Абайдың рухани мұрасы. Досым Омаров Данышпан берген салауатты өмiр тағлымдары



жүктеу 5.01 Kb.

бет19/24
Дата08.09.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24
материалдық деңгейдегілерді ғұлама Руми, міне, осылай суреттейді. 
Бірақ  адам  бойында  жетiлуге  деген  құмарлық  үнемі  болады.  Бұл  құмарлықтың 
табиғатын Руми былай деп түсіндіреді: "Адам әуелi нан керек қылады, себебi ол нан 
арқылы өзiне күш тауып, жанына өмір сүру үшiн тиянақ табады. Ол нан табу үшiн 
түрлi  қулықтарға  барады.  Бiрақ  ол  өз  мақсатына  жеткен  соң  нанға  деген  ынтасын 
жоғалтып,  ендi  атақ-даңқ,  сый-құрмет,  өзiнiң  шыққан  тегiн  мадақтауға  ұмтылады. 
Бұның  себебi  Құдай  адамды  өзіне  ұқсас  етiп  жаратқан,  сондықтан  адамның 
қасиеттерi  Оның  қасиеттерiмен  ұқсас. Ал  жаратушы Құдай  Оны  мадақтауды және 
Оған ризалық бiлдiрудi қалайды". 
Әл-Ғазали  адамның  жетілуге  құмарлығы  оның  эволюция  заңдылығымен 
кемелденуіне мүмкіндік береді дейді. Адамның Құдайға ұмтылу себебi – оның түпкi 
негiзi  мәңгiлiктi,  яғни  рухани.  Сондықтан  адам  баласы  сол  мәңгiлiкке  жетпейiнше 
тыныштық  таба  алмай,  үнемi  iзденiс  пен  талпыныста  болып,  уақытша  фәнилiк 
өмірмен  арпалыста,  күресте  болады.  Бiздiң  рухани  табиғатымыз  толық  бүтiн, 
еркiндiкте  және  мәңгiлiктi  болғандықтан,  бiз  үнемi  осы  қасиеттерге  ұмтыламыз. 
Сонымен адам болмысының негiзi мәңгiлiктi жан және ол ләззат пен бiлiмге толы 
болғандықтан, сол қасиеттi жандандыру жолында үздiксiз iзденiсте болады. Сөйтiп 
ол  өзiнiң  физикалық  денесiне  қанағат  қажеттерiн  тапқан  соң,  әрi  қарай  сезiмдерiн 
қанағаттандыру үшiн ғылым-бiлiм iздеп, түрлi өмір көрiнiстерiн қызықтайды, ақыры 
өзiнiң табиғи болмысын таниды. 
Адамзат  шексiз-шетсiз  ұлан  байтақ  әлемнiң  бiр  кiшкентай  ғана  бөлiгiн  құраса  да, 
жан  иесi  Түп  Иеге  қайту  жолында  осылай  көптеген  белестерден  өтедi.  Бұл 
белестердi Абай исламның ұлы ғұламалары тәрiздi үш сатыға бөледi. Абай жетiлу 
жолында бiр сатыдан екiншi сатыға, бiр деңгейден екiншi деңгейге көтерiлу үшiн екi 
шарт  керек  екенiн  көрсетедi:  бiрiншiсi,  адамның  жетілуге  ынта-жігері  болса,  ал 

екiншiсi, жетілу деңгейіне көтерілу үшін жасалған мүмкiндiк. Абай ілімін жүйелей 
отырып адам санасының жетілу жолдарын үш сатыға шоғырландыруға болады. 
Жарым  адам.  Бiрiншiсi  –  ең  төменгi  саты.  Бұл  сатыдағылар  өмірдің  күнделікті 
қызығымен ғана жүргендер. Әуелі өздерінің қызығын ғана ойлайтындықтан, олар – 
нәпсiлерiнiң  толық  ықпалында.  Оларды  Абай  өзiнiң  отыз  сегiзiншi  қара  сөзiнде 
"жарым адам" деп атайды. Өмірдi тек қана өз тәндерi арқылы сезiнгендiктен оларда 
өзiмшiлдiк  қасиет  басым.  Олар  өздерінің  тағдырына  байланысты  көбінесе 
бейберекет ретсіз өмір сүретін бақытсыз отбасында дүниеге келіп, дұрыс тәрбие де 
ала  алмай,  сана-сезімі  төменгi  бiрiншi  сатысынан  ұзап  кете  алмайды.  Абай  өзiнiң 
"Малға  достың  мұңы  жоқ  малдан  басқа",  "Туғызған  ата-ана  жоқ",  "Құр  айғай 
бақырған" сияқты көптеген өлеңдерi мен 2...6-қара сөздерiнде осындай адамдардың 
қасиетiн  бiлдiредi.  Малдан  басқа  бiлерi,  тіпті  мал  табуға  қаракеті  де  жоқ,  адал 
еңбекпен  шұғылданбайтын,  ғылым-бiлiмге  құлқыны  жоқ,  қайырымсыз,  өтiрiк 
айтып, өсек-аяңды күйттейтiн мұндай жандарды ойшыл малдан айырмашылығы жоқ 
деп есептейдi: 
Өздерiң де ойлаңдар, 
Неше түрлi жан барсың. 
Ғылым да жоқ, ми да жоқ, 
Даладағы аңдарсың. 
("Өзгеге, көңілiм, тоярсың", 1890 ж.) 
Сөйтiп  Абай  мұндайларды  дамудың  төменгi  деңгейiне  қойып,  оларды  даладағы 
аңдарға  теңейдi.  Оларда  жетілу  өте  мардымсыз,  жоқ  деуге  де  болады.  Бірақ  өмір 
зардабы олардың кейбіреулерін дұрыс жолға түсіріп, барлық жаман қарекеттерінен 
бас  тартуға  мәжбүр  етеді.  Сөйтіп  олар  келесі  деңгейге  көтерілуге  мүкіндік  алады. 
Олардың өмір қорлығынан құтылуға үлкен ынта-жігері болуы керек және оған жету 
үшін имандылық өмірдің реттегіш тәртіптерін қабылдауы керек. 
Адам.  Екiншi  сатыдағыларды  Абай  "адам"  деп  атайды.  Бұл  сатыдағылардың 
мақсаты – өзін-өзі толық танып, адамдықтың шыңына жету. Өзін-өзі танудың шыңы 
– 
Абай  ілімі  бойынша  өзінің  рухани  болмысын  тану  деген  сөз  екені  жоғарыда 
айтылды.  Сонда  ғана  Абай  көрсеткен  гуманизмнің  "адам  адамға  дос"  деген 
қағидасын  іске  асыруға  болады.  Абай  бұл  сатыдағыларға  әділеттілік,  адамға 
адалдық,  мейірімділік,  қамқорлық,  достық  тәрізді  гуманизм  шарттарын  молынан 
береді. 
Сондықтан Кеңес дәуірінде Абайдың гуманистік идеялары саясатқа қарсы емес деп 
табылып,  өзі  ұлы  гуманист  ретінде  қабылданып,  оның  гуманистік  қағидалары 
кеңінен уағыздалғаны белгілі. Бірақ Абайдың адам болмысының негізі рухани деген 

парадигмасын  көпшілікке  таратпай,  жабулы  күйінде  ұстады.  Ал  гуманизмнің 
анығына адам тек қана өзін -өзі толық танығанда ғана көтеріле алатыны ескерілмеді. 
Діндар  адамдар  үшін  сананың  жетілуінің  бұл  сатысының  құндылығы  –  жұмақ. 
Бұндай  ұғым  көпшілікке  арналған  барлық  діни  ағымдардың  мақсаты.  Бұлардың 
көпшілігі фәни өмірдiң қызығымен алданып, материалдық әлемнiң ықпалынан шыға 
алмай  жүргендер.  Қазақша  бұларды  "пенде"  деп  те  атайды.  Бұл  сатыдағылар 
өздерiнiң саналарының жетілу барысында төрт деңгейден өтеді. Олар – имандылық 
қабылдау, дәулетке жету, сезім қанағатына жету, өзінің рухани болмысын тану. 
Толық  адам.  Жетiлудiң  үшiншi  сатысы  –  рухани  жетiлу.  Бұл  сатыдағылардың 
мақсаты  –  өздерінің  санасын  рухани  деңгейге  көтеріп,  Абай  көрсеткен  өмірдің 
негізгі мақсатына – Түп Иеге – қайту. Бұл сатыға өте сирек адамдар, Абайша "толық 
адамдар", ғана көтеріле алады. 
Бұлар – өзін-өзі танудың шыңына жетіп, өздерін Алла тағаланың құлы деп танып, 
өмірлерін соған толық сәйкестегендер. Екінші сатыдағылардың мақсаты – жұмаққа 
көтерілу болса, ал бұл үшінші сатыдағылардың мақсаты – рухани әлемге, яғни Түп 
Иеге қайту. Екінші саты мен үшінші сатының негізгі айырмашылығы, міне, осында. 
"Бұл  –  бек  шетін,  бек  нәзік  жол"  дегендей,  Абай  ілімінен  Алла  тағалаға  жан 
иелерінің  барлығы  бірдей  қайтпайтынын  білеміз.  Оған  қайту  үшін  өмірді  Алла 
тағалаға толық арнап, ұзақ рухани жолды өту керек. Егер Алла тағалаға барлық жан 
иелері қайтатын болса, онда дұрыс өмір сүрудің қажеттігі болмай қалады ғой. Бұл – 
болмыстың  әділет  заңдылығына  қайшы  келер  еді.  Егер  осыған  сеніп,  оны  түсініп 
қабылдайтын  болсақ,  сонда  Абайдың  ұлы  гуманист  қана  емес,  одан  да  жоғары  – 
рухани адам екенін білеміз. 
Гуманизм  идеясының  мақсаты  Құдай  емес,  оның  мақсаты  –  адам.  Сондықтан, 
гуманизм  –  рухани  емес,  материалдық  категория.  Данышпанның  ұлы  тұлғасын 
толық  көру  үшін  гуманистік  деңгейден  көтеріліп,  рухани  деңгейге  жету  керек. 
Абайдың өзі "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" деген гуманизмнің негізі "Сен де 
сүй  Ол  Алланы  жаннан  тәтті"  деген  өмірдің  түпкі  мақсатына  жеткізетін  жол  деп 
қана қарастырғанын ескеруіміз керек. Толық адам сатысындағыларды Абай "кәмiл 
мұсылман", "хакiм", "әулие" және "пайғамбар" деп төрт деңгейге бөледi. 
Егер  де  туған,  тәрбие  алған  ортасы рухани  жағынан  жетiлген  болса, онда  адам  ең 
жоғары,  рухани  кемелдену  сатысына  тез  көтерiледi.  Бұған  мысал  ретiнде  Ахмет 
Яссауи  өмірiн  келтiруге  болады.  Ол  жасынан  жетiм  қалып,  Арыстан  Баб  әулиенің 
қолында тәрбиеленедi. Бес жасынан тасбих тартып, қарапайым адамдар өтетiн ұзақ 
кемелдену  жолын  қысқа  мерзiмде  басып  өттi.  Сөйтiп  таза  рухани  жолмен 
тәрбиелендi. Ал Абайдың өзін алатын болсақ, ол иманды және дәулетті отбасында 
өмірге  келгендіктен,  имандылық  және  дәулетке  жету  деңгейлерін  бөгелмей  өтті. 
Сондықтан  ол  өмірін  сезім  қанағаты  деңгейінен  бастап,  "толық  адамның"  хакім 
деңгейіне дейін көтерілді. 

Абай  адамды  жетiлудiң  ең  жоғарғы  сатысына  –  рухани  кемелдену  сатысына 
көтерiлуге  шақырады.  Бұл  туралы  ол  өзiнiң  34-сөзiнде  былай  дейдi:  "Кiмде-кiм 
ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, бiлмек керек: еш адамның көңілiнде 
екi қуаныш бiрдей болмайды, екi ынтық-құмарлық бiрдей болмайды, екi қорқыныш, 
екi қайғы – олар да бiрдей болмайды. Мұндай екi нәрсенi бiрдей болады деп айтуға 
мүмкiн емес. Олай болғанда, қай адамның көңілiнде дүние қайғысы, дүние қуанышы 
ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес". Яғни Абай 
бұл  сөзiнде  рухани  байлықты  (ахирет  қайғысын,  қуанышын)  материалдық 
байлықтан (дүние қайғысынан, қуанышынан) жоғары қояды. Сөйтiп ойшыл өмірдi 
түпкi мақсатқа – рухани мақсат, деп ой тастайды. Құдай жолына малың түгiлi басты 
байлау керектiгiн кемеңгер "Алланың өзі де рас, сөзi де рас" өлеңiнде де айтады. 
Мұндай  адамдар  ахиретте  де,  бұл  дүниеде  де  қор  болмайтынын  көрсетеді.  Сөйтiп 
Абай бұл сатыдағы адамдардың бiр деңгейден екiншi деңгейге көтерiлу мүмкiндiгi 
мен қалауы түйiсiп, бiрiгетiнiн көрсетедi. Оның амалы – Құдайға таза құлшылыққа 
ұмтылушылық. Бұл сатыдағы адамдардың рухани жетiлуiне керектi екiншi шарт  – 
мейiрiмдi  Алла  тағаланың  шапағаты.  Ойшыл  "Ынталы  жүрек,  шын  көңіл,  өзгесi 
Хаққа  жол  емес"  деп  рухани  жолдағы  бiрiншi  шарт  –  адамның  Құдайға  деген 
ынтасы,  екiншi  шарт  –  оның  Құдайға  деген  шын  көңілi,  яғни  таза  көңілi,  өзгесi 
Хаққа жол емес деп анық айтады. Бұл – Құдайға толық берiлу деңгейi. 
Әрбiр  сатыдағы,  тiптi  олардың  iшiндегi  әрбiр  деңгейде  тұрған  адамдардың  жетiлу 
дәрежелерi:  санасы,  мiнез-құлық,  ой-өріс,  ақыл-естерiне  байланысты  iс-әрекеттерi, 
өмір мақсаттары да әртүрлi болып келедi. Адамның бiр деңгейден екiншi деңгейге 
көтерiлуi  оның  болмысының  сапалық  өзгерiсiн,  санасының  өзгеруін  көрсетедi.  Ол 
неғұрлым  жоғары  сатыға  көтерiлсе,  оның  санасы,  рухани  тазалығы  солғұрлым 
жоғары болмақ. 
Өмірде  адамның  жетiлу  деңгейiн  сырт  көзге  анықтау  оңай  емес.  Себебi  Руми 
ескерткендей,  адам  баласы  өзiн  жан  құмары  жеңгенде  ғана  адам  деңгейiнен  асып, 
перiште деңгейiне көтерiледi, ал нәпсi құмары жеңгенде ол хайуанат деңгейiнен де 
төмен құлдырап кетедi. Бұл жан мен тәннiң күресінің көрінісі. Бұл күрес күнделік 
өмірде  толассыз  жүріп  жататындықтан  бір  күннің  ішінде  адам  бір  сатыдан  екінші 
сатыға ауысып отыруы мүмкін. Мақсат – сол жоғары сатыларда ұзағырақ ұстанып, 
бекінуде.  Күнделікті  өмірде  түрлi  бояуларды  араластырғанда  олардың  нағыз  түсiн 
анықтау қандай қиын болса, адамдардың нағыз деңгейiн анықтау да сондай қиын. 
Осылай  Абай  мұрасын  жүйелеу  арқылы  адам  санасының  жетiлу  сатыларын  көре 
аламыз.  Материалдық  әлем  заңдылығы  жалпыға  ортақ  болғандықтан,  бұл  жүйені 
адамға ғана емес, бүкiл қоғамға да қолдануға болады. Бұл – Абай ұлылығының бiр 
көрiнiсi. 
2. Жарым адам 
Ең  төменгі  сатыдағылар  өзін-өзі  тек  қана  тән  деп  танып,  саналары  өздерінің 
нәпсілерінен  аса  алмай,  тәндерінің  құлына  айналған  адамдар.  Бұл  туралы  ұлы 

ғұлама  ойшылдардың  түсiндiрiп  кеткенiн  айттық.  Нәпсi  деген  ұғымға  адамның 
барлық  сезiмдерінің  ықпалы  жатады.  Нәпсiқұмарлық  деп  мөлшерден  артық  тамақ 
түрлерін  iшіп-жеу,  көзбен  көру,  құлақпен  есту,  мұрынмен  иiскеу,  жыныс 
қатынастары тәрiздi тән құмарлықтарын қажетсiнiп, солардың ықпалымен орынсыз 
iс-әрекеттерге  ұмтылуды  айтамыз.  Осының  салдарынан  адам  салауатты  өмір 
жолынан  шығып  кетеді.  Абай  өлеңдерiнiң  басым  көпшiлiгi  кемелденудiң  осы 
төменгi  деңгейiнде  тұрған  адамдардың  көкiрек  көзiн  ашып,  оларға  барынша 
көмектесуге арналған. 
Ұлы данышпан Руми бейберекет, қалай болса солай өмір сүретiн төменгi сатыдағы 
адамдардың  барлық  бiлгендерi  түйелер  мен  бұқалар  тұратын  қораға  ғана  пайдасы 
бар  дейдi.  Бұл  арадағы  "қора"  деген  сөз  фәни  әлемдi  бiлдiредi,  ал  түйелер  мен 
бұқалар  –  фәни  өмірдегi  адамдар.  Олар  жартылай  адам,  жартылай  мал.  Руми 
көрсеткендей,  олардың  адамдық  табиғаты  хайуандық  табиғатпен  үздiксiз  күресте 
болады. Мiне өмірдiң жоғары мақсаты тұрғысынан қарап, исламның ұлы ғұламасы 
төменгi сатыдан көтерiле алмай жүргендерге осындай баға бередi. 
Мұндай көзқарас Абайда да бар. Ол өзiнiң "Сегiз аяқ" өлеңiнде былай деп жазады: 
Басында ми жоқ, 
Өзінде ой жоқ 
Күлкiшiл кердең наданның. 
Оларға жаны ашып, қапа болған ақын әрi қарай былай жалғастырады: 
Қайнайды қаның, 
Ашиды жаның, 
Мiнездерiн көргенде. 
Абай өзiнiң жетiншi қара сөзiнде ондай адамдарға былай деп сипат бередi: 
"Көкiректе сәуле жоқ, көңілде сенiм жоқ. Құр көзбенен көрген бiздiң хайуан малдан 
немiз артық? Қайта, бала күнiмiзде жақсы екенбiз. Бiлсек те, бiлмесек те, бiлсек екен 
деген  адамның  баласы  екенбiз.  Ендi  осы  күнi  хайуаннан  да  жаманбыз.  Хайуан 
бiлмейдi,  бiлемiн  деп  таласпайды.  Бiз  түк  бiлмеймiз,  бiз  де  бiлемiз  деп 
надандығымызды  бiлiмдiлiкке  бермей  таласқанда,  өлер-тiрiлерiмiздi  бiлмей,  күре 
тамырымызды  адырайтып  кетемiз".  Осылай  Абай  "хайуаннан  да  жаманбыз"  деп 
Румидiң  адамның  "нәпсiқұмарлығы  жеңгенде  жануардан  төмен  құлдырап  кетедi" 
деген сөзiн растағандай болады. 
Енді  ұлы  ойшылдардың  осы  сөздерінің  мәніне  үңіліп  көрелік.  Мүмкін  олар 
қателескен  шығар?  Бұл  сұрақтың  жауабын  табу  үшін  адам  мен  хайуанаттардың 
табиғаттағы жан иелері тіршілігінің негізі, барлығына ортақ төрт іс-әрекетті – ұйқы, 

тамақ,  қорғаныс  және  жыныс  қатынасы  –  қалай  жасайтындарын  салыстырып 
көрелік. 
Ұйқы. Барлық жан иелерінің белгілі бір ұйықтайтын уақыты болады. Ұйықтайтын 
уақытты  күннің  батуы  мен  шығуы  реттейді.  Себебі,  бүкіл  күн  жүйесіндегі 
планеталардың барлығына қуат беріп, олардың өмірін басқаратын – Күн. Күн – өмір 
қуаты. Жер бетіндегі тірлік те күннен қуат алатын болғандықтан, барлығы күнмен 
бірге  тұрып,  күнмен  бірге  жатады.  Табиғаттың  бұл  заңдылығын  хайуанаттар 
мүлтіксіз  орындайды.  Құстар  таңсәріден  ән  салып  Күнді  қарсы  алады,  малдар  да 
күнмен бірге тұрып, жайлауға қарай бет алады, өсімдіктер гүлдерін ашып күнге бет 
бұрады,  сол  сияқты  басқа  да  жан-жануар,  ит-құс,  аңдар  күнмен  бірге  тұрып 
тіршілігін  бастайды.  Олар  осылай  өздерінің  табиғи  инстинкті  бойынша  әлем 
ырғағын  бұзбай,  онымен  үйлесімді  өмір  сүреді. Ал  адам  баласына  келетін  болсақ, 
жағдай  басқаша.  Адам  баласына  ерік  берілген.  Ол  күнмен  бірге  тұрамын  десе  – 
тұрады,  ал  тұрмаймыне  десе  –  тұрмайды.  Ал,  нәпсіні  жеңе  алмай  жүргендердің 
тұрғылары келмейді. Сондықтан, олар – күнмен бірге тұрмайды. Тіпті, күндізгі сағат 
10...11-
ге дейін ұйықтайтын адамдар бар. Сөйтіп олар Күннің беретін өмір қуатын 
толық ала алмайды. Ақырында, күні бойы қуаты жетпей, әлсіреп, кешке қарай мүлде 
шаршап қалады. Бұл күннен күнге жиналып, ақыры адамды ауруға шалдықтырады. 
Қазіргі кезде тіпті үнемі шаршау синдромы (синдром хронической усталости) деген 
ауру  да  пайда  болды.  Күннен  ала  алмаған  қуатты  адам  өзіне  табиғаттан  басқа 
жолдарымен  алуға  ұмтылады.  Сөйтіп,  табиғат  қуаттарын  сорып,  табиғатты 
әлсіретеді. Мысалы, соның бір көрінісі – адамның тамақты мөлшерінен артық ішіп-
жеуі,  арақ-шарап  тәрізді  қоздырғыш  заттарды  пайдалану.  Бұл  адамның 
денсаулығына кері әсер етіп, мөлшерден тыс тамақ өнімдерін өндіруді және оларды 
пайдалануды керек етіп, өнеркәсіп, ауылшаруашылық, медицина сияқты адам өмірін 
қамтамасыз ететін жүйелерді көбейтуге мәжбүр етеді. 
Тамақ.  Тамақ  ішу  барлық  жан  иелеріне  ортақ.  Хайуанаттар  әлемінде  бұл  табиғи 
инстинктпен  реттеліп,  олар  өздеріне  тиісті  тамақ  түрін  және  тиісті  мөлшерін  ғана 
жейді. Мысалы, шөп қоректілер те қана шөппен қоректенсе, ал жыртқыш аңдар тек 
етпен  қоректенеді.  Оларға  бірінің  тамағы  біріне  керегі  жоқ.  Табиғи  қалыпта  өмір 
сүретін  хайуанаттарда  өздеріне  тиеслі  тамақты  және  өз  мөлшерінде 
қолданғандықтан, артық тамақ жегеннен зардап шегетіндер болмайды. 
Ал  адамдар  ше?  Адамдар  тамақты  талғамай, оның барлық  түрін және  мөлшерінен 
артық қолданғандықтан, қазіргі кезде артық салмақтан түрлі ауруларға шалдығып, 
одан  емделудің  өзі  көп  мәселені  тудырып  отыр.  Осылай  адамдар  өздеріне  өздері 
ауру жасап алады. Соныме бірге, жер шарының басқа бөліктерінде адамдар аштыққа 
ұшырап жатыр. 
Қорғаныс.  Хайуанат  әлемінде  қорғаныс  тек  қана  өзінің  өмірін  сақтау  үшін  ғана 
болып, табиғат заңдылықтарын бұзбайды. Табиғат аясында жүрген аңдардың саны 
бірқалыпта  сақталып,  белгілі  бір  үйлесімділікте  болады.  Ал  адамзат  қоғамында 

қорғанысты  әркімнің  өздерінің  құлқындары  қамы  үшін  пайдаланғандықтан,  соғыс 
қаруының мөлшері бүкіл жер бетіндегі тіршілікке қауып төндіріп отыр. 
Жыныс  қатынасы.  Хайуанаттар  әлемінде  жыныс  қатынасы  тек  қана  олардың 
ұрпағын  сақтау  үшін  ғана  арналған.  Сондықтан,  жануарлар  арасында  белгілі  бір 
уақытта  ғана  жыныс  қатынасы  болады.  Оларды  инстинкт  реттейді.  Ал  адамдарға 
жыныс қатынасын реттеу үшін ақыл-ес пен ерік берілген. Бірақ ақыл-есін нәпсілері 
жеңіп  кететіндіктен,  өздеріне  берілген  мүмкіншілікті  олар  өздерінің  нәпсілерін 
қанағаттандыру  үшін  пайдаланады.  Сондықтан,  жыныс  қатынасы  өзінің  алғашқы 
мәнінен  айырылып,  бүгінгі  күндері  адамзаттың  көптеген  зардабының  себебіне 
айналып  отыр.  Бұл  түрлі  аурулардың  себебі  болумен  қатар,  кейбір  елдерде  тіпті 
отбасының  іргесін  шайқалтып,  "еркін  махаббат"  (свободная  любовь)  дегенді 
тудырды. 
Соның  салдарына  жетім  қалған,  тастанды  балалардың  саны  көбейді.  Бұл  бүкіл 
қоғамның  алғашқы  бөлігі  отбасына  қауіп  тудырғандықтан,  әр  елде  түрлі  шаралар 
қолданылуда.  Бірақ  мұның  себебін  және  онымен  қалай  күресудің  әдісін 
білмегендіктен,  мәселенің  шығу  себебін,  оның  қалдыратын  салдарын  түсіндірудің 
орнына,  кейбір  "академиктер"  валеология  сабағында  мектепте  оқитын  қыздарға 
балалы  болудан  қалай  сақтану  керектігін  үйрететін  кітаптар  жазды.  Олардың  бұл 
кітаптары  жасөспірімдерді  "Заңсыз  жыныс  қатынастарымен  шұғылдана  бер,  тек 
қана екі қабат болмасаң болды" дегендей ойға қалдырып, сана-сезімдеріне кері әсер 
етуінің  салдарынан,  Ресей  елінде,  тіпті,  дін  қызметкерлерінің  қарсылығына 
ұшырады. Міне, рухани сауатсыздықтың нәтижесі осындай. 
Енді  адамзаттың  ұлы  ойшылдарының  сөздерінің  дұрыстығын,  олардың 
қателеспегендерін  әркім  өзі  де  түсінетін  болар.  Төменгі  сатыдағылардың 
кейбіреулерінен хайуанаттардың артық екенін Шәкәрім де жазады. Әрине олар бұл 
туралы  жазған  кезде  біреуді  мұқату  үшін  емес,  бұған  әркімнің  көзін  ашу  үшін 
жазады.  Сондықтан,  олардың  сөздерін  дұрыс  қабылдап,  соған  көңіл  бөліп,  ойға 
салып, ғибрат алу керек. Әйтпесе, төменгi сатыдағылар тiршiлiктiң рахатын да көре 
алмай, ешқандай мәнiн де түсiне алмай, қасiретпен өтедi. Осылардың барлығының 
себебі санасы төмен адамның ақыл-есін оның нәпсісі жеңіп кетіп, өзінің еркін дұрыс 
пайдаланбай, бұрыс пайдаланудың кесірінен деп білу керек. 
Олар қанағатсыз, тойымсыз, мансапқор, өзiн де, өзгенi де сыйлай білмейтін тоғышар 
болып келеді. Мұның өзi адамды одан сайын ашқарақ, озбыр етедi. Сондықтан олар 
үнемi  өздерiне  тиесiлi  несiбеден  артық  алуға  ұмтылады.  Бұл  қасиет  оны  түрлi 
жарамсыз iстер iстеуге итермелейдi. Сөйтiп табиғаттың әділет заңдылығы бойынша 
өзiнiң  жүрек  айнасын  уақыт  өткен  сайын  кiрлетiп,  қанағатынан  айрады.  Ал 
қанағатсыз  адам  нысапсыз,  ешқашан  тоймайтын  болғандықтан,  ол  дәулетке 
ешуақытта  жете  алмайды.  Сондықтан  дүниеқоңыздық  iшкi  тыныштықты  алып, 
өзіңді әрдайым ыстық табаның үстiнде жүргендей сезіндіреді. 
Адамның  құлдырауы  жүрегінің  былғануынан  басталады.  Жүрегі  таза  емес  адам 
өзінің табиғи міндеттерін дұрыс орындамайды. Сөйтіп жалқаулыққа ұрынады. Бұл 

оны  енжар,  салғырттыққа  итермелейді.  Әрі  қарай  жарамсыз  қылықтар  пайда  бола 
бастайды.  Сөйтіп  ол  алдау-арбау,  өтіріктен  тірек  табуға  ұмтылады.  Бұл  оны 
имандылықтан ада қылады. Әрі қарай оның құлдырауы ұлғайып, ақыры оны ажалға 
әкеледі. Осылай бейберекет өмір надан, әрі қысқа, бейнеті көп болады. Ал жоғары 
санадағы  рухани  өмір  керісінше,  білімге  толы,  қуанышы  көп  және  ұзақ  болады. 
Адамның құлдырау жолына түсу себебін Абай былай деп көрсетедi: 
Танымассың, көрмессiң, 
Қаптаған соң көздi шел. 
("Сәулең болса кеудеңде", 1888 ж.) 
Бұл арада Абай "көз" деп адамның тұрпайы әлемдi көретiн көзiн ғана емес, рухани 
әлемдi сезiп-бiлетiн жүрек көзiн, көкiрек көзiн айтып отыр. "Шел қаптады" деген сөз 
адамның жүрек көзiн шел қаптауы. Шел қаптаған жан тәндi басқара алмағандықтан 
адамның  сезiмдерi  былғанады.  Көкiрек  көзiн  шел  басқан  адам  фәни  өмірдiң 
қызығымен  нәпсiнiң  құрсауында  болып,  өмірдiң  биiк  мақсатын  да  дұрыс  түсiне 
алмайды. 
Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ 
Ең болмаса кеттiң ғой мал баға алмай, – 
("Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын", 1895 ж.) 
деп  маңдайының  соры  бес  елi  бейшараларға  жаны  ашып,  оларды  дұрыс  жолға 
салуға ұмтылады. Оларды адасқан адаммен салыстыруға болады. Егер адасқан адам 
өзiнiң  адасқанын  бiлсе,  ол  одан  шығатын  жол  табуға  ұмтылар  едi.  Ал  жол  табуға 
ұмтылып, iзденiске түскен адам дегеніне жете алады. Сондықтан бұл туралы Абай 
"Адасқанның  алды  жөн,  арты  соқпақ"  дейдi.  Осыны  жақсы  түсiнген  ойшыл  елдiң 
"көзiн қойып, көңілiн ашпақ" болды. Ол халықты имандылыққа шақырып, өмірдiң 
түпкi мәнiн, оған жету жолын көрсетедi. 
Сәулең болса кеудеңде, 
Мына сөзге көңіл бөл, – 
деп  жаны  ұйқыдағы  адамдарды  оятуға  ұмтылады.  Бiрақ  көкiрек  көзi  жабық 
адамдардың  рухани  дүниенi  қабылдауы  өте  қиын.  Сондайларды  көрiп  қынжылған 
ақын былай дейдi: 
Егер сәулең болмаса, 
Мейлiң тiрiл, мейлiң өл. 
("Сәулең болса кеудеңде", 1888 ж.) 

Мәселе сонда, ретсiз бейберекет өмір сүретiн адамдар өздерiнiң өмірiн бiр қалыпқа 
салатын  ешқандай  реттегiш  тәртiптердi  ұстанбайды,  Сондықтан  өздерiне  тән 
мiндеттердi  де  дұрыс  орындамайды.  Сөйтiп  отбасында  әке,  шеше,  бала  табиғи 
міндеттерін,  ал  қоғамда  әр  адам  өз  қызметiне  байланысты  мiндеттердi  толық 
атқармайды.  Ал  бұл  жеке  адамның  да,  бүкiл  қоғамның  да  дамуына  орасан  зор 
зиянын  тигiзеді.  Рухани  деңгейi  төмен  болғандықтан,  олар  жақсы  мен  жаманды 
айыра білмейді. Сондықтан олар нені істеп, ненi қою керек екенiн де бiлмейді. 
Тапқан  табыстарын  дұрыс  ұстаудың  ретін  білмегендіктен,  олар  үнемі  жоқшылық 
қысымында болады. Олар барлық өмірін жоқшылықтан арылуға арнаса да, қанағат 
болмағандықтан, дәулет сезіміне ешуақытта бөлене алмайды. Санасы төмен бұндай 
адамдардың  қадір-қасиеттерін  Абайдың  "Мәз  болады  болысың",  "Бойы  бұлғаң", 


1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал