Абайдың рухани мұрасы. Досым Омаров Данышпан берген салауатты өмiр тағлымдары



жүктеу 5.01 Kb.

бет5/24
Дата08.09.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24
Діннің түпкі мақсатын ұмытып, оның ішкі мәніне үңілмей, тек қана сыртқы рәсім-
дәстүрлерді ұстану діни фанатизмге апарып, тіпті рухани жетілу жолында үлкен 
кедергі де болуы мүмкін. Оның көріністерін бүгінгі күндерде көптеп байқауға 
болады. Сондықтан Абай діннің ішкі шын мәніне көңіл бөліп, оны халықтың 
игілігіне айналдыруға және өзінің рухани биік деңгейге көтерілуіне пайдаланған. 
ІІІ бөлім. АБАЙ ІЛІМІ 
Әр нәрсенің пайдалану реті болады. Сол сияқты Абайдың бізге қалдырған мол 
рухани мұрасын салауатты өмірде пайдалану үшін де әуелі адамның өзін-өзі тану 
керек. Сол үшін ойшыл мұрасын жүйелеп қарастырамыз. Бұл ұлы ойшыл мұрасын 
тереңірек түсінуге, күнделікті салауатты өмірде кеңінен және толығырақ 
пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Абай тұлғасының ұлылығы да 
айқындалып, анықтала түседі. Біз ойшыл мұрасын жүйелей отырып, ол жүйені – 
"Абай ілімі" деп атаймыз. Абай ілімі адам баласының ең жоғарғы мақсатын 
көрсетеді, ол мақсатқа жету жолын ашады және ол мақсатқа қалай жету керек 
екенін, яғни болмыс туралы білім береді. Ойшыл ілімі бүкіл болмыс негіздерін түгел 
қамтиды, сондықтан ол толық білім болып табылады. 
1. Адамның өзін-өзі тануы 

Адам өмірінде алға қойған мақсат түрінің маңызы өте зор екені белгілі. Алға қойған 
мақсатқа байланысты жеке адамдардың ғана өмірі емес, тіпті бүкіл мемлекет 
көлемінде де өмір әртүрлі болады. Себебі, мақсат өмір барысын анықтап, адам 
бойында ынта-жігерді, талапты тудырады. Абайдың әкесі Құнанбай қажы "Адамның 
ең жаманы – талабы жоқтығы" деген екен. Бұл сөздің терең мағынасы бар. "Талапты 
ерге нұр жауар" деп халық тегін айтпаған. 
Мақсат адамның өзін-өзі тану деңгейіне, яғни санасына көп байланысты. 
Мақсатсыздық адамды енжарлыққа, еріншектікке тартады. Егер қазіргі заманға көз 
жүгіртетін болсақ, жоғары бір мақсатсы жоқ адам бос уақытында теледидар көріп, 
не газет оқып уақытын өткізуге ұмтылады. Оның барлығы жалықтырған соң біреуге 
қонаққа баруға, не болмаса қонақ шақыруды ойлайды. Мұндағы мақсат – көбінесе 
өзін көрсетіп, не болмаса басқаны көріп, әйтеуір уақыт өткізу. Қазіргі замандағы 
қарапайым халықтан бастап, кейбір лауазымды адамдардың арасындағы қонақ 
шақыру, той-домалақ көбейіп, бекер мал шашу осының бір көрінісі. Бұлардың 
барлығы, әрине, қосымша қаражатты керек етеді. Тіпті, той жасау бәсекеге айналып, 
кейбіреулер қаражаты жетпей, біреуден, не болмаса банктен қарыз алып той жасап 
жатыр. Олар еріксіз қаражат табудың түрлі жолдарын іздейді. Бұл қызмет бабында 
парақорлыққа, сыбайластыққа, бәсекеге, өтірікке, асырасілтеушілікке тартады. 
Сөйтіп, адамның адамдық қасиеті азайып мақтаншақтық, өзімшілдік, 
көреалмаушылық, қызғаншақтық тәрізді ұнамсыздық өріс алып, адамды төмен 
құлдырата береді. Артынан себебінің байыбына бара алмай, елдегі көбейіп жатқан 
сергелдеңдер үшін өзінен басқалардың бәрін кіналап, ел аман, жұрт тынышта өзіне 
жау іздейді. Ал адамгершілік кеткеннен кейін не болатынын өмірден де, Абай 
шығармаларынан да жақсы білеміз. Міне, осының барлығы алдыға қойылған нақты 
және үлкен мақсаттың болмауының салдары. 
Жоғары мақсаты бар адамдардың өмірі мүлде басқаша болады. Әрине, өмірде 
дұрыс, жоғары мақсат болу керек екенін түсiну қиын да емес. Қандай iс болса да 
адам баласы әуелi ол iстiң не үшiн керегi барын бiлуi керек емес пе? Онда бүкiл 
өмiрдiң не үшiн керегi барын бiлудiң маңызы да ешқандай күмән тудырмаса керек. 
Мақсатты білу – адамның өзін-өзі тануы жолындағы бiрiншi қадам. Адам өмiрiнiң 
не үшiн керегi барын бiлген соң, ендi оны iске асыру мiндетi тұрады. Мақсатты іске 
асыру – екiншi қадам. Бiрiншi қадам – рухани бiлiм алу, ал екiншi қадам – ол бiлiмдi 
iске асыру. Бiрiншi қадам болмаса екiншi қадамның болмайтыны да белгiлi. 
Сондықтан өмірде әуелі дұрыс мақсатты тауып, оны іске асырудың маңызы өте зор. 
Мысалы, жоғары мақсаты бар рухани жолда жүрген адамдар қандай қиын 
жанқиярлық сынақтардан өтетінін білеміз. Ал мемлекет көлеміндегі мақсаттың 
маңызын түсіну үшін ертедегі көне Египет тарихына көз жүгіртейік. Египет халқы 
қазіргі адамдарды таңдандыратын, түсініксіз тылсым әлемімен байланысқан жоғары 
дамыған мәдениет үлгісін қалдырды. Олардың пирамидалары қалай салынғаны әлі 
күнге дейін бүгінгі адамдарды таң қалдырады. Олардың мемлекеті мыңдаған 
жылдар өмір сүрген екен. Сонда ол мемлекет ыдырамай сонша көп жыл қалай өмір 
сүрген және сол пирамидаларды маңдай терлерімен салған халық бақытты болды 

ма? Бұл сұраққа "әрине бақытты болды" деп жауап беруге болады. Өйткені, көне 
Египет мемлекетінің ұзақ, ал халқының бақытты өмір сүруінің себебі бар. Ол себеп 
– 
халықтың алдына қойған үлкен мақсаты болуында. Пирамида құрылысы бүкіл 
халықтың және мемлекеттің негізгі мақсаты болған. Себебі Египет халқы өздерінің 
фараондарын Құдайдың жердегі елшісі ретінде қабылдап, оларға ескерткіш 
орнатуды өмір мақсаты деп қараған. 
Бүгінгі заманда бұндай мақсат түрлі дауларды тудыруы мүмкін. Бірақ мәселе ол 
мақсаттың дұрыс, не бұрысында болып отырған жоқ. Мәселе ол мақсаттың бүкіл 
халықты бір кісідей жұмылдырып, елдің өмірін бір арнаға салуында. Олардың бұл 
мақсаттың өте жоғары екеніне сенгендері сонша, оны әркім барлық жан-тәнімен 
қабылдап, тән құмары емес, жан құмарына айналдырған. Абай жетінші қара сөзінде 
"Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызсақ керек еді" деп тән құмарын жан 
құмары басқарғанда ғана адамгершілік өмір болатынын білдіреді. Көне Египет 
мемлекетінің ұзақ, ал халқының бақытты өмір сүру құпиясы міне осында. Бұның өзі 
салауатты өмір кепілі болып табылатын Абай сөзінің дұрыстығының дәлелі. Өмір 
мақсатының осындай маңызы бар. 
Сонымен, өзін-өзі дұрыс танып, денi сау, салауатты өмiр кешiп, бұл өмiрдiң рахатын 
көру үшiн әркiм ең әуелi өмiрдегі өз мақсатын, яғни не үшiн өмiр сүруі керек, соны 
анықтап алуы керек. Адамның өмірде көретін қайғысы мен рахаты, барлық iс-
әрекетiнiң сипаты да осыған көп байланысты болады. Себебі мақсаттың да мақсаты 
болады. 
Бір мақсат адамның тән құмары үшін, екінші мақсат оның жан құмары үшін туады. 
Біріншісі, адамды төмендететін болса, ал жан құмары мақсаты – керісінше, адамды 
жоғарылатып, алға тартады. Сондықтан, адам өмірінің маңыздылығы мақсаттың 
жоғары, не болмаса төмендігінде жатыр. 
Өмірде ең жоғарғы мақсат бола ма? Болса ол қандай мақсат? Бұл әркiмнiң алдында 
тұрған үлкен сұрақ. Бұл сұраққа жауапты ұлы адамдардан бастап қарапайым 
адамдарға дейiн бәрi iздейдi. Шәкәрiм Құдайбердiұлының әйгiлi бес сұрағының 
iшiнде де «Адамға тiршiлiктiң ең керегi не үшiн» деген сұрақ бар. Ол өзiнiң «Үш 
анық» шығармасында адам өмiрiнiң түпкi мақсатын бiлу қажет екенiн айта келiп, 
бүкiл адамзат тiршiлiгiнiң нәтижесi де осы сұрақ жауабын дұрыс табуға байланысты 
екенiн бiлдiредi. Өмір мақсатын дұрыс түсінбеу қазіргі кезде бүкiл адамзат 
қасiретiнiң басты себебi болып отыр. 
«Ей, бейбақ! Сен бұл жолмен Меккеге ешқашан да жете алмайсың, себебi бұл жол 
Түркiстанға апарады», – деп мысқылмен айтылатын сопылардың қанатты сөзi бар. 
Сол сияқты, алға қойылған мақсат дұрыс болмаса адам адасып, оның барлық iс-
әрекетi пайдасыз, өмiрi мәнсiз, босқа сарп болып кетедi. Осылардың барлығы 
қарапайым түсiнiктер болса да, iс жүзiнде Шәкәрiм атамыз қойған өмiрдiң негiзгi 
сұрағына баршаға ортақ тұрақты жауап табу қиын. Оның да себебi бар. Адам 
болмысы тән және жаннан құралып және бұл екеуінің құмарлықтары екі түрлі 

болғандықтан, адамның санасы мен жүрегінде үздіксіз күрес жүріп жатады. Жан 
құмарын тән құмары жеңгенде адам жан құмарын ұмытады. 
Тән құмары адамның санасының пісіп-өсуіне байланысты сан алуан болады. 
Сондықтан, әркiмнiң ақыл-есiне және оған әсер ететiн сыртқы себептер: қоршаған 
орта, саясат және сол сияқты қоғам өмiрiнiң басқадай жағдайларына байланысты 
адамдардың мақсаттары да сан алуан. Бұл туралы Абайдың «Әркiмнiң мақсаты өз 
керегiнде" дейтiнi бар емес пе? ! Ойшыл өмiр базарында әркiмнiң мақсаты әр түрлi 
екенiн былай деп бiлдiредi: 
Базарға, қарап тұрсам, әркiм барар, 
Iздегенi не болса, сол табылар. 
Бiреу астық алады, бiреу – маржан, 
Әркiмге бiрдей нәрсе бермес базар. 
Әркiмнiң өзi iздеген нәрсесi бар, 
Сомалап ақшасына сонан алар. 
Бiреу ұқпас бұл сөздi, бiреу ұғар. 
Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар. 
Сөздi ұғар осы күнде кiсi бар ма? 
Демеймiн жалпақ жұртқа бiрдей жағар. 
Жазған соң жерде қалмас тесiк моншақ, 
Бiреуден бiреу алып, елге тарар. 
Бiр кiсi емес жазғаным, жалпақ жұрт қой, 
Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар. 
"Ит маржанды не қылсын" деген сөз бар, 
Сәулесi бар жiгiттер бiр ойланар. 
("Базарға, қарап тұрсам, әркiм барар". 1886 ж.) 
Ойшылдың осы өлеңiнен көп нәрсенi ұғуға болады. Бiрiншiден, бұл өмiр әркiмнiң 
сана-сезіміне байланысты өз керегiн iздеген базар тәрiздi, сол өмір базарында әркiм 
өзiнiң керегiн табады. Бiреу қарын қамын ойлап астық іздесе, бiреу одан да жоғары 
мақсат ұстанып маржан іздейді. Өмiр базары әркiмге бiрдей нәрсе бермейдi – 

әркiмнiң өзiнің санасына байланысты iздеген нәрсесi бар. Әркім сол іздеген нәрсесін 
сана-сезімінің деңгейіне, қабiлетiне байланысты табады. 
Сатып алушы қалтасындағы ақшасы жетпесе қалаған нәрсесін ала алмайтыны 
тәрiздi, өмiр базарында да өзiнiң сана-сезім, ой-өресі, қабілеті сай келмесе көздеген 
мақсатына жете алмай зардап шегеді. 
Бұл оны ауруға, ұятқа, түрлі қорлықтарға ұрындырып, өмірін бақытсыз етуі мүмкін. 
Сондықтан әркім өзінің сана-сезімі мен ой-өрісін кеңітіп отырса ғана бұл өмір 
базарынан келесі өмірге табыспен оралады. 
Әрине, бұл сөздер жалпақ жұрттың барлығына бiрдей жағуы мүмкiн емес, 
сондықтан Абайдың терең ойларын дұрыс түсiнбей, оған қарсы қаруласқан адамдар 
да болған. Ондай көрiнiстердi бүгiнгi күндерде де жиi көремiз. Себебi, терең сөздi 
ұғар кiсi әрқашан да аз. Ақын "Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар" деп осыны 
болжап айтып отыр. Сонымен бiрге, ойшыл тесiк моншақтың бiреуден бiреу алып 
елге тарап, жерде қалмасына үмiт артып, өлең соңында сөзiн сәулесi бар жiгiттерге 
арнайды. Бiз де бұл жазғандарымызды барлық жұрт бірдей қабыл алып, қолдап 
кетер деген ойдан аулақпыз. Себебі әрі қарай Абайдың терең сырлы сөздерін 
әркімнің қабылдай бермейтін, бір қарағанда түсініксіз, құпиясы мол дүниелер 
тұрғысынан қарастырамыз. Дегенмен, әркiм дұрыс түсiнiп, барлығын қабылдап 
кетпесе де, Абай бабамыз тәрізді, біз де бұл жазғандарымыздың жалпы жұртқа 
пайдасы болар деп үмiттенеміз. 
Енді адамның мақсатына байланысты қандай талаптардың болатынына келейік. 
Әркімнің ой-өрісіне байланысты сан қилы талаптардың болатыны туралы ойшыл 
өзiнiң қырық төртінші қара сөзiнде былай дейді: 
«Талаптың iшiнде адам баласы көбiнесе басына қадiр iздеп, сол талапта болады. 
Бiреуі мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуiр мал тапсам, «мал тапқан 
ердiң жазығы жоқ» дейтұғын, «малдының бетi жарық» дейтұғын мақалға сенiп, 
халықтың түрiне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал Һәм пайда, 
Һәм қасиет болады бойыма дейдi. Мұнысы рас, қазақтың өз құлқына қарағанда, 
бiрақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгiл, көңiл жиiркенетұғын iс. Осыған 
қарай бiреу ер атанамын, бiреу қажеке атанамын, бiреу молдеке, бiреу бiлгiш, қу, 
сұм атанамын деп, сол харекетте жүр». Ойшыл адамның сана-сезіміне байланысты 
осындай әр түрлi жақсы-жаман өмiр талабы, яғни мақсаты болатынын көрсетедi. 
Бiрақ осылардың қайсысы болса да тұрақты емес, өзгергіш және арты қорлыққа 
әкелетін мақсаттар. Сондықтан бұлар өзгермейтiн негiзгi мақсат бола алмайды. 
Әлбетте, бұлардың барлығы да адам өмiрi үшiн өте қажеттi екенi белгiлi. Дегенмен 
де, өмірдің барлық мақсатын біріктіретін және олардан жоғары тұрған, өмiрдiң 
мәңгiлiктi бағытын анықтайтын, тұрақты жалпы бiр мақсат болса керек. 
Әйтпесе, адам баласының iшетiн тамақ, жататын орын, өзiнен кейiн ұрпақ қалдыру 
тәрiздi тек қана тән құмарымен, тiршiлiктiң бiр сәттiк қамымен ғана өмiр сүретiн 
хайуандардан не айырмашылығы бар? Ал Абай адам мен хайуанның арасында үлкен 

айырмашылық барын өзiнiң жетiншi, жиырма жетiншi, отыз сегiзiншi қара 
сөздерiнде тәптiштеп түсiндiрiп кеткен едi ғой. Бұл туралы «Бiрақ бұлардың 
малдардан айырмашылығы – өздерiнiң қасиеттерi мен табиғатын өзгертуге 
мүмкiндiктерiнiң барлығында» деп, ұлы Руми да айтып кеткен. Бұл айырмашылық 
адамды өмiрдiң түпкi мақсатын iздеуге итермелейдi. 
Түпкi мақсатты түсiнiп-сезiнуді қиындататын тағы бір себеп – ол адам өмірінің 
мақсатының бүкiл болмыс мақсатымен байланысты екендігінде болса керек. Болмыс 
мақсаты бiржағынан күрделi болса, екiншi жағынан әркiмге ашыла бермейтiн құпия 
болып келедi. Абай таза ниетпен iзденiп талпынған адамға ол құпияның 
ашылатынын бiлдiредi. 
Сонымен, Абай бабамыздың айтуына қарағанда өмірде мақсат болу керек. Ол 
мақсат неғұрлым жоғары болса, солғұрлым адам өмірі маңызды болып, ал ең 
жоғарғы мақсатқа ұмтылса – өмірдің шыңына жетуге болады. 
Енді ең жоғарғы мақсаттың не екеніне келейік. Жан таза рухани негізде 
болғандықтан, оның құмары да рухани азықпен қанады. Таза рухани азық Түп Иеде. 
Ендеше жан құмарын қандыру үшін Түп Иеге қайтуды ойлап, көксеу керек. Бұл 
туралы данышпан былай деп жазады: 
Мекен берген, халық қылған ол ләмәкан 
Түп иесiн көксемей бола ма екен? 
Және оған қайтпақсың, оны ойламай, 
Өзге мақсат ақылға тола ма екен? 
(«Лай суға май бiтпес қой өткенге». 1895 ж.) 
Абай Түп Иенi сипаттай келiп бiздiң Оны көксеуiмiз, яғни Оған талпынуымыз керек 
екенiн айтып, оның себебiн түсiндiредi. Ал ол көксеуiмiз, яғни Оған деген 
құштарлығымыз тек «Түп Иеге», яғни Құдайға қайтқанда ғана орындалады. Сөйтiп, 
ойшыл адам өмiрiнiң негiзгi мақсатын көрсетедi. Ол мақсат – Түп Иеге (Құдайға) 
қайту. Ақын сонымен бiрге бұның неге негiзгi мақсат екенiн бiлдiредi. 
Себебi, Түп Ие «мекен берген, халық қылған», яғни адам өмiрiне қажеттiнiң 
барлығын берген Жарылқаушы. Фәни өмiрдегiлер ол Түп Иенi естерiнен шығарып 
адасқандар. Сондықтан өз қамдары үшiн ғана өмiрiн арнап, Жаратушыны ұмытып 
бұрыс жолда жүр. Мәселе осыны түсiнiп дұрыс жолға түсуде. «Адасқанның алды 
жөн, арты соқпақ» дейдi Абай. Егер адам адасқанын бiлсе, ол дұрыс жол iздеп
адасудан шығуға ұмтылады. Ал егер бiлмесе, онда ол сол бiлмеген қалпы адасып 
жүре бередi. Сондықтан әркiм бұл өмiрде адасқанын бiлiп, одан шығуға ұмтылуға 
тиiстi. Ол үшiн алдындағы негiзгi мақсатты анықтай бiлуi керек. Оны ойшыл «Түп 
Иеге қайту» деп анықтап берiп отыр. "Өзге мақсат ақылға қона ма екен? » деп басқа 

мақсатты iздеу ақылсыздық болатынын бiлдiредi. Абай адам өмiрiнiң мақсатын 
осылай ашқан. 
Сонымен бiрге, Жаратушы барлық жаратқандарына мекен берсе де өзi мекенсiз 
(ләмәкан) деп, Абай Түп Иенiң бiзден айырмашылығын көрсетіп, Оның мекені басқа 
дүниеде екенін білдіреді. "Халық қылған" деген сөздi отбасы, ру, ұлт, мемлекет
тағы сол сияқты адамдарды қоғамдастыратын бiрлiк, ұйым түрлерi деп түсiнетiн 
болсақ, онда әрбiр қоғамның, сонымен бiрге бүкiл болмыстың, мiндетi түпкi 
мақсатқа, яғни әркiмнiң Түп Иеге қайтуына барынша мүмкiндiк жасау екенiн 
көремiз. 
2. Өмiр мақсатына жету кепілі 
Абай ілімі бойынша адам өмірінің мақсаты Түп Иеге қайту екенін білдік. Ал енді ол 
мақсатқа жету үшін не істеу керек? Не етсек оған жете аламыз, яғни адам өмірінің 
түпкі мақсатына жетудің кепілі бар ма? Бұл сұрақтың жауабын ойшылдың әйгiлi 
«Алланың өзi де рас, сөзi де рас» өлеңi мен отыз сегiзiншi қара сөзiнен табамыз. 
Ойшыл адам өмірінің мақсатына жету кепілі – Алла тағалаға сүйіспеншілікке жету 
екенін білдіреді. Бұл туралы Абай былай деп жазады: 
Махаббатпен жаратқан адамзатты, 
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәттi. 
Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп, 
Және хақ жолы осы деп әдiлеттi. 
Осы үш сүю болады имани гүл, 
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ бiл. 
Ойлан дағы, үшеуiн таратып бақ, 
Басты байла жолына, малың түгiл. 
Дiн де осы, шын ойласаң, тағат та осы
Екi дүниеде бұл тасдиқ -– Хақтың досы. 
Осыларды бұзатын және үш iс бар: 
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы. 
(«Алланың өзi де рас, сөзi де рас», 1902 ж.) 

Ұлы ақынның шексіз көркемдік пен түпсіз ой тереңін білдіретін бұл сөздерін 
адамның өмір мақсатына жетуінің бұлжымас трактаты деуге болады. Себебі 
кемеңгердің бұл ойы адамзат тарихында түрлі қасиетті жазбаларда анықталып, 
данышпан, әулиелердің өмірімен шыңдалып жеткен шындық. 
Өлеңнiң бiрiншi шумағынан, Абайдың өзi жазып отырғандай, иманның үш асылын 
көремiз. Оның бiрiншiсi, "Алла тағала махаббатпен жаратқан адамзатты". Екiншiсi, 
сол себепті, "Ол Алланы сенiң де сүюiң және жаннан тәттi сүюiң керектiгi". 
Үшiншiсi, "Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп және Хақ жолы осы деп әдiлеттi". 
Бұлар – Абайдың әйгілі "үш сүюі". 
Ендi осы үш сүюдің мағынасын дұрыс түсініп, бойымызға тереңірек сіңіру үшін 
ойшылдың өзi нұсқағандай, ойланып, үшеуін таратып бағайық. Абай ілімі рухани, 
толық болғандықтан, оны рухани жетілу жолында да, материалдық өркениет 
жолында да қолдануға болады. Үш сүюді әуелі бақи әлем тұрғысынан 
қарастырамыз. Бiрiншi, "махаббатпен жаратқан адамзатты" деген тұжырым өмiрдегi 
махаббат көзiнiң қайда жатқанын бiлдiредi екен. Алла тағала адамзатты 
махаббатпен жаратса, онда бүкіл адамзат қоғамындағы махаббат көзі – Алла тағала 
болса керек. Біз барлығымыз да шексіз мейірімді Алла тағаланың махаббатынан 
және Оның махаббатымен жаратылғанбыз. Ендеше, отбасындағы жұбайлар, ата-ана 
мен бала, туған-туысқан, достар арасындағы махаббат түрлерi сайып келгенде Алла 
тағаланың көрінісі, Оның шапағат нұры болып табылады. Яғни, адам өмiрiнiң, тiптi 
бүкiл болмыстың жалпы себебi бар. Ол себеп – Алла тағаланың махаббаты. Отбасы, 
түрлi қоғамдастықтар, халықтар, тiптi бүкiл адамзат өмiрi осы махаббаттан қуат 
алады. 
Махаббат – адамдарды бiрiктiрiп, жақындастыратын күш. Бүкіл болмыс – махаббат 
көрiнiсi. Тіпті, ғарыштағы түрлі планеталар мен жұлдыздардың, Күн мен Жердің 
белгілі бір қашықтықта бірін-бірі айналып жүруі де олардың бір-біріне деген 
махаббат көрінісі деп түсінуге болады. Біз оны тек тартылыс күші деп атаймыз. 
Махаббат бар жерде тұтастық, бiрлiк бар. Махаббат болмаған жерде болмыс 
түрлерінің тұтастығы бұзылып, барлығы бiр-бiрiнен алыстап, бейберекет болып 
шашылады. Адамзат қоғамында отбасынан бастап үлкен империяларға дейiн 
бөлiнiп, бөлек-бөлек болып ыдырап, ақыры мүлде жойылып кету себебi мiне 
осында. Қоғам өмiрiнде бүгінгі отбасының бұзылуы, ал мемлекет деңгейiнде 
бұрынғы Кеңес Одағының ыдырап кетуі мұның жақсы мысалы. Сонымен, Алла 
тағала барлығымызды Өзінің махаббатымен, яғни сүйіспеншілігімен жаратқан. 
Сондықтан Абайдың беретiн екiншi маңызды тұжырымы – "Сен де сүй Ол Алланы 
жаннан тәтті". Бұл сөздерден Алланы сүюдің шыңы қандай екенін көреміз. Алланы 
сүю туралы ойын ойшыл отыз сегiзiншi қара сөзiнде де қайталайды. Ол Алла 
тағаланың адамды махаббатпен жаратқанын дәлелдей келiп «Кiм өзiңе махаббат 
қылса, сенiң де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе? » деп адамды мiндеттей 
жазады. Сөйтiп Абай Алла тағалаға махаббатқа жетудi өлеңiнде де, қара сөзiнде де 
анықтай түсiп, оны мiндет ретiнде көрсетедi. Алла мен адамның арасындағы 

сүйiспеншiлiктi ақынның осылай нықтап көрсетуiнiң себебi – бұл негiзгi мақсатқа 
жетудiң, Түп Иеге қайтудың кепiлi. Басқа жол жоқ. Алла тағала өзiн сүйгендi 
ерекше сүйiп, оны өзiне қайтарып алады. 
Осындай жоғары сүйіспеншілікке әркім жете ала ма? Енді осы сұрақтың жауабына 
келейік. Махаббат әрбір жан иесінің қасиеті. Себебі, Абай айтқандай, Алла тағала 
адамзатты махаббатпен жаратқан. Махаббат сезімі адамдардың барлығына тән 
қасиет екенін күнделікті өмірден де көруге болады. Біреуді жақсы көрмейтін адам 
болмайды. Бірақ сол сүйіспеншілік адамға бірден келе қалмайды, ол біртіндеп 
жетіледі. Адам баласы өмiрiнiң алғашқы кезiнде әуелi ата-анасын жақсы көредi, 
сонан кейiн оның сүйіспеншілігі ағалары мен қарындастарына, ал өсе келе өзiнiң 
отбасына, қоғамына, отанына, халқына, немесе тiптi бүкiл адамзатқа бағытталуы 
мүмкiн. Осылай махаббат сезімі жетіліп, тереңдей береді. 
Бұл – сүйіспеншілікті жетілдіру жолы. Жан әуелі өзіне жақын жанды, сонан кейін 
басқа жандарды, сөйтіп, кезінде Үлкен жанды, Алла тағаланы сүю мүмкіндігіне 
жетуі мүмкін. "Жақыныңды өзіңдей жақсы көр" деген сөз бар. Бұл сүюдің алғашқы 
қадамын білдіреді. Бірақ бүкiл адамзатқа деген махаббаттың өзi сүйiспеншiлiктiң 
шыңы емес. Ол шыңға көтерілу үшін әуелі махаббаттың ең жоғарғысы не екенiн 
бiлуіміз керек. 
Махаббаттың ең жоғарғы шыңы – махаббат көзі болып табылатын Алла тағаланың 
Өзіне деген махаббат болса керек. Сондықтан, бұл ақиқатты «Сен де сүй Ол Алланы 
жаннан тәттi» деп Абай бабамыздың өзі де көрсетiп отыр. Бұл сүю – ләззаттің де 
шыңы. 
Аллаға сүйіспеншілікке жету оңай емес екенiн үлкен ғұламалардың барлығы да 
растайды. Алланы бірден сүю мүмкін емес болғандықтан, әуелi Оның 
жаратқандарын сүюге ұмтылу керек. Сондықтан Абай өзінің үшiншi тұжырымында 
«Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп, және Хақ жолы осы деп әдiлеттi» дейдi. Бұл – 
Алла тағалаға сүйіспеншілікке жету жолы. Себебi Алла тағаланың жаратқандары 
арқылы ғана Оның Өзінің хикметтерін сезе аламыз. Бұл туралы Абай "Адамды сүй, 
Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа? " десе, Мұхаммед 
пайғамбарымыздың сахабалары Алла тағаланың жаратқандары арқылы Алла 
тағаланың Өзiн көретiнiн айтқан. Бұл күн сәулесiн көру арқылы күннiң өзiн көрумен 
бiрдей. Алла тағала бiздiң сезiмдерiмiзден сырт жатқандықтан, бiзге Оны көрiп, 
бiрден төте сүю мүмкін емес, сондықтан Оның жаратқандары – адамзатты сүю 
арқылы түпкi мақсатқа жетемiз. Сөйтiп бүкiл адамзатты сүю арқылы Алланы сүюге 
жете аламыз. Сонымен бірге, көптің пайдасын көздеп, оның қамын ойласа, сол Алла 
тағаланың сүйiктiсiне айналады. Алла тағала барлығын жаратушы болғандықтан, Ол 
бұл әлемнен ештеңеге, ешкiмнiң құлшылығына мұқтаж емес. Яғни Оның өзiне 
ешкiмнiң қызметi қажет емес. Бiрақ Ол шексiз мейiрiмдi. Сондықтан, Ол осы фәни 
әлемнiң құрсауында азап шегiп жүрген пенделерiн кейiн қарай Өзiне қайтарып 
алғысы келедi. Бұл туралы Абай былай дейдi: 
Мазлұмға жаның ашып, iшiң күйсiн, 

Харекет қыл, пайдасы көпке тисiн. 
Көптiң қамын әуелден Тәңiрi ойлаған, 
Мен сүйгендi сүйдi деп Иең сүйсiн. 
Көптiң бәрiн көп деме, көп те бөлек, 
Көп ит жеңiп көк иттi күнде жемек. 
Ғадәләт пен мархамат – көп азығы, 
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек. 
(«Көк тұман – алдыңдағы келер заман», 1897 ж.) 
Абай ойы бойынша бұл әлемдегi қасiретке ұшыраған адамдарға (мазлұм) жаның 
ашып, iшiң күйiп жақсылық iстесең, оның қамын ойлаған Тәңiрi де Мен сүйгендi 


1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал