«-Ассалаумағалейкум! Уағалейкумассалам! Қайда барасың? Қамшы сапқа барамын. Маған да біреу Жәрайды »



жүктеу 44.82 Kb.

Дата09.09.2017
өлшемі44.82 Kb.

 

 

 



                                                                           

 

                                      Қамшыұстар (әңгіме) 



 

 

«-Ассалаумағалейкум! 



-Уағалейкумассалам! 

-Қайда барасың? 

-Қамшы сапқа барамын. 

-Маған да біреу... 

-Жәрайды.....» 

Күншуақта отырған Қоңырат қария бүгіндікке осы сӛзді әлденеше рет қайталады. Бармақ 

елідей жіңішке тобылғыны қымтып ұстаған күйі, ұзындығын сан мәрте ӛлшеді. Барлығы 

алты тұтам, артық-кемі жоқ. Әрбір сӛзді айтқан сайын, қолды қамшысаптың бойымен бір 

тұтамға жылжытып отыру керек. Жанқалтасынан бәкісін шығарып, ақырын кертіп, ен 

салды. Қарсы алдында жатқан шарыққа бәкісін жанып-жанып жіберіп, тобылғыны кесуге 

оқталды да, әлдене есіне түскендей кідіріп қалды. Қолымен кӛзін кӛлегейлеп, кӛшеге 

қарады. Немересі Самғар сабақтан келу керек еді. Қамшыны ұстайтын сол, ендеше соның 

қолымен ӛлшеу керек емес пе?! 

Ӛ-ӛйй алжыған басым ай деп күбірледі, қамшысапты ұзын кесіп қоя жаздаппын ғой... 

-Айғанша! Әй Айғанша!деп артынша айғай салды.  

Қазан-ошақ жақта бүкшеңдеп бірдеңе істеп жатқан кемпірі «мына жазғанға не боп қалды» 

дегендей басын қылтитты. Бірақ үн қатқан жоқ, тек иек қағып не керек дегендей ишара 

жасады. Шалының қасына барып сӛйлемесе, алыстан естімейтінін біледі.  

-Сағат қанша болды? 

Кемпірі үндеместен қазан-ошақ тұратын бастырмаға кіріп кетті. Қоңырат анау естімей 

қалды деп ойлаған болу керек, қайта дауыстады. 

-Әй! Әй Айғанша! Тас керең болғансың ба, сағат қанша болды деймін саған. 

-Не жиналысқа барайын деп пе едің?   

Бұ жолы кемпірі бой кӛрсеткен жоқ, тек кекесінді дауысы ошақтың мұржасынан кӛкке 

атылған қою түтінмен ілесе шықты. Бірақ ол дауыс, мұржадан шыққан күйі тоз-тозы 

шығып ауаға таралып жатқан кӛк түтін секілді, Қоңыратқа жетпесі белгілі. Сондықтан 

қария дегбірсізденіп, -Әй, деп үшінші мәрте айқайлай бергені сол еді ӛзіне қарай жүгіріп 

келе жатқан Айғаншаны кӛріп, сӛзінің жартысын жұтып қойды.  Әншейінде таяғына 

сүйеніп әзер жүретін кемпірі алшалғышына сүріне-қабына екі бүктелген күйі еңкілдеп 

келеді, оң қолында кӛсеуі, сол қолына қалта сағатты күміс бауын салақтатқан күйі ұстап 

алыпты. Сырт қараған адамға Айғанша, Қоңыратты кӛсеумен салып қалуға ұмтылғандай 

кӛрінер еді. Бірақ Айғаншаның сыры  мәлім. Шалына қол кӛтермек түгіл, елдің кӛзінше 

қарсы сӛйлемейтін кӛнбіс. Бұл жолы да күншуақта отырған Қоңыратқа сағатты ұстата 

салып, ләм деместен қайта кері жүгірді. Жүгіріп бара жатып, күңкілдеді.   

- Сағатты не қылады екен тәйірі, «сағат, сағат» деп қақылдап қалыпты ғой бүгін, бір 

жұмысты істей қояйын десең ӛстіп маза бермейді ау осылар. Қазір балалар сабақтан 

келеді жалақтап. Ертең-ерте нәр сызбай кетіп еді, қарындары ашқан шығар байқұстардың. 

Кәртӛшкемнің асты да күйіп кетті ме екен мынаның сағатын тасып жүргенімде. Қалта 

сағатты елдің шалдары жанынан тастамайды, бұл болса жоғалтып алармын деп маған 

келіп тықпыштайды. 

    Айғаншаның күбір-сыбырының ешбірін Қоңырат естіген жоқ. -Мына кемпірге не 

кӛрінген, ары-бері безектеп деді де қойды ішінен. Күміс баулы сағатын ашып жіберіп, 

кӛзіне жақындатып бір, алыстатып және бір қарады. Он екі болып қалыпты, кӛшенің арғы 


басынан сӛмке кӛтерген оқушылардың сұлбасы байқалады. Айзере мен Самғарда келе 

жатқан болар. 

   Жалғыз баладан туған қос немере дегенде Қоңырат пен Айғаншаның шығарға жаны 

бӛлек. Бетінен қақпай әлпештеп, барын алдына тосады. Екеуі, екеуін иемденіп алған. 

Жарысып еркелетеді, әке-шешесінің тістерін бүлдіресіз дегеніне қоймай тәтті-мәттісін 

тығып береді. Ӛздері де еліктің лағындай сүйкімді. Баладан басқа байлығы қалмаған шал 

мен кемпірді  тәтті қылығымен баурап алған.  

  Қоңырат атадан жалғыз еді, құдай бұған да алты қыздың артынан бір ғана ұл сыйлады. 

Енді баласынан да жалғыз тұяқ қалатын секілді. Келіннің ерте белін буып қойғанына 

Қоңырат іштей наразы. Жалғыз ұлы бардың шығар шықпас жаны бар деген, мансап қуып 

селтеңдемей немерелерімді кӛбейтіңдер деп ұлына да айтты, кемпірі арқылы келінге де 

естіртті. Бірақ бірінен нәтиже болсайшы. Әріберіден соң, ол үшеуі қосылып, мұның 

мазасыздануын түсінбей, мазақ қылып күлетінді шығарды.  

-Нең бар, деген кемпірі кейіп. Қартайғанда сүйкіміңді кетірмей жайыңа отыр. Құдай 

берген балалар аман болсын! 

    Соңғы кезде Қоңырат та бұл тақырыпта әңгіме қозғауды қойды, дегенмен 

жалғыздықтың зардабын бір адамдай кӛрген басы, немересінің жалғыздығына қазірден 

алаңдайды. Ұлдың аты ұл, қыздың аты қыз. Ұл ырысың, қыз ӛрісің. Алты қыздың 

арқасында арысы Атыраудың Беріші, берісі Сыр бойындағы Тӛртқара , Нарынқолдың 

Албандарымен құдаласты. Бас құда болып алты рудың тӛрінде отырып, бас мүжіп, жағалы 

киітін киді. Құдайға тәуба! Олардан туған жиендерінің ӛзі бір қауым ел, тіпті аттарын да 

ұмытып жатады сол шуылдақтардың. Жылына бір келгенде «нағашы аталап», жаны 

қалмайды байқұстар. Қоңыратта жиендерін жақсы кӛреді. Бірақ Бекқожа әулетінің түтінін 

түтететін, ұрпағын жалғастыратын Самғардың орны бӛлек. 

   Биыл Айзере үшінші сыныпқа кӛшті, Самғар жаңадан мектеп табалдырығын аттап отыр. 

Ағайын-туғанды жиып, тілашар жасады ел қатарлы. Сол тойда нағашы жұрты жиеніне тай 

мінгізіп еді, қазір Самғар мен атасының айналдыратын ермегі сол жирен қасқа жабағы. 

Екеулеп жүріп жем-шӛбін береді. Астын тазалайды. Ӛзі желіде байланған малға ұқсайды, 

мінезі жуас. Самғар екі бұтының арасынан ӛтіп, шабын қытықтап жатса да мыңқ етпей 

тұра береді. Анажолы ересек балаларды шақырып, үйретіп алған. Енді Самғардың ӛзіне 

мінгізіп, бас білдірту ғана қалды.  

\\\\\\\\\\\\\\  

       

   Қоңырат қария совхоз тарағанша ӛкіметтің қойын баққан озат шопанның бірі еді. Қарап 



отырса, ӛмірінің жартысы қыстау мен жайлау арасында ӛтіпті. Малды ӛткізіп бергеннен 

кейін де, жекешеге сарай алып, үйреншікті кәсібін жалғастырмақ болған. Бірақ жалғыз 

ұлы кӛнбеді. Кӛң ойып, қой құрттаудан жалыққан шығарсыңдар деп, тӛрт түлігін түгел 

сатқызып, аудан орталығындағы үйіне түбегейлі кӛшіріп келген. Келін мен баланың екеуі 

де мұғалім. Жасынан оқу қуып кеткендікі ме, Қоңыраттың жалғызы малға қырсыздау 

болып ӛсті. Бүгінде қорасында екі сауын сиыр мен жиырма шақты саулық қана бар. Оның 

ӛзін, Қоңыраттың күштеуімен ұстап отыр.  

- Ет пен сүтті сатып алған деген не сұмдық, келімді-кетімді қонақ болады үйден бата 

жасап, қан шығармай қалай отырамыз деп Қоңырат бой бермеп еді. Енді сол азғантай 

малдың қатарына жирен жабағы келіп қосылғанда Қоңырат ырыс-несібесі тасып, қорасы 

тӛрт түлікке толғандай масаттанған.  

-Жарықтық қамбар ата баласы, малдың сұлтаны ғой, белдеуінде бір қылқұйрық байланып 

тұрмаған қазақ, қазақ па тәйірі деп шәй үстінде шіреніп әңгіме айтатынды шығарды. 

Совхоздың қойын ӛткізіп бергелі, сарайдың бір түкпірінен орын алған ертоқым мен 

жүгендерін шығарып, сүртіп тазалады. Тек кезінде ӛзі ұстаған қырғыз ӛрім дырау қамшы, 

сүйегі қатпаған тайға ауырлау секілді. Сондықтан сиыршы Тілеуқұлға айтып, таудан 

тобылғы алдыртқан. Сиыршы әкеп берген бірнеше қамшысаптың ішіндегі безі жоқ, жып-


жылтырын таңдап алып, бүгін таң атқалы соны айналдырып, әлек.  Самғарда сабақтан 

келе салып, Қоңыратты тӛңіректеп жүр.  

-Ата не жасап жатырсыз? деген әуелгіе балалық әуестікпен. 

-Қамшы жасап жатырмын. 

-Қамшы деген не? 

Қоңырат бұл сұрақты немересінен күтпеп еді. Жауап бермес бұрын бажайлап бетіне 

қарады. Шынымен де қамшыны білмейді екен-ау, балуан Бекқожаның ұрпағы, кӛкпаршы 

Қоңыраттың немересі деп кім айтады мына бір шикіӛкпені. Бұл қамшының не екенін 

білмейді, ал болашақта мұның балалары не болады? Қоңыраттың қаны басына шапшыды. 

Бірақ баланың не жазығы бар. Кӛрсетпеген, үйретпеген үлкендер  кінәлі. Қалада болса бір 

жӛн, аудан орталығында тұрса да қазақы мәдениеттен мақұрым келін-баласына ренжіді. 

Әй ӛзіме де обал жоқ, солардың ырқына кӛнген, бір сарайда малымды бағып тып-тыныш 

отырсам маған кім қой деді. Жазғы демалысқа келгенде тайға мінгізіп, тақымын қатайтып, 

ағарған ішкізіп,кӛтен-мойын жегізіп ішегін майлап жіберіп отырғанымда осындай болар 

ма еді. Қалайша ескермегенбіз, жалғыз немерені шалақазақ қыла жаздаппыз ғой...Қайда 

қарап жүрміз?! 

      Қоңырат осылайша ӛзін-ӛзі іштей мүжіп отыра берер ме еді, немересі қайта сұрақ 

қойып үнсіздікті бұзбағанда.  

-Қамшы деген қой айдайтын зат па? 

-Жоқ!  


Қоңырат ӛзінің дауысы қалай қатты шығып кеткенін байқамай қалды. Жас баланы 

шошытып алған жоқпын ба дегендей бірден түсін жылытып, сӛзін жұмсарта қойды. Қой 

айдайтын зат бишік деп аталады батыр, мынау қамшы. Қазақтың әрбір жігітінің ӛз 

қамшысы болу керек. Бұл оның басты қаруы. Баяғыда бір қамшының құлынды биеге 

сатып алатын серілер, қамшымен бір салып, құнан ӛгізді шӛгеретін мықты кісілер болған. 

Мынау сенің қамшың. Енді жирен қасқаңды мініп, осы қамшыны ұстап тай жарысына 

барасың. Тайыңды бәйгеге қосасың. Ӛскен кезде, саған дырау қамшы жасап беремін. Ол 

кезде жирен тайың үлкен ат болады. Оған мініп алып, кӛкпар тартасың…. 

«Сенің қамшың болады» дегенді естігенде, баланың жүзі бал-бұл жанып сала берген. 

Қамшысаптың сертіне айналған сӛзді атасының үйретуі бойынша қайталады. 

 «-Ассалаумағалейкум! 

-Уағалейкумассалам! 

-Қайда барасың? 

-Қамшы сапқа барамын. 

-Маған да біреу... 

-Жәрайды.....» 

Қызық кӛріп, бір емес бірнеше мәрте былдырлап айтты, ӛз қамшысының сабын, 

олсылайша ӛз қолымен ӛлшеді. Тура алты тұтам болған тұстан тобылғы кесілді. 

Нәтижесінде бала білегіндей шағын ғана қамшысап шықты.  Атасы ӛгіз терісінен иленген 

таспаны жіңішкелеп тіліп қойған екен, тӛрт ӛрім қылып ӛргенде Самғар шетін ұстап 

тұрды. Шал мен немересі екі жақтап жүріп, былғарыдан қамшының жүрекше пішіндес 

алақанын жасады, ӛрімді тобылғыға қайыспен шандып, шырмауығын байлады. Ең 

соңында қамшының бүлдіргісін таққан кезде намаздігер болған еді.  

-Ата қамшым дайын болды ма? Бағанадан бері осы сәтті күтіп отырған Самғар  

шыдамсызданып барады.  

-Сәл шыдай тұр батыр, деді Қоңырат костӛмінің қалтасын жалма-жан ақтарып жатып. 

Анығында ол, немересінен бетер тағатсызданып отыр еді.    

-Енді не істейсіз? Самғар сұраулы жүзбен атасына  қарады. Бірақ Қоңырат бұл сұраққа 

жауап берместен, қалтасынан екі асық алып шықты.   

-Мә, ұста деген немересіне қамшының сабын ұсынып, ӛзі әлгі қос асықты алақанына 

салып, ӛрімді бойлата жүгіртіп ысқылай бастады. Ара-арасында қолына шырт еткізіп 


түкіріп, сілекейімен ӛрімді сулап қояды. Бала  атасының бұл әрекетін түсінбей дал. Соны 

сезгендей Қоңырат: 

 –Қамшының ӛрімін осылайша ширатпаса, болбырлау шығады балам. Уақыт ӛте келе 

тарқатылып кетуі мүмкін. Ал мынандай илеуден ӛткен ӛрім берік болады, әрі ӛткір келеді 

деді. 

-Ал, Самғар мырза!! деген келер сәтте Қоңырат кӛтеріңкі дауыспен. Қамшың дайын!! 



Осы сӛзді естуі мұң екен Самғар атасы жасаған тобылғы қамшыны кӛз ілеспес 

шапшаңдықпен іліп алды. Қолына алып, ары-бері тӛңкерістірді. Шағын ғана бала қамшы

бәйге қамшы.  Сабына қарағанда ӛрімі бір тұтамдай ұзын. Самғар қамшысына сүйсіне 

қарап, кішкентай алақанымен әрбір жерін сипалап, ұстап кӛрді. Бүлдіргіні қолына іліп, 

атқа мінгендей «шу, шулеп» құлдыраңдап шаба жӛнелді. Шамасы үйдегілерге кӛрсетіп, 

мақтануға асығып барады. Ал Қоңырат үлкен бір шаруаны тындырған жандай 

разылықпен үсті-басын қағынып, орнынан кӛтерілді.  

«Ақ бүрлен, қызыл бүрлен, 

 бүрлен бүрлен. 

 Бүрленді аралайды жолын білген. 

Қамшысын екі бүктеп қолға ұстап,  

Қызығы бұл жалғанның бойдақ жүрген» деп келетін Кененнің әйгілі әнін ыңылдап айтып, 

үйіне қарай беттеді. Есік алдына жете бергенде Самғар жүгіріп келіп, мойнына асыла 

кетті. Атасына рахмет айтқан түрі. Немересінің ыстық құшағынан бәрін сезіп тұрған 

Қоңырат қарияның да қуаныштан кӛзі жасаурап, кӛңілі толқып еді. 

      -Қамшың қолыңнан түспесін құлыным!! деп кемсеңдеп баланың орайына тұмсығын 

тығып, иіскей берді.  

 

                                                                              05. 11. 2014 жыл Бейжің 



                                                                              Автор: Есболат Айдабосын 

                                                                                  



 

 

 



 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал