Абайдың рухани мұрасы. Досым Омаров Данышпан берген салауатты өмiр тағлымдары



жүктеу 5.01 Kb.

бет3/24
Дата08.09.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24
Бұл  әңгiме  әлдебір  рухани  күштің  бар  екенiн  және  барлығы  соның  ықпалымен 
болып жатқанын тапқырлықпен дәлелдеудiң бір үлгiсi. 

Имандылықты Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың қолдайтыны да көпке 
үлгi  болатын  жағдай.  Мысалы,  ол  1995  жылғы  қазан  айында  «Россия»  газетiнiң 
тiлшiсiне берген сұхбатында: 
– 
Сiз  өзiңiздi  дiншiл,  Құдайға  сенетiн  адаммын  деп  айта  аласыз  ба?  –  деген  тiлшi 
сауалына  Нұрсұлтан  Әбiшұлы  былай  деп  жауап  бередi:  «Маған  рухани  күш,  яғни 
адамның  iшкi  жан  дүниесiнiң  тазалығы  және  дiни  сенiм  бiр-бiрiмен  тығыз 
байланысып, қатар жүретiн сияқты көрiнедi де тұрады. Адам әуелi рухани жағынан 
кемелденуге  қадам  жасайды  да,  сонан  кейiн  Құдайды  мойындап,  Оған  жақындай 
түседi.  Мұсылман  дiнi  мен  христиан  дiнi  –  Қазақстанның  рухани  дүниесiнiң  қос 
қанаты. Қай дiннiң болса да өмiр сүруге құқығы бар. Ал, адамдарда оларды таңдау 
құқығы, ождан бостандығы болуы тиiстi... Құдайға құлшылық ету жас кезде де, егде 
тартқанда  да  жарасады».  Бұл  өнегелi  сөздердiң  үлкен  мәнi  барлығы  айтпаса  да 
түсiнiктi. 
Абайдың рухани кемелденуiнде негiзгi бiлiм бұлағы қасиеттi Құран болған. Өмiрдiң 
негiзгi  мақсатын  түсiну,  Құдай  тағаланы  тану  жолдары  туралы  Абай  iлiмi  мен 
қасиеттi  Құран  қағидалары  жақсы  үндесiп  жатады.  Ойшылдың  бiзге  қалдырған 
мұрасының ақиқаттығы мен өмiршеңдiгiнiң себебi мiне осында жатыр. 
Сонымен,  Абай  дүниетанымына  жаңаша  көзқараспен  қарап,  оның  шын  мәнiндегi 
зор  рухани  тұлғасын  танытатын  уақыт  жеттi.  Ол  үшiн  Абайға  деген  жаңа 
көзқарастың мәнiн анықтап, оны мойындай отырып қабылдай бiлуiмiз керек. 
ІІ бөлім. АБАЙДЫҢ ӨМІРІ 
Адам баласының дұрыс өсіп, рухани жетілуіне түрлі себептер әсер етеді. Оларды екі 
топқа  бөлуге  болады.  Біріншісі  –  адамның  өзіне  тағдырдың  берген  ата-тегі  және 
оның  өскен  ортасы  болып  табылатын  сыртқы  себептер.  Бұлардың  болуы  адамның 
өзіне  байланысты  емес,  сондықтан  оларды  әркім  өз  бетімен  қалауынша  өзгерте 
алмайды. Екіншісі – адамның өзінің жан дүниесінің әсері. Бұл адамның ішкі дүниесі 
болғандықтан,  жетілудің  ішкі  себебіне  жатады.  Адамның  рухани  жетілуі  жан 
дүниесінің  әсері  болып  табылатын  оның  өзінің  ынта-жігері,  әсіресе  руханиятқа 
деген  көңілі  және  туғанынан  берліген  жан  қасиеттері.  Бұларды  адамның  жетілу 
жолындағы барлық адамзат баласына ортақ себептер деуге болады. Адамның жетілу 
жолын  бұлайша  сараптау  Абай  ілімімен,  әсіресе оның отыз  сегізінші  қара  сөзімен 
үндесіп  жатыр.  Ақылмен  оңай  қабылдап,  көңілге  тез  қондыру  үшін  оларды  жүйе 
ретінде  береміз.  Бұл  жүйе  –  барлық  жан  иелеріне  ортақ  педагогикалық  нұсқа. 
Сондықтан бұны кім болса да өзінің, не болмаса басқа біреудің өмірін зерттеу үшін 
қолдана алады. 
1. Абайдың ата-тегі мен өскен ортасы 
Адам баласының өсіп-жетілуіне әсер ететін сыртқы себептердің бірі оның ата-тегі. 
Өткен тоталитарлық сыңаржақ саясат дәуiрiнде адамның өсiп-жетiлуiне ата-тегiнiң, 
генетикалық нұсқасының әсері көп құпталмағаны белгiлi. Ал генетика ғылымы тек 

адам  ғана  емес,  бүкiл  жан-жануарлар  үшін  шыққан  тектің  әсерi  үлкен  екенiн 
дәлелдеп  отыр.  Әсiресе  Абай  тәрiздi  адамдардың  ұлы  тұлғасының  кездейсоқ 
еместігіне, оның заңдылығына көз жеткізу өте маңызды мәселе. 
1.1. Абайдың ата-тегі 
Адамның дұрыс өсіп-жетілуіне әсер ететін себептердің бірі – оның ата-тегі. Ендi осы 
тұрғыдан Абайдың шыққан ата-тегiне көз жiберелiк. 
Абай  1845  жылы  Семей  облысындағы  Шыңғыс  тауын  жайлаған  тобықты  руында 
дүниеге  келдi.  Шыққан  ата-тегi  әке  жағынан  да,  шеше  жағынан  да,  өз  заманының 
белдi,  беделдi,  ауқатты  адамдары  болған.  Абайдың  өз  әкесi  –  Құнанбай,  атасы  – 
Өскенбай, арғы атасы - Ырғызбай. Қай қайсы да ру iшiнде үстемдiк жүргiзiп, елдi 
аузына  қаратқан  белгiлi  адамдар.  Абайдың  бұдан  арғы  атасы  Олжайдың  үш  ұлы 
болған.  Олар:  Айдос,  Қайдос,  Жiгiтек.  Тобықтының  атақты  биi  Кеңгiрбай  осы 
Жiгiтектен туады. Қайдостан – Бөкеншi, Борсақ. Ал Ырғызбай – Айдостың тұқымы. 
Айдостың өз басы би де, жуан да болмаған. Бiрақ әйелi Айпара ер қайратты, естi әрi 
адуын  мінезді  адам  болса  керек.  Оның  тапқыр  шешендiк,  сәуегейлiк  қасиетi  де 
болған  екен.  Халық  аузында  оның  өзiнен  туған  төрт  баласына  арнаған  мынандай 
сын сөзi қалыпты: 
Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым, 
Тоқпақ жалды торайғыр Көтiбағым. 
Әрi де кетпес, берi де кетпес Топайым, 
Сiрә де оңбас Торғайым. 
Шешесi  үміт  күткен  Ырғызбайы  шынында  да  iсiмен  де,  сөзiмен  де  елге  танымал 
адам  болыпты.  Оны  сол  кездегi  елдiң  биi  немере  ағасы  Кеңгiрбай  үнемi  баулып, 
қанатының астына алып, қамқорлық көрсетедi. 
Ырғызбайдың  төрт  баласы  болған.  Олардың  арасынан  елге  атақ-даңқы  шыққаны 
Өскенбай.  Кеңгiрбай  Ырғызбай өлген соң  қартайған  шағында  Өскенбайды би  етiп 
қояды.  Өскенбай  көпшiлiктiң  ойынан  шыққан  жақсы  би  болады.  Оның  қатал  да, 
батыл  мiнездер  көрсететiн  кездерi  де  болған.  1804  жылы  Өскенбай  орта  жасқа 
келгенде баласы Құнанбай туады. 
Құнанбай жас кезiнен батыл, батырлыққа әуес болады. Ол – тәрбиенi өзiнiң өскен 
ортасынан  алған,  оқуы  жоқ  болса  да  тоқығаны  мол,  ақылды,  парасатты  адам.  Ол 
бiрсөздi,  кесек  тұлғалы,  айбатты,  қатал  мiнездi  болған.  Ел  билеп,  iс  басқарғанда 
әкесiнен де артып кетедi. Патша өкiметiнiң 1822 жылы «Сiбiр қазақтарына арналып 
шыққан  жарғысы»  бойынша  ел  округқа  бөлiнген  еді.  Құнанбай  1851  жылы  аға 
сұлтандыққа  сайланып,  екi  жыл  округты  басқарады.  Осыдан  Құнанбай  аты  ел 
аузында аңызға айналып, «қарадан хан болған» деген сөз қалған. 

Кеңес өкiметi тұсында Абайдың әкесi Құнанбай туралы терiс пікір қалыптасты. Ол 
әдетте  шынжыр  балақ,  шұбар  төс,  шонжар,  елдi  қанап,  қиянат  көрсеткен  адам 
ретiнде оқытылды. 
Шындығына келетiн болсақ, Құнанбай белгiлi ру басы, ел құрметiне бөленген, көпке 
танылған  адал,  шешен  адам  болған.  Поляк  революционерi  Янушкевич  өзiнiң 
жазбаларында  оның  iскерлiгiне,  адамгершiлiгiне  сүйсiнiп,  шешендiгi,  тапқырлығы 
жағынан  Батыстың  белгiлi  ойшылдарымен  қатар  қояды,  тиiстi  бiлiм  алса,  олардан 
артып түсер едi деп тамсанады. 
Құнанбай қажы ел көкейiнде ұзақ уақыт тозаң баспай сақталатын асылдардың бiрi. 
Асылды  кезiнде  тап  басып,  тану  үшiн  сергектiк,  көз-сананың  ашықтығы  керек. 
Әкесiне кезiнде алғаш рет өзiне лайықты баға бергендердiң бiрi – баласы Абай. Оны 
Абайдың «Әбдiрахман өлгенде» деген өлеңiн оқи отырып айқын көруге болады: 
Арғы атасы қажы едi, 
Бейiштен татқан шәрбәттi. 
Жарықтықтың өнерi 
Айтуға тiлдi тербеттi. 
Адалдық, ақыл жасынан 
Қозғапты, тыныштық бермептi, 
Мал түгiл жанға мырза едi, 
Әр қиынға сермептi. 
Мұңды, шерлi, жоқ-жiтiк 
Аңсап алдын кернептi. 
Бәрiнiң көңiлiн тындырып, 
Бiреуiн ала көрмептi. 
Әдiл, мырза, ер болып
Әлемге жайған өрнектi... 
...Ол сыпатты қазақтан 
Дүниеге ешкiм келмептi. 
Өлмейтiн атақ қалдырып, 

Дүниеге көңiлiн бөлмептi. 
Жарлығына Алланың, 
Ерте ойлаған көнбектi. 
(«Әбдрахман өлгенде», 1895 ж.) 
Көріп отырмыз, Құнанбай адал, ақылды, мырза, көпшiлiктiң қамын ойлайтын, әдiл, 
ер  болған.  Сонымен  бiрге  бұл  өлеңдi  оқып  отырғанда  көз  алдымызға,  дүние-
байлыққа  көңiлiн  көп  бөлмей,  жоғары  мақсатты  ойлаған,  яғни  қажылық  жасап, 
қалған  өмiрiн  имандылық  жолына  түгел  арнаған  әулиелiк  қасиетi  бар  адам 
елестейдi. Бұл сопылық жолды ұстанған, кемелденген адамның сипаты. 
«Дiн жолын бекем ұстауды үлгi етемiн деп, Құнанбай аға сұлтан боп тұрған күнiнде 
Қарқаралы қаласында мешiт салдырған. Кейiн, 70 жастар шамасында, әмiр билiктен 
тоқталып,  Мекеге  барады.  Сонда  қазақ  адамдары  түсiп  жүрсiн  деп,  өсиет  етiп,  өз 
пұлына  «Тәкия»  деген  жатын  үй  салдырып  кетедi.  Бертiн  келе  әр  рудан  Мекеге 
барушы қазақ көбейген уақытта көбi Құнанбайдың «Тәкиясына» түсiп, сол жақтан 
Құнанбай атына қанық болып қайтады. Осының өзi кейiн Құнанбай өлгеннен соң, 
оның атағын даңқты етуге себеп болған», – деп атап көрсетедi М.Әуезов. 
Ал ендi Құнанбайдың шешесi Зереге келетiн болсақ, ол кiсiнiң де қарапайым адам 
емес,  тектiлердiң  тұқымынан  екенi  соңғы  кезде  анықталып  отыр.  Сүйегi  Матай, 
Семей өңiрiндегi қазiргi Жарма ауданында туған. Зеренiң қыз кезiндегi аты Тоқбала 
екен,  өз  әкесi  Теңiзбай,  ұлы  атасы  Бектемiр  екеуi  де  айран  iшерлiгi  мол  дөңгелек 
дәулеттi адамдар болыпты. Ал Зеренiң (Тоқбаланың) жеке басының ардақтылығын 
ел аузындағы мынандай өлең шумағынан аңғарамыз: 
Айтқанда ардақты апай - Тоқбаланы, 
Азулы Құнанбай да тоқталады. 
Абайдың  өз  шешесi  Ұлжан  Қаракесек  iшiндегi  Бертiс  руынан.  Абылай  ханның 
алдында  өмiр  сүрген  Бертiс  Шаншарұлы  қарадан  туса  да  қатарынан  асқан,  өз 
заманында  Қарқаралы  атырабын билеп,  ханы да, биi де өзi  болған  адам.  Бақ құсы 
басына  қонып,  дәуiрлеп  тұрған  шағында  шылқыған  байлық  арқасында,  өсііп-өніп, 
«17  ұлды  Бертiс»  атаныпты.  Ұлжанның  әкесi  Тұрпан  деген  кiсi  қалжыңқой, 
мысқылшыл, тапқыр, күлдiргi болған екен. Ұлжан сабырлы, кең мiнездi адам бола 
тұрса  да,  тұқымының  қалжыңқойлығы,  сөз  тапқырлығы  бойынан  әркез  табылған. 
Қорыта айтқанда, тапқыштық және бiреудiң мiнiн ащы тiлмен қатты түйрейтiн мiнез 
Абайға нағашы жұртынан жұғысты болса керек. 
1874  жылы  Абайдың  Әкiмбай  деген  баласы  қайтыс  болады.  Бұл  бала  оның  қазақ 
арасында танымал ел билеушiлердiң бiрi Алшынбайдың қызы Дiлдә деген әйелiнен 
туған едi. Тұқымдарының тектi екенiн Абайдың өзi сол кезде былай деп бiлдiредi: 

Ата тегi мұндағы- 
Орта жүздiң ұлығы. 
Ана тегi ондағы- 
Өзен судың тұнығы. 
Екi асылдан қосылған 
Сом алтынның сынығы. 

Сонымен Абайдың әкесi Құнанбай, аталары Өскенбай, Ырғызбай – өз ортасының ең 
беделдi,  бетке  ұстар  адамдары.  Абай  –  осындай  отбасында  жарық  дүниеге  келген 
тектiлердiң  тұқымы,  олардың  тәлiм-тәрбиесiн  көрiп,  өнегелi  сөздерiн  естiп,  соны 
көкiрегiне  тоқып  өскен  жан.  Оның  ұлылығының,  тектiлiгiнiң  негiзi,  түп  қазығы 
осында жатса керек. 
1.2. Абайдың өскен ортасы 
Адамның өсiп-жетiлуiне әсер ететiн сыртқы себептердiң бiрi – оның алған тәрбиесi. 
Баланың  тәрбиесiне  оның  өскен  ортасы,  қоршаған  қоғам  ықпал  жасайды  дедік. 
Абайдың  өскен  ортасы  болып  табылатын  қоршаған  табиғат,  отбасы,  туған-
туысқандары,  жақын-жуық,  құрбы-құрдастары,  оқыған,  бiлiм-тәрбие  алған  ордасы 
тағы сол сияқты оның iшкi дүниесiнен бөлек жағдайлар келешек өмiрiне үлкен әсер 
еттi. 
Абай өскен ортасының барлық жақсы қасиеттерiн бойына сiңiрiп өскен. Бұл жақсы 
қасиеттер  оның  ерте  есеюiне,  айнала  өмiрде  болып  жатқан  қуаныш  пен  қайғыны, 
жақсы  мен  жаманды  жiтi  қадағалап,  ой  елегiнен  өткiзуiне,  белгiлi  бiр  қорытынды 
жасауына көмектестi. Кемелдену жолында Абай да өмiрдiң сан қилы белестерiнен 
өткен. Бұл турасында ақын өз ойын «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма? » деген 
өлеңiнде былай дейді: 
Жасымда албырт өстiм, ойдан жырақ, 
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ. 
(«Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма? », 1898 ж.) 
Бұл  жолдардан  Абай  албырт  жастық  шағында  реттi  жерiнде  айла-амалдарға  да 
барып, ашуға да жол бергенiн, ой жетегiне түсе қоймағанын сеземiз. Бiрақ ол өзiнiң 
табиғи  артықшылығы  мен  ынта-жiгерiнiң  арқасында  өмiр  белестерiндегі 
шырғалаңдарға ұзақ бөгелмей, кемелденудiң асқар биiгiне көтерiле алған адам. 

Адамға ата-тегiнен даритын ерекшелiктi, жақсы қасиеттердi дер кезiнде тани бiлiп, 
әрi қарай жетiлдiрiп отырмаса, олар бiртiндеп әлсiреп, тiптi кейiн мүлде жойылып 
кетуi  де  мүмкiн.  Себебi  балаға  ата-тектен  даритын  қасиеттер  мәңгiлiк  емес, 
уақытша,  өзгергіш.  Адам  өзінің  iзденiсi,  талабының  арқасында  ғана  сол  игi 
қасиеттердi сақтап, дамытып отыра алады. Өскен ортаның ықпалы туралы да осыны 
айтуға  болады.  Қандай  бiр  жетiлген  ортада  өссе  де,  оның  құндылықтарын  жан 
дүниесiнен шығатын ынта-жiгерi арқылы бекітіп отырмаса, оның пайдасы шамалы 
болмақ.  Сондықтан,  адам  баласы өзінің  келешек  өмірі  ойдағыдай  болсын  десе,  ол 
өзіне  тағдырдың  берген  шапағатынан  айырылып  қалмай,  оны  дер  кезінде  дұрыс 
пайдалана білу керек. 
Абай өскен ортасының осындай мүмкiндiктерiн өзiнiң рухани кемелдену жолында 
жете  пайдалана  бiлдi.  М.Әуезовтiң  айтуынша,  Абайдың  өсіп-жетілуіне  ықпал 
жасаған арна үшеу. Ол өзiнiң «Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ақыны» атты 
еңбегiнде  бұл  туралы  былай  деп  жазады:  «Ұлттық  және  бүкiл  адамзаттық 
мәдениеттiң үш түрлi мол арнасы данышпан ақынның шығармашылық iсiне рухани 
азық  болды.  Абайдың  бүкiл  ой-қиялына,  әлеуметтiк,  ақындық  iсiне  дем  берiп, 
шапағатты нәр алған арнаның бiрi – халықтың өзi жасаған, ауыздан-ауызға тараған, 
баспа жүзiнде  сақталып келген  қазақтың бағзы  замандағы халық  мәдениетiнiң  бай 
мұрасы...,  ақындығына  рухани  дем  берiп,  азық  болған  екiншi  арна  –  Шығыс 
мәдениетiнiң  тамаша  мұрасы,  араб-иран  және  түрiк  халықтарының  классикалық 
поэзиясы, ... үшiншi арна – орыс мәдениетi, Еуропа мәдениетi». 
Абай  жасынан-ақ  салмақты,  пысық,  әр  нәрсеге  қызыққыш,  елiктегiш,  жақсыға 
үйiрсек, естiгенiн жадында сақтайтын зерек бала болып өседi. Қазақтың дәстүрiнде 
қонақты  жатырқау  жоқ.  Барын  аузына  тосып,  құрметтейдi.  Оның  үстiне 
Құнанбайдiкi  тәрiздi  дәулеттi  отбасынан  қонақ  арылмайды.  Олардың  арасында 
әңгiмеге,  ән  мен  жырға  шебер  шешендер  мен  ақын-жыршылар  да  аз  болмайтын. 
Бала  Абай  осындай  өнерлi  адамдардың  әңгiмесiн  бар  ықыласымен  берiле  тыңдап, 
құлағына құйып алатын болған. 
Құнанбайдың әйелдерi Ұлжан мен Айғыз бiр ауыл болып отырған. Абай оларға тел 
бала болып өстi. Бұл екi шешеден кейiн Оспан және Ысмағұл деген екi бала туады. 
Олардың жасы Абайдан көп кiшi. Айғыздың үлкен баласы Халиолла оқуда болды. 
Сонымен, Абай екi шешенiң ортасында бетiнен ешкiм қақпай, еркiн өседi. Зере 
әжесi бұлармен бiрге болды. Әжесi аңыз-ертегiлердi, халықтың ескi ән-жыр, 
дастандарын көп бiлетiн кiсi едi. Сүйiктi немересi Абайға сол ән-жыр, ертегiлердi 
ұзақты кеш айтып берiп отыратын. Анасы Ұлжан Абай үшiн елдiң атақты әншi-
жыршыларын әдейi шақыртып, бiрнеше күн күтiп, қонақ етiп, ән-жырларын 
тыңдатып, кейiн оларды үлкен сый-құрметпен шығарып салады екен. Абай 
осылайша жастайынан туған халқының рухани байлығынан мол сусындап өскен. 
Өмiрiнiң көпшiлiгiн далада өткiзетiн көшпелi елдiң баласы болғандықтан, Абайға 
қоршаған табиғаттың әсерi де мол болды. Туған жерiнiң әсем табиғаты сезiмтал 
жастың ақын боп қалыптасуына да елеулi ықпалын тигiзген едi. Абай табиғат, 

қоғам, адам өмiрiнiң бiр-бiрiмен тығыз байланысын жасынан сезiп өстi. Бұл оның 
табиғатқа деген сүйiспеншiлiгiн тәрбиелеп, кейiннен шығармаларында халқының 
сипатын, табиғатын жырға қосса да олардың ерекшелiктерiн дөп басып, нағыз 
шындық бейнесiн беруiне мүмкiндiк жасады. 
Абай он жасқа келгенде әкесi оны Семейдегi Ахмет Риза медресесiне оқуға бередi. 
Медресе сол кездегi алдыңғы қатарлы оқу орындарының бiрi едi. Ол медреседе үш 
жыл оқиды. Абайдың рухани өсу жолында бұл кезеңнiң аса маңызды болғанына дау 
жоқ. 
Медреседе шәкiрттерге терең рухани бiлiм беруге баса назар аударылды. Ислам 
дiнiнiң қағидалары Құран арқылы ғана емес, сонымен бiрге сопылық iлiмiмен де 
үйлестiрiлiп берiлiп отырды. Ал сопылық iлiмдер – мұсылман iлiмiнiң шыңы 
болатын. Абай медреседе сопылар өкiлдерi Бақырғани, Аллаяр, Ахмет Яссауидың 
рухани мұрасынан сусындайды, Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Фзули сияқты 
Шығыс ғұламаларының, жыр алыптарының шығармаларымен танысады. Абайдың 
рухани кемелденуiне Шығыс мәдениетiнiң әсерi мiне осы кезден басталады. 
Абай арабша кiтапты молда оқып, түрiкше аударып бергеннен соң естігенін кiтапқа 
қарамай жатқа айтатын зерек болған. Сондықтан сабақты жадында сақтап, бос 
уақыттарын кiтап оқумен өткiзген. Араб, парсы, шағатай (ескi өзбек) тiлiнде 
жазылған кiтаптарды да еркiн оқып, көптеген ақындардың өлең, газелдерiн жатқа 
бiлген. Ұлғайған кезiне дейiн оларды ұмытпай, жадында сақтап жүрiптi. Абай 
кiтаптарды жаздыгүнi ауылға демалысқа қайтқанда да ала келiп, оқып жүредi екен. 
Сөйтіп медреседе оқыған жылдары Шығыстың рухани байлығын бойына мол 
сiңiрген. Өзiнiң алғашқы өлеңдерiн де Шығыс ғұламаларына елiктеп жазады. Ол 
өзiне сүйiктi ұстаз болған Шығыс ақындарының аруағына былайша сыйынады: 
Фзули, Шәмси, Сәйхали, 
Науаи, Сағди, Фирдауси, 
Қожа Хафиз - бу һәммәси 
Мәдәт бер я шағири фәрияд. 
(«Фзули, Шәмси, Сәйхали», 1855-1881 ж.) 
Байқасақ, Абай пiр тұтқан осы ақындардың барлығы да дерлiк сопы iлiмiнен нәр 
алған ғұламалар. Абай Шығыс ғұламаларының рухани биiгiн түсiне бiлiп, олардың 
беретiн бiлiмдерiн бойына сiңiруге ұмтылған. Сондықтан оларды пiр тұтып, жетiлу 
жолында осындай ой саңлақтарының мұрасынан өзiне тiрек iздеген. 
Абайдың Шығыс рухани мұраларын ел iшiнде игеруге де мүмкiндiгi болған. 
Академик Зәки Ахметовтың жазуына қарағанда, қазақ даласында: «...шығыс 
халықтарының әдеби нұсқаларына құштарлық, ынта-ықылас та көбеймесе азайған 

жоқ. Арабтың «Калила мен Димна» секiлдi кiтаптарынан бастап, «Мың бiр түн», 
«Тотынама» әңгiмелер жинағы, «Шахнама», «Сейфул-Мәлiк», «Тахир-Зухра», 
«Ләйлі-Мәжнүн» сияқты дастандар, Ескендiр, Лұхман Хакім, Әбуали Синат туралы 
аңыз-әңгiмелер ауызша да баяндалып, өлең-жыр түрiнде де насихатталып жатты» 
(«Жол жолға жалғасады», «Абай» журналы. №12.1994) 
Абай Семейде жүрген кезiнде қосымша «Приходская школаға» түсiп, үш ай орысша 
оқиды. Сөйтіп ол орысша үйрене бастайды. Өкiнiшке қарай, оның оқуы осымен 
аяқталады. Себебi 13 жасқа толған Абайды әкесi Құнанбай өзiне көмекшi етiп, ел 
басқару iсiне араластыру үшiн ауылға қайтарып алады. 
Дәулеттi ортада өскен Абай бозбала кезiнде махаббат әлемiне де толық берiлiп, 
сауық-сайран, аңшылық, саятшылық базарын да бiр адамдай көрген жан. Бiрақ бай 
ортадан шыққан көпшiлiк жастарға ұқсап қызықтың соңына түсiп тозып кетпей, өзiн 
бiр арнада тежеп ұстап отырған. Бұған Абайдың жасынан алған рухани бiлiмi 
мүмкiндiк бергенi хақ. Ол нәпсiқұмарлық, қызыққұмарлықтың адамды аздыратын 
жол екенiн ерте түсiнедi. Бұған оның «Сап, сап, көңiлiм, сап, көңiлiм! » өлеңiн оқып 
шығып, айқын көз жеткiзуге болады. 
Сап, сап, көңiлiм, сап, көңiлiм! 
Сарқа берме санасын. 
Бәрiн өзiң бiлсең де, 
Әлi-ақ өзiң танасың. 
Өртенесiң, жанасың. 
Өз-өзiңнен бейнетке 
Өз басыңды саласың. 
(Сап, сап, көңілім, сап, көңілім! », 1855-1861 жж.) 
Абай бұл тұжырымды өз басынан өткен жайларды ой сарасынан өткiзу арқылы 
жасап отыр. Ол өзi қатты қызыққан жүйрiк ат, қыран құс я жақсы тазыға не сұраса 
да берiп, қолына түсiредi екен. Бiрақ артынан олардан тез жалығып, кiм сұраса соған 
бере салатын көрiнедi. Бұл туралы ел аузында көп әңгiмелер сақталған. Көкбай 
ақсақал Абайдың бұл мiнезiн былай деп жеткiзедi: «Осы ретте аңшылық қылу, 
бәйгеге ат апарып қосу, палуан апарып күрестiру, қаршыға, лашын салғызу, жүйрiк 
ат пен мықты жiгiт сақтап, өнердi қызықтау сияқтының барлығын да өзi де көрдi, 
бала, iнiлерiне де толық көрсеттi.» (5, 209-бет). Осылай Көкбай Абайдың тағы бiр 
қасиетiн көрсетедi. Ол – ақынның байлыққа, қызыққа өзi басын байламағандығы. 
Яғни Абай олардың құлы болмай, олардан да гөрi жоғары мақсатқа ұмтылып 
отырған. Бұл туралы ел аузында Абайдың жақын адамдарының айтқандары көп. 

Ел басқару iсiне араласу Абай үшiн үлкен өмiр мектебi болды. Елдiң күнделiктi 
тұрмыс-тiршiлiгi, өмiрдiң жақсы да, көлеңкелi жақтары оның көз алдынан өтiп 
жатты. Ол өмiрдегi қилы-қилы жағдайларды ой сарабынан өткiзiп, дұрыс 
қорытынды жасауға, өзiнiң әдiл шешiмiн айтуға тиiс болды. Ол кiтаптан оқыған
өмiрден түйген бiлiмiн нақты iсте сынап көруге мүмкiндiк алды. Жан-дүниесiнiң 
тазалығы, адалдығының сынға түсер шағы осы едi. Өзiнiң өскен ортасынан алған 
тағлым-тәрбиесi Абайдың бұл мiндеттi де абыроймен атқарып шығуына себеп 
болды. Жiгерлi де алғыр ойлы Абай өмiр ағымымен кетпей, өзiнiң әдiлдiгiмен, 
бiлiмдiгiмен қоршаған қоғамдық ортаға игi әсер етуге ұмтылды. Ол өзiнiң 
алғырлығымен адуынды көреген әкесiнiң беделiне де кiр келтiрмей, халық алдында 
өз беделiн де төмендетпей бiлгiрлiкпен адал қызмет еттi. 
Әкесiнiң тапсырмасымен әрқилы жұмыстарды атқара жүрiп ол адамдардың 
арасындағы түрлi байланыстардың сырларына қаныға түстi. Олардың iс-әрекетi 
өзiнiң ой-талғамына сәйкес келсе қабылдап, ал сәйкес келмесе оны түзетуге 
ұмтылды. Аз уақыттың iшiнде-ақ ол өзiнiң зеректiгi мен бiлiмiнiң арқасында ел 
iшiнде бұрын беделдi атанғандардың көбiнен шоқтығы биiк бола бастайды. Абай 
өмiрiндегi бұл кезең туралы М.Әуезов былай деп жазады: «Бiр айтқанды ұғып алу, 
ұққанын ұмытпау, ел сөзiнде соларды керекке жаратып, әңгiме арасына соларды 
кiрiстiрiп отыру - шешендерге көп жайылған салт едi. Абайға да сол парыз сияқты 
болған. Жас жiгiт бiлген өнерiн орнымен керегiне жаратып, келiстiрiп, көркейтiп 
сөйлейтiн болады. Ел iшiне шешен болып көрiне бастайды. Басында балалығының 
арқасында сөзге қорғана кiрiскен Абай, аз жылдың iшiнде үлкен табыс тапқандай 
болып, адымын ұлғайта бередi... Ол кiсiлерден өзiн кем санамауына тағы бiр себеп – 
Абайдың оқуы барлығы... Надан кiсiлердiң ортасына келiп өлшескенде бұның оқуы 
дардай болып саналған. Бұған халық ескiлiгi, тiл өнерiнiң мол байлығы қосылған 
соң, Абай өз заманының iшiнде өз қайратына сенген өршiлдiкпен құлаштайды». 
Сөйтiп ол: 
Өзi де басқа шауып төске өрлеген, 
Қазақта қара сөзге дес бермеген, – 
(«Жасымда ғылым бар деп ескермедім», 1885 ж.) 
жiгiттiң бiрiне, алғыр, азулы шешенге айналады. 
Озық ойлы, турашыл Абай ендi елдiң тыныс-тiршiлiгiне сын көзбен қарай бастайды. 
Тұрмысы жүдеу қалың елдiң көрген тауқыметi, қара ниеттi адамдардың оларға 
көрсетiп отырған зорлық-зомбылығы, адамдардың ниеттерінің бұзылу себептері 
Абайды терең ойға қалдырады. Ол ел iшiндегi келеңсiз iстердiң, теңсiздiктiң сырын 
түсiндiруге талпынады. Кедей-кепшiк, әлсiздерге қамқор болу қамын ойлайды. Би-
болыстардың озбырлығын мiнеп, оларды адамгершiлiкке шақырады. 
Елдiң өзiмшiл, қызғаншақ жуандары Абайды көре алмайды. Оның би-болыстардың 
озбырлығын әдiл сынап, оларға қарсы күрескенi ел жуандарының қытығына тиедi. 

Олар ендi Абайды мұқату жолын iздеп, оның үстiнен жала мен арызды молайтады. 


1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал