы материалдық әлемнiң заңдылығы бойынша жеткiзуге болады деген жаңсақ 
қағиданы идеологиялық құрал етiп алған атеистiк көзқарастағы тоталитарлық үкiмет 


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал