Абайдың рухани мұрасы. Досым Омаров Данышпан берген салауатты өмiр тағлымдары



жүктеу 5.01 Kb.

бет4/24
Дата08.09.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24
Абайды 1877-1878 жылдың қысында ұлық тергеу мақсатымен қалаға шақыртады. 
М.Әуезов Абайдың осы жолы 12 үлкен iспен тергелiп, Семейде 3-4 ай бойы 
жатқанын жазады. Жала қанша көп болса да Абай одан ақталып шығады. Өз iсiнiң 
әдiл екенiн ұлықтарға дәлелдеп, солардың сенiмiне ие болады. 
Осы тергеу Абайдың ой-өрiсiн басқа арнаға қарай бұрады. Яғни, тағдырдың бұл 
қыспағы Абайдың келешегi үшiн аса маңызды болған. Абай осы жолы қалада ұзақ 
жатқанында түрлi кеңселерде болып, ондағы орыс халқы өкiлдерiнiң iс-
әрекеттерiмен танысып, патша саясатын түсiнiңкiрей бастайды, үкiмет заңдарын 
бiлу керектiгiне көзi жетедi. Қалада оның дүниеге деген түсiнiгi едәуiр кеңейiп, 
өмiрге басқа көзқараспен қарай бастайды. Сөйтiп Абай өсудiң жаңа деңгейiне 
беттеп, өмiрдiң сыры туралы, бұл iстеп жүрген iстерiнiң не себептен мәнсiз екенiне 
ой жүгiртiп, толғанады. Бұл оның атақ-даңқы тобықты iшiнен асып, басқа да 
руларға, аймақтарға жайылып, молайып бара жатқан кезi едi. 
Халқының мүшкiл жағдайын көрiп, оған жаны ашыған Абай, 1877-78 жылдардан, 
яғни 32-33 жастарға келгенінен бастап өз халiнше көпшілікті жөнге салуға 
ұмтылады. Бұған дейiн де тиiп-қашып өлең жазып, жазғандарын Көкбай сөзi деп 
таңбалап келген ойшыл ендi халқына рухани бiлiм берiп, жетiлу жолына салу үшiн 
күштi құрал ретiнде пайдалану үшiн өлең жазуды, яғни ақындықты мықтап қолға 
алады. 
Мен жазбаймын өлеңдi ермек үшiн, 
Жоқ-барды, ертегiнi термек үшiн. 
Көкiрегi сезiмдi, тiлi орамды 
Жаздым үлгi жастарға бермек үшiн, – 
(«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», 1888 ж.) 
деп, ақын өзiнiң өлең жазудағы көздеген мақсатын айқын бiлдiредi. 
Ойшыл жетiле келе терең рухани бiлiм мен халқына деген жанашырлыққа ие 
болады. Ол ақындығы өзiнiң тiлек-қалауы – халықтың көкiрегiн ашып, оны дұрыс 
жолға салу құралы екенiн жазады. 
Қазақ даласы ол кезде Ресей патшасы саясатының нәтижесiнде бүлiнген үстiне 
бүлiнiп, ұсақталып, жұрт өзара бiрiмен-бiрi күреске түсiп, бейберекет халге ұшырап 
жатқан едi. Патша үкiметiнiң жергiлiктi өкiлдерi – бұрынғы аға-сұлтан, берiдегi 
болыс, би, елу басы, старшын дегендердiң барлығы да парақор, өтiрiк, жала 
жапқыш, ел iшiн бүлдiрушi, тонаушыларға айналып, өз құлқындарын ғана ойлады. 
Халық құлдырау жолына түсiп, Абай сөзiмен айтқанда «ақымақ көп, ақылды аз» 
халге жеттi. Осының барлығын көрген, оған жаны күйзелген Абай оларды түзу 

жолға салуға ұмтылады. Сол үшiн болыс болып та, би болып та елдi түзетпек 
болады. Бiрақ қарабасын ойлаған ел көп, ал Абай жалғыз едi. Рухани дүниесi 
құлдырау жолына түскен тобырды дұрыс жолға салу қиынның қиыны болатын. 
Осыны сезiнген Абай қатты қиналып, дағдарысқа ұшырайды. «Мыңмен жалғыз 
алыстым, кiнә қойма! » деп мұңын шаға келiп, оның себебiн түсiндiредi. 
Бас-басына би болған өңкей қиқым, 
Мiнеки, бұзған жоқ па елдiң сиқын? – 
(«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», 1886 ж.) 
деп отаршыл саясаттың құрбаны болған елдiң «атқамiнерлерiнiң» кiнәсiн көрсетiп, 
оларды аяусыз мiнейдi. Абайдың «Болыс болдым мiнеки», «Болды да партия», 
«Бөтен елде бар болса», «Қалың елiм, қазағым» деген өлеңдерi халықтың көзiн 
ашып, оятуды көздеген, атқамiнер белсендiлердi жаман әдеттен сақтандыруға 
арналған туындылар едi. 
Өз бастарының ғана қамын ойлап жүрген көпшiлiк қауым Абайды түсiнгiсi 
келмейдi. Олардың бар мақсаты өтiрiк-шынды жүндей сабап мал табу қамы 
болатын. Осыларды көрiп-бiлiп, санасында қорыта келiп, өзiнiң алдына қойған 
мақсатының ауырлығына көзi жете түскен Абай халқына көмектесу жолындағы 
қазiргi қылған қарекеттерiнiң мардымсыздығына қапаланады. Ол халықты дұрыс 
жолға түсiрiп, оның көзiн ашу үшiн бiлiм қуаты керек екенiн түсiне бастайды. 
Өмiрдiң шым-шытырық қайшылықтарының шешiмiн таба алмай ойға қалған Абай 
ендi өзiнiң рухани бiлiмiн жетiлдiру керектiгiне көзi жетедi. Кезiнде бiлiм алуға баса 
көңiл бөлмегенiне өкiнген ақын өз ойын былайша өрнектейдi: 
Жасымда ғылым бар деп ескермедiм, 
Пайдасын көре тұра тексермедiм. 
Ержеткен соң түспедi уысыма, 
Қолымды мезгiлiнен кеш сермедiм. 
Бұл махрұм қалмағыма кiм жазалы, 
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едiм? 
(«Жасымда ғылым бар деп ескермедім», 1885 ж.) 
Сөйтiп, тағдыр өзiне жүктеген ауыр да жауапты мiндеттi орындау үшiн, ол кешiрек 
болса да бiлiмiн толықтыруды қолға алады. Бұл туралы М. Әуезов былай деп 
жазады: «Жасы отыздан асқан соң, бұрынғы азды-көптi бiлiмiн есiне түсiрiп, орыс 
кiтабын мықтап оқиды. Едәуiр тiл бiлiп алған соң, ендi көп нәрлi кiтаптар оқуға 
кiрiседi». 

Содан бiраз жыл өткенде Абайдың күндегi өмiрiнде үлкен орынды тек кiтап алады. 
Кiтапты белгiлi жүйелi тәртiппен оқымаса да, жақсы ақын, жазушылардың сөздерiне 
құмарланып, шетiнен таныса бередi. Әдейi қала кiтапханасының кiтаптары үшiн 
Семейде қысқы айларда ұзақ жатып алатын болып, өз-өзiнен iзденiп, қармана 
бастайды. Осымен 35-36 жастардың шамасында кiтап қарастырудың жолында 
жүрiп, Абай 1870 жылдарда Петербургтан айдалып келген революционер жас 
Михаэлис деген кiсiмен таныс болады" /2, 50-бет/. 
М.Әуезов атап көрсеткен Абайдың рухани кемелденуiнiң үшiншi арнасы – орыс 
және Батыс мәдениетi осылай бастау алған едi. 1880 жылдарда Абай Долгополов, 
Леонтьев сияқты басқа да айдалып келген революционерлермен танысады. Бұлар 
патша үкiметiнiң озбырлығына қарсы күрес жолына түскен адамдар едi. Абайдың 
олардан көп жағдайларға қанық болғаны даусыз. Ал кейiннен орыс тiлiн жақсы 
меңгерiп, ғылым әлемiне өз бетiмен бағыт алғанда Абай озық ойды Шығыс 
дүниетанымын Батыстың өркендеген жаңа жетiстiктерiмен сабақтастыра отырып 
тапты. 
Халық қамын ойлаған Абай үлгi ретiнде И.А.Крыловтың көптеген мысалдарын, 
А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов сияқты орыстың ұлы ақындарының шығармаларын 
қазақшаға аударды, олармен көпшiлiктi таныстырды. Орыс ақындары арқылы 
Еуропа мәдениетiне де қол созды. 
Сөйтiп Абай алған бiлiмiн Шығыс дүниетанымының негiзiнде ой таразысынан 
өткiзiп, ретi келсе өмiрде қолданып, өзiнiң бойына молынан сiңiре бередi. «Абай 
ендi өзiнiң қоғамдық, тарихтық жолын ұзақ өрiске қарай ұлғайтып, алып кетедi. Өзi 
де ғылым зерттей бастайды. Сонымен, 1884 жылдары, жасы қырыққа таман 
iлiнгенде, ол дүниеден көп мағлұматы бар кiсi болады. Әр нәрсе туралы ғылым-
философияға сүйенген арнаулы көзқарасы, сыны бар қырағы озғын азамат болып, 
жекеленiп шыға бастайдың», – деп жазады М. Әуезов Абайдың бұл кезеңiн /2, 54-
бет/. 
Абай өлеңдерiнде халықты азғындаудан сақтандырады, жаман әдеттен жиренуге, 
адамгершiлiкке шақырады, өз шығармаларында моральдық-этикалық нормаларды 
орнықтыруды көздейдi. Сөйтiп Абай елдiң ақылшысы, қамқоршысына айналады. 
Бiрақ, көпшiлiк қауымның оның ұсынған асыл мұрасын қабылдап, түсiнуге өресi 
жетпедi. Ал елдiң озбырлары болса, оған бөгет жасауға ұмтылып, аяғынан шала 
бердi. Осыған налыған Абай былай деп ой тербейдi: 
Ерте ояндым, ойландым, жете алмады, 
Етек басты көп көрдiм елден бiрақ. 
(«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма? », 1898 ж.) 
Абай бұл фәни дүниенiң қызықтарын бiр адамдай-ақ көрiп-бiлдi. Ол дәулеттiң де, 
би, болыс болып, билiктiң де дәмiн татты. Отбасын құрып, Дiлдә, Әйгерiм, кейiннен 

Еркежан сияқты өзiне адал, шын көңiлдерiмен берiлген әйелдерi де болды, Олардан 
туған Әбiш, Ақылбай, Мағауия сияқты өнегелi балаларының қызығын да көрдi, 
өзiнiң ақындық өнерiмен жұртты аузына қаратып, атақ-даңққа да ие болды. Бiрақ 
бұл тән құмарлықтары енді көкірек көзі ашылған Абайды жалықтыра бастайды. 
Бұрынғы жасап жүрген тән құмарлықтарына арналған әрекеттеріне оның көңілі 
толмайды. Ол рухани тығырыққа жолыққандай болады. Ақынның бұл сипатын 
«Мен ішпеген у бар ма? », «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей», «Ішім өлген, 
сыртым сау», «Қайтты көңілім бұл дүниенің ісіне» деп бұл фәни өмірге өз көңілін 
білдіретін «Құлақтан кіріп бойды алар», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма? », 
«Бай сейілді» тәрізді өлеңдерінен көруге болады. Басқа өлеңінде ақын надан 
адамдардың ұнамсыз қылықтарын сипаттай келіп олардан түңілген халын былай деп 
көрсетеді: 
Ауырмай тәнім, 
Ауырды жаным, 
Қаңғыртты, қысты басымды. 
Тарылды көкірек, 
Қысылды жүрек, 
Ағызды сығып жасымды... 
...Ғылымды іздеп, 
Дүниені көздеп, 
Екі жаққа үңілдім. 
Құлағын салмас, 
Тіліңді алмас 
Көп наданнан түңілдім. 
Екі кеме құйрығын 
Ұста, жетсін ажалың... 
Атадан алтау, 
Анадан төртеу, 
Жалғыздық көрер жерім жоқ. 
Ағайын бек көп, 

Айтамын ептеп, 
Сөзімді ұғар елім жоқ. 
Моласындай бақсының 
Жалғыз қалдым – дәп шыным! 
(«Сегіз аяқ», 1889 ж.) 
Ақынның жасы 44-тен асқанда жазған бұл толғаныстары оның жетілу жолындағы 
жаңа сатыға көтерілер кезін бейнелейді. Көңіл-күйдің осылай өзгеруін адамзатқа 
келген пайғамбарлар, әулиелер мен басқа да ұлы адамдардың өмірінен көреміз. Бұл 
туралы мысалдар көп. 
Рухани өсудің белгілі бір деңгейіне келгенде адам баласы Абайдың өзі көрсеткен 
«адам» сатысынан «толық адам» сатысына ауысады. Сол кезде адамның көңіл-күйі 
ғана емес, тіпті тәнінде де тиісті өзгерістер болып, адам өзіне түсініксіз халге келуі 
мүмкін. Бұл хал келесі рухани сатыға өтетін табалдырық. Егер ол табалдырықтан 
сүрінбей өтсе адам баласы қарапайым халық түсіне бермейтін жаңа өмірге өтеді. 
Абай бұл табалдырықтан сүрінбей өтіп кеткен, сондықтан оны, әсіресе өмірінің 
соңғы он жылдарын көпшілік түсіне алмаған. «Моласындай бақсының, жалғыз 
қалдым – дәп шыным! » деп соны айтып отыр ақын. Бұл – қарапайым адамдардың 
арасында жүрген рухани жетілу жолындағы толық адам сатысына көтерілгендердің 
көпшілігінің несібесі. Мысалы, көпшілікке тіпті Абайдың бұл өмірден өту сипаты да 
түсініксіз болған. Бұл туралы Тұрағұл жазады. 
Абайды өз деңгейінде түсінбеушілік бүгінгі күндерге дейін келең алып келе жатыр. 
Данышпанның өмірі туралы жазған Тұрағұл, Кәкітай, Әрхам, Көкбай тәрізді жақын 
адамдар да оның рухани ішкі дүниесіне үңілмеген. Бүгінгі күндердегі 
абайтанушылар да Абайдың рухани тұлғасын «толық адам» сатысында қарап, оған 
өз бағасын әлі берген жоқ. Себебі «толық адам» сатысындағылардың өмірі 
қарапайым адамдардың түсінігінен сыртта, сондықтан олардың өмірін түсіну 
қиынға соғады. Алдағы тарауларда біз бұл мәселеге толығырақ тоқталамыз. 
Енді өмір түсінігі өзгерген соң Абай өзінің халыққа деген қызметін басқаша жолға 
салады. Ол бұрын болыс болып күштің көмегімен, не болмаса халықты тәртіпке, 
адамгершіліктің түрлі қағидаларына шақыру арқылы әрекет жасады. Енді ол адамды 
күнделікті өмірдің шырғалаңынан шығуға бөгет жасайтын негізгі себептерге зер 
салады. Ол адам болмысының негізіне көңіл бөліп, адамның іс-әрекетінің түп 
қазығы болып табылатын жан мен тән құмарын бір-бірінен айырып, олардың адам 
өміріне әсерін анықтауға күш салады. Сөйтіп, данышпан ақын адамның тән 
құмарлығын жан құмарлығына жеңдірмей көздеген мақсатқа жету мүмкін емес 
екені туралы тұжырымға келеді. Ол өз ойының жаңа бағытын былай деп білдіреді: 
Малда да бар жан мен тән, 

Ақыл, сезім болмаса. 
Тіршіліктің несі сән, 
Тереңге бет қоймаса? 
("Жүректе қайрат болмаса", 1898 ж.) 
Данышпан осылай мал мен адамның ұқсастығы мен айырмашылығына ой жүгіртіп, 
мал өмірі мен адам өмірінің айырмашылығын көрсетеді. Адамның өмір мақсаты 
туралы ойланып тереңге бет қоюға мүмкіндігі бар, ал малда ондай мүмкіндік жоқ. 
Сол мүмкіндіктерді пайдалана алмай жүрген жүректе қайрат, ақылда сәуле жоқ 
көңілі жабық рухани қараңғы бейшара адамдарды кемеңгер ойшыл қара сөздерінде, 
өлеңдерінде "жарым адам", "малсыңдар", "даладағы аңсыңдар" деп сынға алып, 
оларға ой салғысы келеді. 
Абай халыққа өмір сырларын тереңінен түсіндіру үшін енді өзінің қара сөздерін 
жазуға кіріседі. Қара сөздерінің біріншісін ол былай деп бастайды: «Бұл жасқа 
келгенше жақсы өткiздiк пе, жаман өткiздiк пе, әйтеуiр бiрталай өмiрiмiздi өткiздiк: 
алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешiлiктi көре-көре келдiк. Ендi жер 
ортасы жасқа келдiк: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген iсiмiздiң баянсызын, 
байлаусызын көрдiк, бәрi қоршылық екенiн бiлдiк. Ал, ендi қалған өмiрiмiздi 
қайтып, не қылып өткiземiз? Соны таба алмай өзiм де қайранмын». 
Бұл сөздерден Абай фәни өмiрдiң барлық қуаныш-қайғысын молынан көрсе де, оны 
ештеңе қанағаттандыра алмағанын көреміз. Оның жаны әлi де болса жанталасып 
iзденуде. Абайды немiстiң ұлы ақыны Гетенiң «Фауст» шығармасындағы Фауст 
бейнесiмен салыстыруға болады. Ол да өзiне қанағат таба алмай, шайтан (Iбiлiс) 
Мефистофельмен шартқа отырады емес пе. Шайтан Фаустың жанын фәни өмiрдiң 
қызығы қашан қанағаттандырып болған сәтте алмақ болып шарттасады. Шайтан 
оған өмiрдiң барлық қызығын көрсетедi. Бiрақ таза жанды Фаустың өмiрдегі 
алданыш қызықтың ешқайсысына көңiлi толмайды. Тек бұл өмiрдiң қызығын көре 
алмайтындай соқыр болған шағында ғана оған Құдайдың мейiрi түсiп, ол қанағат 
алады. Сөйтiп шайтан таза рухты бұл фәни өмiрдiң қызығымен жеңе алмай масқара 
болады. Абай жаны да бұл өмiрдiң қызығына қанағаттана алмады. «Қылып жүрген 
iсiмiздiң баянсызын, байлаусызын көрдiк, бәрi қоршылық екенiн бiлдiк» дейдi. 
Өзінің өмірінің соңына дейін он-он бес жыл қалғанда кемеңгер ақын осындай ой 
түйініне келеді. 
Абай ендi өмірдің түпкі мәні мен мақсаты туралы ойға қалып, бүкіл болмыс 
құпияларына көңіл бөле бастайды. Ақын осылай өзiнiң өсу-дамуының жаңа 
деңгейiне көтерiлгенiн бiлдiредi. Ол осыған дейiн өз шығармаларында көбінесе 
адамның кемшіліктеріне көңіл бөлсе, енді сол кемшіліктердің түпкі себебін ашуға, 
өмірдің түпкі мақсатын ашып, оған жету жолдарына зер сала бастайды. Сөйтіп 
қасиеттi кiтаптарды тереңірек зерттеп, дiни философияға көңiл бөледi. 

Кемелденудiң бұл биік деңгейiне көтерілу өте сирек кездеседі. Бiз Абайды ендi осы 
биiк деңгейден көремiз. 
2. Абайдың жан дүниесі 
Адамның рухани биік деңгейге көтерілуіне оның iшкi жан дүниесiнің әсері үлкен 
болады. Оның жетілуіне әсіресе, руханиятқа деген ынта-жігері көп әсер етеді. Абай 
жас кезінен зерек, әрі оның руханиятқа деген ынта-жігері зор еді. Бұл оның 
келешекте хакiм деңгейiне көтерілуіне үлкен себеп болды. 
Абай жан дүниесiне үлкен әсер еткен дiни дүниетаныммен алғаш рет медреседе, 
кейiннен жасы ұлғайып кемелденген кезінде көп шұғылданған. Ол оқып зерттеген 
дiни әдебиеттер iшiнде мыналар бар: адамзатқа берiлген қасиеттi кiтаптар, хадистер 
жинағы, дiни өлеңдер мен дастандар, пайғамбарлар тарихы туралы ғұламалық 
еңбектер. Зерттеушi Т. Жұртбаев: «Жалпы алғанда, Абайдың кiтапханасында әр 
ғасырда әр жылдары жарияланған 146 кiтап болған» /4/, – деп жазады. Абайдың өте 
терең рухани бiлiмдi адам болғанына өзi зерттеген «Құран», «Таурат», «Талмуд», 
«Iнжiл» тәрiздi қасиеттi кiтаптардың ықпалы зор болған. 
Абай ислам дiнiнiң тарихын жақсы бiлiп, молынан зерттеген сол кездегi ең бiлгiр 
адамның бiрi болған. Бұл жайды мұсылманшылықты қатты ұстаған Абаймен 25 жыл 
жолдас болған ақын Көкбай ақсақалдың сөзiнен де көруге болады. Ол өзiнiң 
естелiгiнде былай дейдi: «Онан соң жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен 
ғұламалар жазған iрi сөздердiң барлығын да бiлетiн. Бәрiнен өз тұсындағы үлкен 
молдалардың қайсысымен болса да қатар түсерлiк мағлұматы бар-ды. Сонымен 
Семейге бара жатқан уақытта, Семейдiң Кәмали қазiрет сияқты үлкен 
молдаларымен, анда-санда бас қосып мәжiлiс те жасап қоятын. Осындай мәжiлiстер 
арқылы Семей қаласындағы қазақ, татар молдаларының барлығы да Абайдың дiн 
мәселесiне жетiктiгiне әбден көзi жеткен соң, бұл кiсiнi өз заманының ғұламасы 
сияқты да көрген». 
Семейге миссионер Сергей деген кiсi келiп, мұсылман дiнiн қорғаушы молда, 
имамдар болса сөйлесемiн деп iздегенде, Семей қаласындағы мұсылман 
оқымыстыларының барлығы араларынан бiрауыздан Абайды сайлап шығарып, 
Сергейден жеңiлмей, мұсылман дiнiнiң абұйырын аман сақтап шығуына мешiтке 
жиылып, мiнажат қылып, Абайға бата берiп, тiлек тiлеп жөнелткен. Бұл туралы 
Көкбай былай дейдi: 
«Бұл мәжiлiс туралы тағы да бiр есiмде қалған нәрсе: осы сөйлесетiн күнi Сергейдiң 
қасында Семейдiң көп поптары бар екен. Солардың кейбiреулерi бiр әредiкте 
мұсылман дiнiнiң ұсақ мәселелерi туралы Абаймен дауласқысы келсе керек. Сонда 
Сергей: «Сендер қойыңдар, Ыбырайым Құнанбаев сендердiң тiсiң бататын кiсi 
емес», -дейдi әрi қарай Көкбай ақсақал . 
Абайдың осы Сергеймен сөйлескен сөздерiн кейiнгi уақытта қаланың жатақтары 
мен шала молдалары үлкен жырдай қылып, ертек қылып әкеттi. Соның iшiнде 

«Сергей үй дептi», «Абай бүй дептi» деген талай ұйқасты, ұйқассыз сөздер толып 
жатыр» /5, 210-212 беттер/. 
Көкбай ақсақалдың осы сөзiнен көп нәрсенi аңғаруға болады. Бiрiншiден, Абай 
мұсылманшылықты медреседе оқығанымен шектелiп қоймай, оны өмiр бойы 
молынан зерттеп, кей кездерi үлкен молдалармен сөз таластырып, ұштап, тереңдетiп 
отырған. Екiншiден, бұл жағдай Абайдың мұсылман әлемiндегi бiлiм деңгейiн 
аңғартады. «Өз заманының ғұламасы» болып, дiни адамдармен шоқтығы деңгейлес 
тұруы, әрине, дiн жолында жүрмесе де, сондай дәрежеге қол жеткiзгенi көп нәрсенi 
байқатады. 
Абай рухани бiлiмдi әлем заңдылықтарының негiзгi көзi ретiнде қарастырған. 
Имандылық Абайдың бойына сiңiп, оның қасиетiне, мiнезiне айналған болатын. 
Оны Көкбай ақсақалдың мына сөзiнен сезуге болады: «Абай Еуропа ғалымдарының 
iрi палсапамен жазылған кiтаптарын оқығанда, өзiнiң басындағы ой пiкiрлерiнiң iрге 
негiзiн аналарға оңай берiп жiберiп отырған жоқ. Жұртқа өсиет қылып, өзге сөзiн 
мысал қылып сөйлегенде, әрқашан өз ақылының елегiнен өткiзiп алып айтушы едi. 
Сондағы көп насихатының түп қазығы адамшылық, ақтық, әдiлет болса, осының 
барлығы да мұсылман дiнiнiң дөңгелегiне әкелiп, бiр шалып келiп отыратын.» /5, 
210-
бет/. Көкбай ақсақалдың бұл сөздері Абайдың іс-әрекет, сөйлеген сөздерінің 
түпкі мақсатын ашады. Абай өзінің берген үлгі-өнегесін, үгіт-насихатын халықты 
имандылыққа тарту жолына бағыштаған. Ол осылайша, өзінің барлық iс-әрекетінің 
нәтижесiн имандылық тұрғысынан бағалайтын болған. 
Абайдың сөзi ғана емес, iсi де имандылық арнасында болғандықтан, оның рухани 
дәрежесi өз замандастарының арасында әлдеқайда жоғары едi. Молдалардың 
жаттамасы мен Абайдың бойына сiңiрген бiлiмiнiң арасында жер мен көктей 
айырмашылық бар. Христиан дiнiнiң миссионерiмен сөз таластыруға дiн адамдарын 
емес, мешiтке көп қатысы жоқ Абайдың тағайындалғаны оның шоқтығының 
қаншама биiк болғанын көрсетедi. 
Үшiншiден, Ресейдiң христиан орталығынан әдейi сынаққа келген адаммен 
Абайдың сөз таластыруы оның христиан дiнiн де жақсы бiлiп, өзiн бұл салада да 
еркiн сезiнгенiн көрсетедi. Оған Сергейдiң басқа поптарға: «Сендер қойыңдар, 
Ыбырайым Құнанбаев сендердiң тiсiң бататын кiсi емес», – дегенi дәлел. 
Қанша рухани жетілген адам боса да қоршаған ортасы мен айналасы Абайды түгел 
босатпай, еркiн өзiне билетпеді. Аяғына тұсау болып отырған қоршаған ортасының 
жағдайын ол былай деп білдіреді: 
Атымды адам қойған соң, 
Қайтiп надан болайын? 
Халқым надан болған соң, 

Қайда барып оңайын? ! 
(«Жүректе қайрат болмаса», 1898 ж.) 
Бұл жолдардан Абайдың адам өмiрiн қалай жоғары бағалағанын, бiрақ сол мақсатқа 
жетуде оған қоршаған ортаның қалай бөгет болғанын жақсы сезiнемiз. 
Абай қоршаған ортаның керi әсерiне қарамастан, қасиеттi кiтаптарды зерттеуiнiң 
нәтижесiнде, М. Әуезов сөзiмен айтқанда, әралуан түсiнiктерге ие болып, 
исламшылдық, схоластикалық тұсаулардан арылған. Сондықтан да оның ислам 
дiнiне жалпы дәстүрмен үйлесе бермейтiн өзiндiк көзқарасы бар. Бiрақ бұларды 
сопы iлiмi аясында қарап тереңiрек үңiлетiн болсақ, олардың мұсылман дiнiмен 
ешқандай қайшылығы жоқ, қайта оның терең рухани, эзотерикалық мағыналарын 
ашып, дiндi түсiнудiң шеңберiн кеңейтетiнiн көремiз. 
Абай дiннiң не екенiн, оның адам өмiрiндегi маңызын, мақсатын терең түсiнген 
адам. Ол заман ағымынан туған ислам дiнiндегi бұрмалауларды сынай отырып, 
олардың дұрыс мағынасын өзінің отыз сегізінші қара сөзінде көрсетiп бередi. Бұл 
Абайдың ислам iлiмiне қосқан өлшеусiз үлесi болса, ал оның ислам қағидаларына 
сүйене отырып Жаратушы Иенi, жалпы болмыс заңдылықтарын түсiндiрiп беруi – 
оның бүкiл адамзат қауымына қалдырған үлесi. 
Абай діннің сыртқы мәнісі болып табылатын діни рәсімдерден гөрі оның ішкі мәні 
болып табылатын иманның тазалығына көп көңіл бөлген. Ол діннің тек қана сыртқы 
дәстүрін ұстанып, ал ішкі мағынасын бұрмалаушыларды, не болмаса оны 
түсінбейтіндерді сынап, әшкерелеп отырған. Оған бір дәлел келтірейік. 
Тағат деген не тағат Хақ жолында, 
Мәхам жандар ізденіп жүр соңында. 
Хақтың жолын танымай қалтаң қағып, 
Көт жуғанға мәз болған байғұс молда. 
Бұл өлең 1949 жылы Мұстафа дейтін ақсақалдың аузынан жазылып алынған. Осы 
бір өлеңді Абайдың өз аузынан естіген Мұстафа ақсақал былай баяндап айтқан еді. 
Жас жігіт кезінде өз елінің (найманның) бір үлкен адамына еріп, Семей қаласында 
тұратын тобықтының белгілі байы, Жақия қажының үйіне қонаққа барғанын айта 
келіп: 
– 
Барсақ, Абай мен Көкбай бар, үй толған қонақ екен. Мәжіліс ұзаққа созылды. 
Әңгімені көбінесе Абай айтады. Намаз оқитын уақыт болған кезде, Көкбай мәжілісті 
тастап, дәрет алып келіп, намазын оқиды. Абай әңгімесін айтып отыра береді. 
Көкбай тағы бір кезде дәретін алып келіп еді, Абай әңгімесін тоқтата салып, Көбайға 
қарады да, қолма-қол суырып салып, бір ауыз әзіл өлең айтып жіберді. Отырған 
қонақтар ду күлді. Абайдың сол өлеңі әлі есімде. Тіпті ұмытарлық өлең емес, – деп 

Мұстафа ақсақал: «Тағат деген не тағат Хақ жолында» деп басталатын өлеңді айтып 
берді /1/. 
Абайдың осы бір ауыз өлеңінен оның дінге деген көзқарасын анық аңғаруға болады. 
Мәхам (адамшылығы зор, тыянақты) жандар Хаққа (Алла тағалаға) тағаттың 
(құлышықтың) не екенін дұрыс түсіну үшін ізденіп жүр. Олар құлшылықтың түпкі 
мағынасын дұрыс түсінеді. Ал кейбір молдалар діннің шын мәнін ұмытып, діни 
рәсімді қатаң ұстанғандарына мәз болады. Ондай құлшылықтың пайдасы шамалы. 
Абайдың сол кездегi молдалардан үлкен айырмашылығы бар едi. Молдалар дiндi 
өздерiнiң қызметi ретiнде қабылдағандықтан оның түпкi мағынасын бойларына 
сiңiрмей, тек қағидаларын ғана ұстанған. «Молданың iстегенiн iстеме, айтқанын 
iсте» деген халық аузындағы сөздiң өзi олардың сөзi мен iсiнiң бiр-бiрiмен үнемі 
үйлесе бермейтінін көрсетедi. Абай дiндi тек қана күн көрiс үшiн ғана ұстанатын 
мұндай молдалардың рухани дәрежесі мен теріс ниеттерін былай деп сынға алған: 
Кітапты молда теріс оқыр, 
Дағарадай боп сәлдесі. 
Мал құмар көңлі – бек соқыр, 
Бүркіттен кем бе жем жесі? 
«Көзінен басқа ойы жоқ», 1895 ж.» 


1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал